30 жыл куәліксіз жүрген өскемендік

30 жыл куәліксіз жүрген өскемендік

Өскеменнің тұрғыны 30 жылдай жеке басын куәландыратын құжатсыз өмір сүрген. Бұл жайында ШҚО Полиция департаментіне хабарлады.

Департаменттің хабарлауынша, Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаментінің көші-қон қызметіне 46 жастағы тұрғын Марат Тұлыбаев жүгінген. Сол кезде оның қолында 1989 жылы берілген ескі үлгідегі төлқұжат қана болған. Содан бері жеке басына ешқандай құжат рәсімдемеген екен.

«Өзінің айтуына қарағанда, құжат рәсімдеуге әуелде қаражаты болмаған. Кейін заң алдындағы жауаптылықтан қорқып, ешбір органға жүгінбеген. Ол бұған дейін құжатқа деген аса бір қажеттілік болмағанын айтты», - деді Полиция департаментінің баспасөз қызметшісі Азамат Раисов.

Полиция қызметкерлері өскемендік тұрғынға екі аптаның ішінде қажетті құжаттарды жинауға көмектескен. Ең алдымен туу туралы куәліктің түпнұсқасын, орта мектеп бітіргені туралы анықтаманы көтерткен. Артынан өтініш иесі КСРО ыдырағаннан кейін ешбір елдің азаматтығын алмағанын көрсеткен. Сөйтіп, барлық қажетті құжатты жинаған соң, көші-қон басқармасы оған Қазақстан Республикасының азаматы деп растайтын анықтаманы табыс еткен.

«Енді бұл азамат кез келген Халыққа қызмет көрсету орталығынан жеке куәлігін ала алады. Бұл ретте, оған қандай да бір айыппұл санкциялары қолданылған жоқ.Тек жеке куәлікті ресімдеу үшін 500 теңге көлемінде мемлекеттік баж салығын төлеуі тиіс», - деді Азамат Раисов.