Niet – көмекке мұқтаж жандардың мәселесін шешеді
Niet – көмекке мұқтаж жандардың мәселесін шешеді
153
оқылды

Күзгі телемаусымнан бастап Qazaqstan Ұлттық арнасынан әлеуметтік бағыттағы Niet жобасы эфирге шығады. Екі сағат бойы тікелей эфирде өтетін жаңа бағдарламада шынайы көмекке мұқтаж жандардың мәселесі шешімін табатын болады. Бұл туралы «Қазақстан» РТРК» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

Әлеуметтік тележоба бойынша ауқымды сарапшылар пулы құрылды. Оған құқық қорғау органдарының, Халыққа қызмет көрсету орталығының, қаржы, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік мәселелер бойынша өзге де ұйымдардың кәсіби мамандары тартылды.

Бағдарламада психологиялық көмек түрлерінен бастап, қоғам қажеттілігі мен талқысындағы баспана, квота, бала асырап алу мәселелері бойынша нақты көмек шаралары қабылданады.

Qazaqstan арнасында әлеуметтік бағыттағы жобалар бұған дейін де болды. Niet әлеуметтік жобасының ерекшелігі – көпшілікті көмекке мұқтаж жандардың жағдайынан хабардар етіп қана қоймай, тікелей эфирде көмек қолын созу. Әр хабар белгілі бір адамның, отбасының мәселесіне арналып, арнайы сарапшылар тобының ақыл-кеңесімен бағдарламаға берілген екі сағат ішінде шешімін табады.

Жобаның негізгі мақсаты – түрлі себептермен қиындыққа тап болып, тығырықтан шығар жол іздеген жандарға қолұшын созу.  Бағдарлама танымал тележүргізуші Гүлназ Әлімгерейдің жүргізуімен 9 қыркүйектен бастап дүйсенбі-жұма аралығында эфирге шығады.

Көмекке зәру жандардың өтініш-тілектері +7 (701) 555 07 51, +7 (776) 535 07 51 нөмірі бойынша қабылданады.