Ысырап болған өнім неге оны пайдалануға тырыспаймыз?
Ысырап болған өнім неге оны пайдалануға тырыспаймыз?
155
оқылды

Төрт түлік малды айтқанда, алдымен жейтін ет, ішетін сүт, киетін киім, теріден жасалған күрте не аяқкиім көз алдымызға келетіні рас. Бірақ біз соның қазіргі таңда тек етін ғана жеп, сүтін ішумен шектелеміз. Өйткені, бізде тері өндеу, жүн түту, сонымен бірге ішек-қарын тазалау деген ескінің сарқыншағы сияқты болып барады.

Қойдың терісі мен жүнін қазақ халқы тұрмыс-тіршілі­гін­де көп қолданған. Ата-баба­мыз қастерлеген төрт тү­лік ма­лының терісі мен жүнінен киім тігіліп, киіз басылып, сан түрлі ыдыстар мен жауынгерлік бұйымдардың бөлшектері дайын­­далған. Бү­гінде осы дәс­түрді көздің қа­ра­­шығындай сақ­тап келе жатқан бірен-са­ран қарттар бол­маса, жүн мен терінің қаді­ріне жетіп жатқан ешкім жоқ сияқты. Кезінде сон­шалық­ты құнды болған мате­риал бүгінде шыбын жеп, құрттап далада жатыр.

Жақында ғана құрбан айт­ты дүркіретіп өткіздік. Әр қала­да арнайы орындар белгіленіп, құр­бандық сол жерлерде ша­лын­­ды. Орынды. Дегенмен, әттеген-айы да болды. Әлеумет­тік желідегі фейсбук парақша­сына Дарын Нұрсапар деген қол­данушы «қойлокост» деген атпен құрбандық шалынып жат­­қан орынның фотосын сал­ды. Артынан пікірталас баста­лып кетті. «Бұл қай жер? Қара­ған­дыда тері рәсуа болмай оны да өткізіп жатушы еді». «Теріні жинап жүрген жігіттер болды. Бірақ бәріне үлгермеді. Жеті-сегіз қой сойып қайттық». «Айт қабыл болсын! Қойдың қайран терісі-ай. Осы кезде үйіліп қала сыр­тындағы полигонда жатқан шы­ғар. Жүн мен теріні іс қылу­ды мүлде қойдық қой». «Дәстүр­дің озғаны бар, тозғаны бар деу­­ші еді». Ия, суретке мал со­йыл­­ған жердегі қазылған ор түсірілген, оның іші құрбандық­қа шалынған малдың қанымен ғана емес, тері және ішек қа­рын­­ға да толып кеткен екен. Бұл да бір ысыраптың нақты белгісі болса керек.

Нұр-Сұлтан қаласында да құрбандық шалған адамдар көп болды. Елорданың мал базарындағы сауда қызу жүрді. Қызмет түрін ұсынғандардың қарасы да көп. Мұнда сойылған малдың терілері мен ішек-қа­рын­­дарын бірден жүк көлігіне қотарып, арнайы жерлерге шы­ғарып отырды. Дегенмен, сол қоқыстың ішінен ішекті алып тазалап жатқандар да болды. Оны не үшін алып жатқанын сұрағанда, пайдалы бір кәсіптің бар екенін мәлімдеген. «Бұл – өте тиімді кәсіп. Мысалы, құр­бан­дық шалған адамдар мына ішектерді лақтырып тастайды. Біз соның бәрін тазартамыз да, буып-түйіп, шетелге жібереміз. Ол жақта кетгут, яғни медицина­лық жіп жасайды. Онымен хи­рург­­тар адамның ішкі ағзаларын тіге­ді, артынан кетгут өзі тара­лып кетеді. Бұдан бөлек, ішек­тен шұжықтың сыртын орайтын материалдар жасалады», – дейді шек теріп жүрген жігіт. Біз жиір­ке­ніп, аршу тұрмақ, ұста­май ғана қоқысқа лақтыра салатын ішектерді шетелге өткізу қолға алынған. Осы ішекті пайдалану технология­сын үйреніп, өзіміз­де зауыт ашса да болар еді-ау. Дәл сол күндері қанша тонна осын­дай пайдаға асар құнды тері мен ішек- қарын қоқысқа кетті десеңізші.

Бізде қазір таза теріні пайда­ла­нып, аяқкиім, күрте, кәдесый, әмиян, белдік жасайтын цех, фирмалар көбейіп келеді. Яғни отандық өнімге сұраныс бар. Бірақ өңделген тері шетелден әкелінеді. Бізде тері өңдейтін меке­мелер жоқтың қасы. Өйт­ке­ні ол ауыр жұмыс деп есеп­­теледі. Сондықтан қиын­дықтан қашқандар, сол теріні шетке өткізе салғанды жақсы көреді. Сол тері шет елге тиын болып барып, бағасы бірнеше мәрте өсіп қайта өзімізге өңделіп оралады.

Сонымен бірге, жүнді пай­да­лану да ұмытыла бастады. Жүн сабау ойын-сауықпен өтке­нін, оюлы киіздің текемет, сырмақ деп екіге бөлінетінін де білмейміз. Кілем тоқуды да «қоқысқа» тастадық. Шетпұш­пақ өлі жүндер, жабағы жүн, жыл­­­қы қылы, түйе жүні пайда­ла­нылып, арқан, жіп есілу тәсілі де құрдымға кетіп барады. Есіп жасалатын арқан, желі, ноқта, құрық бау, бұйда, шылбыр, тізгінді де ұмыттық.

Иә, біз барды пайдалана ал­май отырмыз. Бір ғана мал өн­дірісі саласында қыруар қар­жы тауып, кәсіп көзін ашуға мүм­кін­дігіміз мол бола тұра, қиын­ды­ғынан қашып, оңайына жүгі­ре­міз. Айтатын болсақ, біз­­дің қазіргі сиқымыз осы. Бары­мыз­дан мүлдем айырыл­май тұрып, төрт түлік өнімін пайда­лану тура­лы жедел бағдарла­ма жасал­са құба-құп!


Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ