Олардың мүмкіндігі шексіз
Олардың мүмкіндігі шексіз
453
оқылды
 Басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балалардың құқығын қорғау, әлеуметтік жағдайын және денсаулығын жақсарту, бүлдіршіндерге қазіргі заманға сай сапалы әлеуметтік қызмет түрлерін ұсыну, енгізу болып саналатын орталықта 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі 60 балаға ақысыз көмек көрсетіледі. Жартылай стационарлы жағдайда әлеуметтік қорғау саласындағы әлеуметтік қызметтерді көрсету стандартының талаптарына сәйкес, мұндай арнаулы әлеу­меттік қызметтердің сегіз түрі бар және олар мүмкіндігі шектеулі балаларды болашақта жұмыс істей алатындай және ел экономикасының дамуына өз үлесін қоса алатындай жағдайға жеткізу, тірлікке бейімдеуге негіз­делген. Орталықта тәрбиешілер мен логопед, дефектолог, психолог,  мәдени ұйымдастырушы, му­зы­ка жетекшісі, әлеуметтік жұ­мыс мамандары, дәрігерлер, ең­бекпен емдеу нұсқаушысы, жүзу  және емдік денешынықтыру,  музыка терапиясы, арт-терапия, денешынықтыру, массажист сынды білікті мамандар қызмет атқарады. Заманауи диагностикалық және коррекциялық әдістерді меңгерудің теориялық  және практикалық  білімдерін жаңарту үшін орталық мамандары САТР орталығында біліктілікті арттыру курсынан өткен. Сонымен қатар «Тәуелсіз өмір: Қазақстан мен әлемдегі психикалық ауытқулары бар адамдар» және «Аутизм. Мүмкіндіктер әлемі» атты халық­аралық конференцияларға қаты­сып, тәжірибе жинақтайды. Арнаулы әлеуметтік қызмет­терді сапалы ұсыну үшін ЕДШ, Монтессори, дефектолог, логопед, ер балалар мен қыз балаларға арналған еңбек терапиясы, музыка терапия, психолог, сенсорлық кабинет, массаж кабинеті, ҚТҚ кабинеті (әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсету), сауықтыру-денешынықтыру спортзалы, мәдени-бұқаралық іс-шараларға арналған акт залы, бассейн, душ бөлмесі, сондай-ақ 6 топтық бөлме және 7 жатын бөлме жұмыс істейді. Шағын мобильді топтарға қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында орталықта  пан­дус, дәретханаларда арнайы тұт­қалар, қолжуғыш орнатылып,  автотұрақпен жабдықталған.  Қоларбада отыратын балаларды екінші қабатқа көтеретін арнайы көтергіш  бар. Мүгедектерге арнал­ған халықаралық таңбалар, дыбыстық дабылдатқыштар қойыл­ған. Еліміздің санитарлық нормалары мен ережелеріне сәйкес қосымша-тактильді жол, брайль шрифті орнатылыпты. Балалар орталықта күніне 4 рет тамақтанады. «Біз емделмейтін психикалық ауытқулары бар балаларды қоғам өміріне барынша бейімдеуге тырысамыз. Қиын жағдайға тап болған кезде отбасы оқшауланбауы тиіс. Өйткені бұл баланың дамуына да, отбасындағы атмосфераға да кері әсерін тигізеді. Сондықтан  баланың  өмірдегі және қоғамдағы қалыпты адамның өмірінен еш айырмашылығы жоқ екеніне көзін жеткізу және ақыл-есінің кемістігі бар адамдарды әлеуметтендіруге күш саламыз. Оңалту орталығы ашыл­ғалы бері аз уақыттың ішін­де оң нәтижелерге қол жеткіз­дік. Білікті мамандар бүлдір­шіндердің таланттары мен қабілеттерін дамытып, аша білді. Тәрбие­ленушілеріміз  дүбірлі дода­ларға қатысып, жеңістің жел­кен­ін көтерді. «Дала сазы» республикалық  конкурсында Юлия Левинская мен Диана Дәулет бас жүлде мен 1-орынды иеленді. Сонымен қатар  «Нұрмед»  корпоративтік  қоры мен Талды­қорған қаласындағы Лидия Дро­здованың  АРТ шеберханасы ұйымдастырған «Ұлы даланың инклюзивті шеберлері»  атты облыстық  көрме-аукционға, дарынды балаларға арналған «Тәуелсіздік – мәртебе!» қол еңбегі номинациясына орталықтан арнаулы әлеуметтік қызмет алушы Гузеля Магомедова  қатысып, бас жүлдегер атанды. «Біз бақытты баламыз!» тақы­рыбында республикалық балалар мен жасөспірімдер арасындағы онлайн байқауда «Қолөнер» ата­лымы бойынша Маргарита Быши­на бас жүлдені иеленсе,  Владислав Голушкин осы аталымда 1-орынға,  «Эстрадалық вокал» аталымы бойынша Диана Даулет 1-орынға ие болды.  «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» атты халықаралық дарынды балалар мен жасөспірімдер арасындағы өнер байқауының «Қолөнер» аталымында Еркебұлан Абынғазы бас жүлделі болса, «Көркемсөз» аталымында  Диана Даулет 2-орын алды.  «Бейнелеу өнері» бойынша Медет Джанадилов бас жүлдені қанжығасына байлады. Орталықтың еңбекпен емдеу нұсқаушылары Л.Сембекова мен Қ.Ашықбаев және музыка жетекшісі Ж.Сергазинов алғыс­хатпен марапатталды», – дейді «Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» ММ-нің «Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған Қаратал күндізгі болу орталығы» КММ директоры Ирина Байқазақова.  

Болат АБАҒАН, Алматы облысы