Бүгінде кекіруден бұрын, секіру сәнге айналып кетті. Қыз бен жігіт ренжісіп қалса, бойжеткен өзен жағасындағы көпірге келеді. – Секірейін бе? – деп сұрайды бойжеткен жылап. – Жоқ, секірмеші, – дейді жігіті уайымдап. – Сен мені «лақтырып» кеттің. Басқа қызбен жүреді екенсің. – Ол менің қарындасым ғой. – Ия саған, онымен құшақтасып тұрдың. – Туыс оттан ыстық. – Иығынан сипаладың. – Иығына шыбын қонған еді... – Ерніңді созып... – Арғы жағын айтпайы-ақ қойшы, әшейін айтамын, алғашқы махаббатым еді. Бойжеткен көпірден секіріп кетті... Ал, көп қабатты үйлердің жоғарғы қабаттағы балкондарынан, терезелерінен секіретіндер әңгімесі мынадай: – Өмір сүргім келмейді, бекерден-бекер ыржалақтап, күлгім келмейді! – дейді әйелі төмен қарап. – Секірме, үстің шаң болады! – дейді төменде дүкеннен келе жатқан күйеуі абдырып. – Сенде жұмыс жоқ, қалай күн көреміз? – Менде жұмыс жоқ болса, секіріп өле қаласың ба? – Алқашсың! – Ол да жұмыс қой? – Итсің! – Ит те жеті қазынаның бірі. – Шошқасың! – Кешір, қатын, мен халалмын! – Секірем, үйге келіп, итеріп жібересің бе? – Е? – Бір түрлі қорқып тұрғаным... – Жаным, секірмеші. Құдай үшін! Бәрі жақсы болады! Осындай секіргіштер көбейген заманда, жемқорлар да терезеден өзенге секіріп кетеді екен! Алматы облысы, Текелі ауданы әкімі аппарат басшысы пара алып жатқан кезде, сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік қызметкерлері сау етіп кіріп келіп еді, парақор сасқанынан: – Сәлеметсіздер ме? – деді. – Сәлеметпіз, сәлеметпіз! – Кешіріңіздер, ақша санаған жақсы екен... – Жақсы екен, жақсы екен, жақсы екен... – Неғып жүрсіздер? – Сізбен танысуға келдік. – Ме-енің у-уақытым ж-жоқ еді... – Біз уақытқа қарамаймыз. – Сіздер солай қақиып тұра тұрыңыздаршы? – Неге олай дедіңіз? – Мен қазір... – Қайда барасыз, қайдааа? – Хош болыңыздар! Жемқор терезені ашты да, секіріп кетті. Жерге домалап түсіп, жүгіре жөнелді. Ол бер жағы ғой, ағыны қатты өзенге секіріп кеткені... Сәл су жұтқаны болмаса, керемет жүзе білетін жемқор «Мүгедектер қоғамы қоғамдық бірлестігінің директорымен пышы-пышы келісіп жатқан еді. «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы» бойынша Текелі қаласының аумағын абаттандыруға бөлінген қаржы қытығын келтірсе керек. Ол келісімшарт бойынша қоғамның қызметіне жалпы қамқорлық көрстеу үшін 1,5 миллион теңге пара алуда күдікке ілінді. Сосын ғой, өзенге секіріп кеткені. Әйтпесе, галстугпен өзенге секіріп кететіндей, жынды жемқор дейсіз бе?
Мұхтар ШЕРІМ