Кәсіпкерлікті дамытуға гранттар жеңіп алды
Кәсіпкерлікті дамытуға гранттар жеңіп алды
208
оқылды

Нұр-Сұлтанда «ӘREKET» гранттар байқауының финалы өтті. Еліміздің әр өңірінен келген 51 коммерциялық емес ұйым арасынан жеңімпаз анықталды.

Үшінші кезеңге қатысқан 51 КЕҰ ішінен 27 ұйым әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға гранттар жеңіп алды. Гранттар 3 миллион теңгеге дейінгі соманы құрайды.

«Samruk-Kazyna Trust» қоры «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бойынша жобаны жүзеге асыруда. Жақында ғана біздің Елбасы «Самұрық-Қазына» АҚ-ның әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге белсенді қатысуын атап өткен болатын және «ӘREKET» - бизнестің КЕҰ-ға әлеуметтік саланы дамытуға көмектесетін мысалдардың бірі екенін атап өтті. Бүгінде 27 ұйым грантқа ие болды, олар оқытуда алған білімдерін жобаларды табысты іске асыру кезінде жұмсайтынына үміттенеміз», – дейді «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қорының ресми өкілі Мирас Іргебаев.

– Бүгін біз инклюзивті білім беруді дамыту бойынша өз жобамызды ұсындық. Біз грант жеңіп алдық, оған өте қуаныштымыз! Атырау қаласына келген соң, біз жобаны іске асыруға кірісуді жөн көрдік. Бұл тәжірибе үшін үлкен рахмет, өте танымды болды, біз көптеген жаңалықтарды білдік, өзіміз үшін қызықты жаңалықтарды аштық, – деп «Инклюзия Болашақ Атырау» ҚБ өкілі Самал Жұмашева өз әсерімен бөлісті.

Жобаларды қорғаудың алдында қатысушылар қаржы, әлеуметтік кәсіпкерлік, PR және маркетинг саласындағы жетекші және халықаралық деңгейдегі мамандардан үш күндік оқытудан өтті. 13-15 тамыз аралығында КЕҰ өкілдері әлеуметтік кәсіпкерліктің заңды және салықтық аспектілерін, бизнес-модельдерді құруды, маркетинг-жоспар құруды және т.б. зерттеді.

Енді грант иегерлері үшін жаңа – жобаны іске асыру кезеңі басталады. Тоғыз ай ішінде қатысушылар өз аймақтарында жобаларды дамытатын болады. Осы уақыт ішінде оларды қордың менеджерлері сүйемелдейді. Олар жобаның тиімділігін және қаражаттың тиімді бөлінуін қадағалайды.

Естеріңізге сала кетейік, «ӘREKET» гранттар байқауы 2019 жылы 3 маусымда басталды. Бірінші кезең өтінім беруден тұрды. Байқауға барлығы 290 өтініш келіп түсті,оның ішінде бірінші кезеңде, байқау комиссиясымен мұқият қаралғаннан кейін, 67-і іріктелді.

Екінші кезеңнің шарты іріктелген КЕҰ-ның кеңейтілген өтінімдерді ұсынуы болды. 1 тамызда комиссия Нұр-Сұлтанға оқуға келген финалистерді анықтады.

Жобаның басты мақсаты – Қазақстанның коммерциялық емес ұйымдары арасында әлеуметтік кәсіпкерлік мәдениетін дамыту, оларды бизнесті жүргізу дағдыларына үйрету және кәсіпкерлік тәсіл арқылы әлеуметтік проблемаларды шешу.

«ӘREKET» жобасын «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры жүзеге асырады.