Жарна жинау тоқтатылмақ
Жарна жинау тоқтатылмақ
190
оқылды

Өзінің заңда белгілен­ген міндеттерін толық әрі дұрыс атқаратын партия – кез келген елдегі саяси өмірдің маңызды бөлшегі саналады. Сон­дықтан да елдің дамуына ықпал етіп, қоғамның алға ілгерілеуіне қозғаушы күш болатын саяси институт­тардың жұмысына мемле­кеттік деңгейде қолдау білдіру тәжірибесі кең тараған. Көп мемлекет заңында партияны қаржы­ландыру­дың бір тетігі «мемлекеттік бюджет» деп көрсетілген. Бұл ұйым қызметін жүргі­зуге пар­тия­ға мүше аза­маттардың жарнасы мен демеушілер қаржысынан бөлек, мемлекет те қатысатынын білдіреді.

Nur Otan партиясының саяси кеңесінде партия мүшелерінен жарна жинауды тоқтату, қаржы­ландырудың мемлекеттік тетігіне көшу туралы ұсыныс айтылды. Бұл мәселеге қатысты жан-жақты ақпарат алып, партиялық қаржы­ландыру саласындағы әлемдік тенденциямен танысу үшін Nur Otan партиясы саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталы­ғының басшысы Юлия Кучинс­каяның пікірін сұрадық. Сарап­шы әңгімесін саяси партияларды қаржыландырудағы әлемдік тәжірибеден бастады.

– Саяси партияларды қаржы­ландырудың халықаралық тәжі­рибесінен партия бюджетін құру тәртібі сайлау жүйесіне, мемле­кеттік билікті жүзеге асыру жол­дарына, партиялық жүйеге байла­нысты өзгеріп отыратынын кө­реміз. Саяси партиялардың табыс көзінің басым бөлігін жарналар, демеушілер көмегі пен мемле­кет­тік қаржы құрайды. Соңғы жыл­дары саяси партиялар қаржы­ландырудың қосалқы көздерін де белсенді дамыта бастады. Мұндай балама жолдарға коммерциялық қызмет пен партияның табысты мүшелерінен қорға депозит жинау сияқты әдістер жатады. Ха­лықа­ралық демократия және сайлауға ықпалдастық институ­тының дерегінше, саяси партия­ларды қаржыландыруда мемле­кеттік және жекелеген тұлғалар мен ұйымдардың қолдауы өсіп келеді. Бұл тенденцияны саяси партиялар бюджетінің негізгі бөлігін мем­лекеттік қаржы құрайтын Герма­н­ия (30%), Австрия (25%), Пор­тугалия (90%), Швеция (84%) мысалынан көруге болады, – дейді ол.

Юлия Кучинская партия қызметін қаржыландыратын басқа көздерді шектеп, ақшаны бір орталықтан бөлудің артық­шылықтарын да атады.

– Мемлекеттік қаржыланды­ру мен оны реттейтін құқықтық нормалар (бұл нормалар шығын­дарды шектеп, есеп беру ережесін бекітеді және қаржының әділ бө­лінуіне кепілдік береді) пар­тия­лардың қоғамдағы рөлін сақтауға, жемқорлықтың алдын алуға, партияны жеке демеу­ші­лерге тә­уелді болудан сақтауға мүмкіндік береді. Мемлекеттік бюджет қар­жысы саяси плю­рализмге жол ашып, демокра­тиялық институт­тардың тиісті деңгейде жұмыс істеуіне оң әсер етеді, – дейді ол.

Саяси партияларға мемлекет­тік қолдау көрсету тәртібі мен шарттары әр елде әртүрлі. Қар­жыландыру мақсаты да бір-біріне ұқсамайды. Бір мемлекеттерде пар­тияның сайлауалды шығын­дары (АҚШ, Германия), басқа­ларында партия жұмысына қажет қаржы (Швеция, Финляндия, Дания) мемлекет есебінен өте­леді. Бір атап өтетін жайт, соңғы жылдары саяси партияларды жарна есебінен қаржыландыру төмендеп келеді. АҚШ-та пар­тияға кірерде және одан кейін тұрақты төленетін жарна жоқ. Өйткені партияда әдетте тұрақты тіркелген мүшелер де болмайды. Канадада Консервативті партия­ның жарна көлемін арттыруға талпынысы сәтсіз аяқталды. Ка­наданың либералды партиясы 2016 жылы өткен съезде жарнадан бас тартуға дауыс берген. Сол­түстік, Батыс және Оңтүстік Еу­ропа елдерінде партия табысын­дағы жарна үлесі төмендеп келеді. Швецияда партия табысының 3 пайызын, Бельгия мен Франция­да 5 пайызын ғана саяси ұйымға мүше азаматтардан жиналған жарна құрайды.

Саяси кеңесте көтерілген ұсынысқа қатысты пікір білдірген сарапшы әлем тәжірибесін Қа­зақстанға енгізудің маңызына да тоқталды.

Nur Otan партиясында жар­надан бас тарту мәселесін қарас­тыру өте маңызды деп ойлаймын. Партия жаңа мүшелерді қабылдау кезіндегі барлық процесті (жеке немесе онлайн өтініш беру, пар­тияның екі мүшесінен ұсыныс хат алу), саяси ұйым мүшелерін тұ­рақты тіркеп отыруды өзгеріссіз қалдырса болады. Жыл сайын партиядағы мүшелігін растап оты­руды жаңа технологиялар көме­гімен жүзеге асырып, ар­нау­лы бағдарламалық жүйе арқылы партия мүшелерімен үнемі бай­ланыста болу мүмкіндігі бар. Бұл идеологиялық қолдау негізіндегі партия бірлігін нығайтып, қар­жы­лық факторды төмендетеді, – дейді ол.


Кәусар АХМЕТ