Сенатор Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке хат жолдады, - деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі. Депутат инфраструктура қазақстандық оқушыларды толыққанды қашықтан оқытумен қамтамасыз ете алмайтынына, себебі педагогтардың барлығында бірдей компьютер мен жедел интернетке қолжетімділік жоқ екеніне сенімді. Жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент мұғалімдердің 20 пайыздан астамының үйлерінде толыққанды интернет пен компьютер жоқ болғандықтан, қашықтан тиімді оқыта алмады деп атап көрсеткен болатын. Мемлекет басшысы Білім және ғылым министрлігінің жаңа оқу жылына дайын екеніне күмән білдірген еді. Президенттің профилді министрлік пен әкімдерге берген осы тапсырмасына қарамастан, интернет пен қажетті техникамен жедел әрі сапалы қамтамасыз ету мәселесі өзгеріссіз қалып отыр деді Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы.
Мұрат Бақтиярұлы министрге хатында «Қашықтан оқыту форматына көшуде интернет пен техниканың тапшылығы қол байлайды. Мұғалімдер мен оқушылардың бұл кедергіге өткен «төтенше» тоқсанда кезіккенін көрдік. Енді, алдағы тоқсанда тағы алдымыздан шығатын тосқауылға қалай төтеп бермекпіз? Қазір еліміздегі мектептердің балансында 405 мың компьютер бар, оның 162 мыңы (40 %) ғана жарамды. Тек техника тапшылығын жою үшін 210 мың компьютер керек екен. Сіз сәуір айында 80 мың техника сатып алуды жоспарлап отырғаныңызды айтқан болатынсыз. Осы техникалар қазіргі кезде сатып алынды ма, алынса қандай өңірлерге таратылды? Жалпы, жаңа оқу жылында Қазақстан мектептерінде компьютер, тағы да басқа оқу құралдары жеткілікті бола ма?» - деп жазды.Сонымен қатар Мұрат Бақтиярұлының айтуы бойынша, қазіргі таңда Парламент депутаттары елдегі ахуалға байланысты елді мекендерде әлеуметтік нысандарды аралап, оларда атқарылып жатқан қызметтердің сапасымен, жұртшылықтың пікірлерімен танысуда. Осы орайда, сайлаушылар тарапынан жаңа оқу жылында білім беру мәселелеріне алаңдаушылық білдіру көп байқалады. Атап айтқанда, өзім депутат болып сайланған Қызылорда облысында 26 елдімекендегі мектептерде интернет желісі жұмыс істемейді. Байланыс операторы ауылдық жерлерді ескірген технологиялар есебінен қамтамасыз етіп келеді. Нәтижесінде ауылдардың 21 пайызы заманауи байланыс технологиясына қол жеткізе алмай отыр.
Сенатор Білім және ғылым министріне «Еліміздегі орын алып отырған жағдайға байланысты Министрліктің жаңа оқу жылына дайындығы қай деңгейде?Білім ошақтарының компьютермен жабдықталуы, интернет байланысының қолжетімділігі қалай болып отыр? Шалғайда орналасқан шағын жасақталған ауылдық мектептерді қоспағанда, барлық мектептерде бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндеріміздің оқу процесін қашықтық режимінде ұйымдастыру қаншалықты тиімді болмақ?» - деп сұрау тастады.Депутат бастауыш сыныптарда білім алудың негізі қаланатынын ескеріп, оған ерекше назар аударды.Сондықтан БҒМ-ға бастауыш сынып оқушыларының алғашқы күннен бастап сапалы білім алуы үшін қатаң санитарлық нормаларды сақтай отырып, ата-аналардың келісімімен оларға мектеп қабырғасында білім берілсе деген мыңдаған ата-ананың ұсынысын жеткізді.