Рухани сабақтастық
Рухани сабақтастық
178
оқылды

22 тамызда Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің төрағалығымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті. Онда бағдарламаны іске асырудың екі жарым жыл ішіндегі қорытындысы қаралды және алдағы кезеңнің міндеттері талқыланды.

Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстары Үкіметтің кезеңдік іс-шаралар жоспарына сәйкес жалғасуда. Орфографиялық, Әдістемелік, Терминологиялық және Ақпа­раттық жұмыс жөніндегі 4 топ жұмыс істейді.

«Жаңа гуманитарлық білім» жобасы бойынша Cambridge University Press, Oxford University Press және басқа да ірі ха­лықаралық баспалармен бірігіп, философия, саясаттану, дүние­жүзілік тарих, экономика, әде­биет теориясы, халықаралық құ­қық, ориенталистика, педаго­гика және басқа да ғылымдар бойынша 48 оқулық қазақ тіліне аударылып, шығарылды. Оқу­лықтар еліміздің 113 жоғары оқу орынына жеткізілді. Кітаптардың электронды нұсқасы еркін оқу үшін «Қазақстанның ашық университеті» порталында орна­ластырылды.

«Туған жер» жобасы бойынша 10 мыңнан аса меценаттың қа­тысуымен 1 800 мәдениет, білім, спорт нысаны жаңадан салынып, 1,5 мың нысан қайта қалыпқа келтірілді. «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәде­ниет» жобасы бойынша тари­хымызда тұңғыш рет Қазақ­стандық поэзия мен проза анто­логиясы БҰҰ-ның 6 тіліне ауда­рылып, жарыққа шықты. «Қа­зақ­станның киелі географиясы» жобасы бойынша 28 тарихи нысан қайта қалыпқа келтіріліп, ауқымды ғылыми-зерттеу жұ­мысы жүргізілді. Қазақстандық қоғамдық даму институты және өңірлерде жобалық офистер құрылды.

Тамыз айының соңында «Му­зейдегі түн» жобасы іске қосылады, онда қазақстандықтар әр айдың төртінші сенбісінде сағат 21-ден 3-ке дейін елдіме­кендегі музейлердің бірін тегін аралай алады. Жаңа телеви­зиялық маусымда республикалық эфирге мәдениеттану сипатын­дағы радио және телевизиялық бағдарламалар циклы эфирге шығады.

2020 жыл Волонтерлер жылы деп жарияланды. Осыған бай­ланысты Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин мемлекеттік ор­ган­дарға студенттердің қоғамдық пайдалы қызметіне қолдау көр­сету шараларын қабылдауды же­делдетуді тапсырды.

 

Айбике ЖАНАСЫЛ