Қасиетті Құрбан айт қарсаңында «Nur Otan» партиясының Алматы қаласы Алмалы аудандық филиалының саяси кеңес мүшесі Долкунтай Абдухалил аудандық филиалмен бірге қаладағы 300-ге жуық медқызметкер мен Алмалы ауданының 150 көмекке аса мұқтаж тұрғынының әрқайсысына салмағы 30 келіні құрайтын азық-түлік себетін ұсынып, қолдау көрсетуге шешім қабылдады. «Nur Otan» партиясының Алматы қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша медмекемелер мен қызметкерлерді қолдау мақсатында бірқатар шаралар өткізілуде. Мұндай игілікті істен партия мүшелері, кәсіпкерлер мен меценаттар да шет қалмады. Д.Абдухалил пандемия басталғалы бері елімізге 94 миллион теңгенің қайырымдылық көмегін көрсетті. Ол бұл жолы партияның аудандық филиалымен бірге қаланың 300-ге жуық медқызметкерлері мен Алмалы ауданының көмекке аса мұқтаж 150 тұрғынының әрқайсысына салмағы 30 келілік азық-түлік себетін ұсынды. Себетте ұн, қант, күнбағыс майы, макарон өнімдері, күріш пен қарақұмық бар. Бүкіл елдің басына қиындық түскен сын сағатта бұл көмек дәрігерлердің көңілін көтеріп, үлкен қолдау барын сезіндірді. Меценатқа азық-түлік себеті табысталған отбасылар атынан Гүлмира Сатыбалдиева алғыс білдірді. Ол сегіз баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. Балалардың ең кішісі 1,5 жаста.
«Бізді ұмытпай, үнемі қолдау білдіріп, көмек көрсетіп жатқаны үшін менің «Nur Otan» партиясына айтар алғысым шексіз. Мен 50 мың теңге материалдық көмек алдым. Енді қасиетті мерекенің қарсаңында олар тағы да менің үлкен отбасыма көмектесті», – деді көпбалалы ана.Дәл сол күні партиялықтар қалалық №7 клиникалық ауруханада тағы да болып, оларға 3 оттегі концентраторын табыстады. Еске сала кетсек, осыған дейін «Шұғыла» қоғамдық қорының меценаттары ауруханаға 8 аса қажетті аппараттарды табыстаған болатын. Бұл жолғы бастама партия мүшесі, «Жолтранссервис-2006» компаниясының директоры Есенгелді Талбидиновтың тарапынан болған еді.