Отандық курорттарда бос орын жоқ
Отандық курорттарда бос орын жоқ
Мәдениет және спорт минис­трлігі Туризм индустриясы коми­тетінің төрағасы Дастан Рыспековтің айтуынша,  төтенше  жағдай мерзімі аяқталған соң, туристік бизнес саласында Мәде­ниет және спорт министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі бірлесіп, карантин жағдайында  курорттардың, демалыс аймақ­тары мен шипажайлар жұмысының алгоритмін әзірлеген. «Бизнес бұл мәселеге жауап­кершілікпен қарап, туристік  маусым­ның басталуына  дайын­далу, қорғаныс құралдарын сатып алу, нысандардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша талап­тарды сақтай отырып, жұмысты ұйымдастырды. Қалалар мен облыстар әкімдіктерінде туристік  нысандардың алгоритмдерге сәйкестігін тексеретін мони­торинг топ құрылды.  Осылайша, ішкі туризм саласына жұмыс істеуге және клиенттер алдындағы өз міндетін орындауға мүмкіндік берілді. Біздің мәлімет бойынша, барлық  курорттық орында осы жылдың жазғы туристік маусымы­ның соңына дейін бронь­дау үшін бос орын қалған жоқ», – деді ол. Комитет төрағасы карантин  шектеулері туризм  саласындағы  бизнеске айтарлықтай шығын әкелгенін де тілге тиек етті. «Ұлттық  банктің мәліметінше, туризмдегі қызметтерді экс­порттау көлемі 2019 жылы 2,5 миллиард доллар болса, осы жылы бұл көрсеткіш 600 миллион доллар ғана болады. Ал туристік  фирмалар былтыр 300 миллиард теңгенің қызмет түрлерін көрсет­се, биыл жыл соңына қарай бұл көрсеткіш 60-80 миллиард теңге шамасында болады деп болжап отырмыз», – деді. Ал  Kazakh Tourism  ұлттық компаниясының төрағасы Ер­жан Еркінбаев компанияның ішкі туризм үшін жұмсалатын шығынды қайта қарағандарын жеткізді. Оның дерегінше, 2019 жылмен салыстырғанда, компания бюджеті  – 56 пайызға, ал компаниядағы штат саны 20 пайызға қысқарған. «Туристік сала бүгіндері үл­кен дағдарысты бастан кешіп жатыр. Екінші жағынан, бұл туристік өнімдерді арттырып, жергілікті орындарда сервисті түзеуде таптырмас мүмкіндік. Мемлекет пен бизнес ұзақ  уақыт бойы қолдау таба алмай келген мәселелерді шешуге кірісті. Ең бірінші кезекте бұл – қызмет сапасы, санаторлы-курорттық  демалыс, экологиялық, этно­графиялық, аграрлық мәселелер, мототуризм, балалар  мен жастар туризмі», – дейді ол. Елдегі эпидемиялық  жағдай­дың нашарлауына  байланысты бірер апта бұрын карантин шара­лары қайтадан енгізілгені белгілі. Соның  ішінде   Алакөл жағалауында  және Шучье, Бурабай  курорттық  аймағында демалушыларды  қабылдауды тоқтату туралы санитарлық  дәрі­герлердің қаулылары қабыл­данған. Бірақ  көп ұзамай Мәде­ниет және спорт министрлігі өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, санитарлық  дәрі­гер­лер­дің  қаулыларына толық­тыр­улар енгізуге қол жеткізіпті. Нәтижесінде,  Алматы облысын­дағы Алакөл көлінің жағалауында, сондай-ақ Шучье, Бурабай курорттық аймағында орналасқан курорттық аймақтар бойынша ортақ шешім жасалған. Ал ШҚО-дағы Алакөл көлінің жағалауында отбасының бір мүшесінде ПТР анықтамасы болса, бұрын көз­делген талаптарды ескере оты­рып, демалуына болады.  Блок-бекеттерде өткізу жүйесі туристерде орналастыру орын­дары ұсынған броньның бар-жоғы туралы  деректермен салыс­тырылады. «Қазақстандық  курорттарда демалып жатқан барлық турис­тердің назарына салғым келеді: әлеуметтік қашықтық сақталып,  бетперде тағу керек. Белгіленген карантин талаптарын ұстанып, демалыс орнының шегінен шық­паған абзал. Топтаспау шараларын қатаң сақтаған дұрыс. Егер бизнес пен азаматтар барлық санитарлық норма мен талапты сақтаса, еліміз карантиннен тез шығып, осы қиын сәттерде барлығына төтеп бере алады», – деді Дастан Рыспеков. Ал шетелде демалғысы келе­тіндер үшін шекара бірде ашы­лып, бірде жабылып, құбылғаны есімізде. 26 маусым­да Түркия мен Оңтүстік Коре­яға халықаралық қатынас ашыл­ғанда,  20 маусым мен 4 шілдеге дейін 622 қазақстандық  туркомпания қызметтерін пайда­ланып, Түркияда демалуға  мүмкін­дік алған. Алайда эпи­демиялық жағдайдың нашар­лауына байланысты қазіргі уақыт­та Түркияға рейс уақыт­ша тоқтатылған.  Ал енді эпи­демиялық жағдайдың жақсара бастағанын ескере отырып, министрлік  бір­қатар елдермен әуеқатынасын қалпына келтіру мәселесін қарас­тырып жатыр. Оның ішінде тамыз айында Тайланд пен Грузияға рейс ашу жоспарланған. «Бәрі де біздің мемлекеттегі және бізбен серіктес елдегі эпидемиялық жағдайға байланысты. Бүгінгі таңда 10 тамыздан бастап Түркияға әуе рейсін жандандыру мәселесі пысықталып жатыр», – деді Дастан Рысбеков.  

Айдана БЕГІМ