Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспековтің айтуынша, төтенше жағдай мерзімі аяқталған соң, туристік бизнес саласында Мәдениет және спорт министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі бірлесіп, карантин жағдайында курорттардың, демалыс аймақтары мен шипажайлар жұмысының алгоритмін әзірлеген. «Бизнес бұл мәселеге жауапкершілікпен қарап, туристік маусымның басталуына дайындалу, қорғаныс құралдарын сатып алу, нысандардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша талаптарды сақтай отырып, жұмысты ұйымдастырды. Қалалар мен облыстар әкімдіктерінде туристік нысандардың алгоритмдерге сәйкестігін тексеретін мониторинг топ құрылды. Осылайша, ішкі туризм саласына жұмыс істеуге және клиенттер алдындағы өз міндетін орындауға мүмкіндік берілді. Біздің мәлімет бойынша, барлық курорттық орында осы жылдың жазғы туристік маусымының соңына дейін броньдау үшін бос орын қалған жоқ», – деді ол. Комитет төрағасы карантин шектеулері туризм саласындағы бизнеске айтарлықтай шығын әкелгенін де тілге тиек етті. «Ұлттық банктің мәліметінше, туризмдегі қызметтерді экспорттау көлемі 2019 жылы 2,5 миллиард доллар болса, осы жылы бұл көрсеткіш 600 миллион доллар ғана болады. Ал туристік фирмалар былтыр 300 миллиард теңгенің қызмет түрлерін көрсетсе, биыл жыл соңына қарай бұл көрсеткіш 60-80 миллиард теңге шамасында болады деп болжап отырмыз», – деді. Ал Kazakh Tourism ұлттық компаниясының төрағасы Ержан Еркінбаев компанияның ішкі туризм үшін жұмсалатын шығынды қайта қарағандарын жеткізді. Оның дерегінше, 2019 жылмен салыстырғанда, компания бюджеті – 56 пайызға, ал компаниядағы штат саны 20 пайызға қысқарған. «Туристік сала бүгіндері үлкен дағдарысты бастан кешіп жатыр. Екінші жағынан, бұл туристік өнімдерді арттырып, жергілікті орындарда сервисті түзеуде таптырмас мүмкіндік. Мемлекет пен бизнес ұзақ уақыт бойы қолдау таба алмай келген мәселелерді шешуге кірісті. Ең бірінші кезекте бұл – қызмет сапасы, санаторлы-курорттық демалыс, экологиялық, этнографиялық, аграрлық мәселелер, мототуризм, балалар мен жастар туризмі», – дейді ол. Елдегі эпидемиялық жағдайдың нашарлауына байланысты бірер апта бұрын карантин шаралары қайтадан енгізілгені белгілі. Соның ішінде Алакөл жағалауында және Шучье, Бурабай курорттық аймағында демалушыларды қабылдауды тоқтату туралы санитарлық дәрігерлердің қаулылары қабылданған. Бірақ көп ұзамай Мәдениет және спорт министрлігі өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, санитарлық дәрігерлердің қаулыларына толықтырулар енгізуге қол жеткізіпті. Нәтижесінде, Алматы облысындағы Алакөл көлінің жағалауында, сондай-ақ Шучье, Бурабай курорттық аймағында орналасқан курорттық аймақтар бойынша ортақ шешім жасалған. Ал ШҚО-дағы Алакөл көлінің жағалауында отбасының бір мүшесінде ПТР анықтамасы болса, бұрын көзделген талаптарды ескере отырып, демалуына болады. Блок-бекеттерде өткізу жүйесі туристерде орналастыру орындары ұсынған броньның бар-жоғы туралы деректермен салыстырылады. «Қазақстандық курорттарда демалып жатқан барлық туристердің назарына салғым келеді: әлеуметтік қашықтық сақталып, бетперде тағу керек. Белгіленген карантин талаптарын ұстанып, демалыс орнының шегінен шықпаған абзал. Топтаспау шараларын қатаң сақтаған дұрыс. Егер бизнес пен азаматтар барлық санитарлық норма мен талапты сақтаса, еліміз карантиннен тез шығып, осы қиын сәттерде барлығына төтеп бере алады», – деді Дастан Рыспеков. Ал шетелде демалғысы келетіндер үшін шекара бірде ашылып, бірде жабылып, құбылғаны есімізде. 26 маусымда Түркия мен Оңтүстік Кореяға халықаралық қатынас ашылғанда, 20 маусым мен 4 шілдеге дейін 622 қазақстандық туркомпания қызметтерін пайдаланып, Түркияда демалуға мүмкіндік алған. Алайда эпидемиялық жағдайдың нашарлауына байланысты қазіргі уақытта Түркияға рейс уақытша тоқтатылған. Ал енді эпидемиялық жағдайдың жақсара бастағанын ескере отырып, министрлік бірқатар елдермен әуеқатынасын қалпына келтіру мәселесін қарастырып жатыр. Оның ішінде тамыз айында Тайланд пен Грузияға рейс ашу жоспарланған. «Бәрі де біздің мемлекеттегі және бізбен серіктес елдегі эпидемиялық жағдайға байланысты. Бүгінгі таңда 10 тамыздан бастап Түркияға әуе рейсін жандандыру мәселесі пысықталып жатыр», – деді Дастан Рысбеков.
Айдана БЕГІМ