Үнемделген қаржы індетке қарсы күрес шараларына, ауруханаларды дәрілік заттар мен медициналық құрал-жабдықтармен қамтуға бағытталды. Нақтылап айтқанда, 1 647,5 млн теңге дәрілік заттар мен медициналық құрал-жабдықтар сатып алуға, медицина қызметкерлерін уақытша баспанамен қамтамасыз етуге және оларды көлікпен тасымалдауға, оттегі стансасын орнатуға жұмсалса, 236,3 млн теңге қаланы дезинфекциялау жұмыстарына, ал 2 050,0 млн теңге қаладағы жұқпалы аурулар госпиталының құрылысына бағытталған. Сонымен бірге үнемделген қаржының 219,1 млн теңгесі азаматтарға әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталмақ. Сондай-ақ 989,8 млн теңге білім саласындағы мектептер мен мектеп-интернаттарды материалдық-техникалық жаңғыртуға, 111,7 млн теңге алты көпқабатты тұрғын үйдің 12 лифт қондырғысын ауыстыруға және қалған қаржы шағынаудандағы инфрақұрылым мәселесі мен абаттандыруға жұмсалады деп жоспарлануда. «Қысқартылған қаржылар негізінен мәдени іс-шараларды өткізуден, қызметтік іссапар шығыстарынан, мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтудан оңтайландырылды. Атап айту керек, карантин шектеулерге қарамастан қалалық бюджеттің кірісі төмендеген жоқ. Мәселен, қалалық бюджеттің өзіндік кірісі 21,8 млн теңгеге ұлғайып, 133 млрд теңгеге жетті. Ал қаладағы экономикалық өсімді қайта қалпына келтіру бойынша кешенді жоспары жүзеге асырылуда» деп атап өтті қала басшысы. Бұдан бөлек, Шымкентте бюджет қаржысына қол салмай, кәсіпкерлерді тарта отырып, қаланы көркейту шаралары да жүзеге асып отыр. Дәл бүгінгі таңда қалада қызу құрылыс жүріп жатыр. Қала көшелеріне жаппай жөндеу жұмыстары жүрсе, көпқабатты үйлердің қасбеті ретке келтірілуде. Соның бірі – Қаратау ауданында биыл 39 көпқабатты үйдің қасбеті қалпына келуде. Бұл жұмыстарға сол үйлердің тұрғындарынан қаржы жұмсалмайды, бюджеттен де қаражат қаралмаған. Үйлердің қасбетін әрлеу бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырылып отыр. Қаратау ауданының әкімі А.Әліқұловтың айтуынша, «Асар» шағынауданда 2017 жылы пайдалануға берілген 30 көпқабатты үйде сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Нысанда 12 бригада жұмыс істесе, оның әрқайсысында 8 құрылысшыдан бар. Үйлерді қаптауға өте сапалы «сайдинг» материалы қолданылып жатыр. «Асар аумағы бойынша жалпы саны 30 көпқабатты үйде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 18 үйдің құрылысы толық бітіп, 12 үйдің құрылысы 1 ай ішінде аяқталады. Көпқабатты үйлердің құрылысына 500 млн теңгеден астам қаражат жұмсалуда. Құрылысқа кеткен шығынның барлығын «Ақ Орда» Корпорациясы» ЖШС көтеріп жатыр», – дейді аудан әкімі. Сонымен қатар ол «Нұрсәт» шағынауданындағы №18, 19, 20 көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы қасбетін ретке келтіру жұмыстары «Бесқұдық Тас» ЖШС және «Арт Құрылыс» ЖШС тарапынан жүргізілсе, «Ақжайық» шағынауданы «Тұлпар» тұрғын үй кешенінде орналасқан 6 тұрғын үйдің қасбетін «Эристайл-Қазақстан» ЖШС жүргізіп келеді.
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы