Айбек Сәттібаев Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Президенттің кеңесшісі Ерлан Карин хабарлады.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кадрларды араластырып, тың амалдарды пайдалану жолымен мемлекеттік қызмет жүйесіне жаңа басқарушыларды тарту ісін белсенді түрде қолдап келеді. Атап айтқанда Мемлекет басшысы Президенттік жастар кадрлық резервін құрып, оның аясында 300 резервші іріктелді. Олардың 150-і мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда жұмысқа орналасты. Бүгін ғана Президенттің кадрлық резервінің өкілі Айбек Саттыбаев Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Сонымен қатар, кеше Ұлттық сенім қоғамдық кеңесінің мүшесі Шыңғыс Мұқан Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары болды», - деп жазды Ерлан Қарин Телеграм каналында.Президенттің кеңесшісі Шыңғыс Мұқан Ұлттық кеңестің мемлекеттік қызметке қабылданған алғашқы мүшесі емес екенін де еске салды. Бұған дейін Ұлттық кеңес қатарынан «жұмылдырылған» Бағдат Мусин алдымен Президенттің кеңесшісі болса, қазіргі уақытта Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің уақытша министрі болған. Ал Берік Әбдіғалиұлы 2019 жылдың қазан айында Қарағанды облысы Ұлытау ауданының әкімі болып тағайындалса, Максим Споткай жақында Парламент Сенаты аппараты басшысының орынбасары болып барған.
«Осылайша кейінгі уақытта жастар мен қоғам өкілдері арасынан Президент жаңа кадрларды белсенді түрде тартып жатыр. Осының арқасында басқарушы буын жоспарлы түрде жаңартылуда», - деді ол.