Денсаулық сақтау министрлігінің биологиялық қауіпсіздік мәселелелері комитетінің ғылыми-зерттеу институты Қазақстанда аса қауіпті инфекцияларға қарсы вакцинаны дайындау үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлесе жұмыс істеп жатыр. Институт биыл наурыз айынан бастап вакцина әзірлеуге кірісті. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, ғылыми ұйым қауіпті инфекциялармен жұмыс жүргізетін 13 биологиялық қауіпсіздік бойынша зертханада еңбек ететін елдегі жетекші вирусолог-ғалымдарды біріктіреді. Қауіпті және аса қатерлі жұмыстардың бәрі де қауіпсіздігі 3-деңгейдегі (BSL-3) зертханада жүргізіледі. Бұл – 50 жылдық тарихы бар, вакцина әзірлеуде бай тәжірибесі жинақталған институт. Институттың зерттеу жұмыстары медицина мен ауыл шаруашылығы саласына арналған вакциналардың жаңа түрлерін жасауға, иммунобиологиялық препараттарды өндіруге, қауіпті және аса қауіпті ауруларды диагностикалау үшін тест жүйелерін істейді. Министрліктің хабарлауынша, соңғы 10 жылдың ішінде институт құс, шошқа тұмауына, тері аурулары мен бруцеллез секілді қауіпті инфекцияларға қарсы 7 жаңа вакцинаның технологиясын әзірлеген. 2020 жылы институт ғалымдары түйеде кездесетін шешекке қарсы вакцина ойлап тапқан.
«COVID-19 ауруына шалдыққан алғашқы науқастар тек наурыз айының ортасында анықталғандықтан патологиялық материал ғалымдарға тек 23 наурызда ғана қолжетімді болды. Сол тұста Алматыдағы жұқпалы аурулар ауруханасында емделіп жатқан алғашқы науқастардан сынама алынған болатын. Бастапқы кезеңде BSL-3 қорғаныс деңгейі бар зертханада SARS-CoV-2 қоздырғышы (коронавирустың қоздырғышы) ретінде анықталған вирус VERO клеткалық культурасындағы биологиялық үлгілерден оқшауланып, зерттеле бастады. Өте қысқа мерзімнің ішінде жүргізілген ғылыми-зерттеулердің нәтижесінде 9 мамырда институт ғалымдары алғашқы вакцинаны ойлап тапты. 15 мамырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) оны өз веб-сайтында клиникаға дейінгі сынақтарға кандидаттық вакцина ретінде тіркеді» делінген ресми хабарламада.Вакцинаны зертханадағы тышқан, шошқа, қояндарға егіп, сынақтан өткізген. Сынақ нәтижелері, ДДСҰ бекіткен параметрлер: уыттылығы, қызу туындатуы, аллергия тудыруы мен иммуногендігі жағынан вакцина ДДСҰ мен Қазақстан Республикасының мемлекеттік фармакопелігіне сай келетіні белгілі болды. Сонымен қатар институт приматтар бойынша да вакцинаны сынақтап өткізіп, оның нәтижесінде антидене титры жоғары иммуногендікті көрсеткен. Клиникаға дейінгі зерттеу жұмыстары аяқталғаннан кейін вакцинаны клиникалық зерттеу жұмыстары басталады. Одан бөлек институт COVID-19 ауруына қарсы әртүрлі платформада үш вакцинаны әзірлеп жатыр.