Әкең келе жатыр...
Әкең келе жатыр...
254
оқылды

«Қымбатты, Милләтжан, бір үйге бір ер азамат керек қой» деп мұртын сипалап, Қожаның шешесін айнал­соқтап жүретін Қаратай кімнің есінде? Ал қазір өзге түгіл, өз «қаратайын» қуып, әкесіз бала тәрбиелеу­ден қорық­пайтын қоғамда отырмыз. Тіпті мұның маңызды мәселеге айналғаны соншалық, «Жалғыз­басты әкелердің жайы», «Алимент­тен қашқан аналар», «Әке­лер қауымдастығы құрыл­ды», «Республикалық әкелер форумы өтті», «Әкелер институты керек»... сияқты түрлі тақырыптар­дың түндігі түріле бастады. Сонда «әкенің айтқанын балғадай, ананың айтқанын малтадай» санайтын қазақ үшін шынымен асқар тау­дың аласара бастағаны ма? Осы сауалды алдымызға көлденең тартып көрдік.

Жасыратыны жоқ, ер-аза­мат­тардың арасында отбасын асырай алмай жүргендері баршылық. Дөрекі мінезімен жып-жылы от­басының шырқын бұзатындары да жоқ емес. Қалталы әйелдердің маңын торауылдайтын «альфонс» жігіттердің жөні бір бөлек. Жасы біразды еңсерсе де үшінші, төр­тінші әйелдің қолына кіріп алуды ар көрмейтін ер-азаматтарымыз да табылып жатады. Бұл мы­сал­дың барлығы бүгінгі әйелдердің жалпы ер-азамат туралы қалып­тасып үлгерген көзқарасына саяды. Түрлі себептермен бала тәрбиесіне өздері ғана жауапты боп қалған жалғызбасты ана­лардың жайы айтпаса да түсінікті. Ал айдың, күннің аманында бауыр еті баласынан бас тартып кеткен аналардың кесірінен бұл ауыртпалықты жалғыз көтеруге мәжбүр болған жалғызбасты әкелердің жайын кім ойлайды?

Жақында ғана газетімізге сұхбат берген Мәжіліс депутаты Жұлдыз Омарбекова ешбір заң­намалық құжатта жалғызбасты әкелердің рөлі мен мәртебесі бекітілмегендігін айта отырып: «Елімізде жалғызбасты әкелердің жалғызбасты аналарға ұқсас құ­қығы жоқ. Біз осы жағдайды қол­ға алып, балаларын өздері тәр­биелейтін әкелерге қолдау көр­сетуіміз керек» деген еді.

Олай дейтін себебіміз, ажы­расқан әкелердің 30 пайызы ба­лаларымен кездесе алмай, сотқа қайта жүгінуге мәжбүр. «Соттың шешіміне қарамастан, кейбір әкелер балаларымен қарым-қа­тынас жасай алмай отыр. Сон­дықтан олар сотқа қайта жүгінуге мәжбүр. Бұл мәселеде ювеналдық соттар кәмелетке толмаған ба­лалардың құқығы мен бостан­дығын қорғауды ескере отырып, пси-хологтардың қатысуымен шешім қабылдайды», – дейді «Қазақстан әйелдері қауым­дас­тығы» қоғамдық бірлестігінің президенті Гүлнар Байымбетова.


Не дейсіз?

Жанар ТӨЛЕУ, психолог:

– Жауынгер бабаларымыз отбасы мәселесіне асқан жауапкер­шілікпен қараған. Жар түгілі, жетім-жесірін де қаңғыртпаған. Қазір ата салтынан адасқанымыз сонша, шаңырақ шаттығын бұзуға шімірікпейтін болдық. Бүгін дәстүрлі отбасылық құндылықтар бұзылып, материалдық игіліктер алға шықты. Ажырасу салдарынан балалардың сабағы төмендеп, тәртібі нашарлайды, ал 2 жастан 5 жасқа дейінгі балалар жиі ауырады, ауру арқылы ата-анасына күйзелісін білдіруге тырысады. Яғни, бұл – баланың жанайқайы. Ал оны ұғынғысы келетін үлкендер жағы азайып барады.

 

Ерлан ҚУАНТҚАНҰЛЫ, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты:

– Шынымды айтсам, былтыр мен алғаш рет әкелер форумына қатыстым. Бұл жиын елімізде үшінші рет өтіп отыр екен. Тіпті, «Әкелер одағы» да бар екен. Осы кезге дейін біздегі жиындар мен мемлекет деңгейінде көтерілетін мәселелердің көбі ана мен бала мәселесіне арналып келді ғой. Осыған қарап әкелердің жайы күр­делене бастағанына көз жеткіздім. Жалғыз ағаш қорған болмайтыны секілді, жалғыз ана немесе жалғыз әке баланы жан-жақты етіп тәрбиелей алмайды. Әсіресе, әке тәрбиесі ұл балаға өте керек. Ұл балаға ұлағат – әкеден. Бізге енді осыны түсіндіретін арнайы бағдарламалар керек. Бұл бір ғана отбасының әңгімесі емес, тұтас ұлттың мәселесі. 


Осы мәселе көтерілгенде кей­бір сарапшылар «Бүгінде әйелдер жағы жалғызбасты ана болудан қорықпайды. Өйткені оған кейде қоғамымыздың өзі жағдай жасап отырғандай әсер қалдырады. Тағдыр тауқыметімен, түрлі жағдайға тап болатындарды тілге тиек етпегеннің өзінде, «Сенсіз де өмір сүреміз» деген менмен­діктің жетегінде жүрген талай жан­ның бары рас» деген сынды пікірлерін білдіріп жатады. Қалай десек те, отбасын сақтап қалауға екі жақ бірдей мүдделі болғанда ғана нәтиже болатыны анық.

«Қазіргі ажырасқан жастар­дың 90 пайызының балалары бар. Психологиялық зерделеудің нә­тижесі бойынша сол балалардың бақытты балалық шақтан гөрі өмірге ашу-ызасы басым болады. Ата-ананың мейіріміне қанып өспеген баланың шынында, кем­шілігі көрініп тұрады. Дәл қазіргі күні елімізде 500 мыңдай кәме­летке толмаған бала әкесіз өсіп келеді», – дейді Астана қаласы­ның кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты төрағасы Қыдырбек Әлқожаев.

Өкініштісі сол, қазір біз бұл әлемдік тенденцияның төріне шығып алдық.

Психолог Жанар Төлеу жұмыс барысында мұндай мысалдардың жиі кездесетінін айтады. «Бес жасар балаларға психолог ретінде «отбасы» ойынын ойнауды ұсын­дық. Сонда қыздар жағы тез арада аналарының, әжелерінің, қыз­дардың рөлінде ойнап шықты. Сенесіз бе? Ұлдар жағы әкелері­нің рөлін ойнамай қойды. Ақыры бір баланы әкенің рөлінде ой­натуға көндірдік. Сонда ол қо­лына теле­дидардың пультін ұстап алып, жантайып қана жатты. Бүкіл ойында өзін осылай ұстады. Енді балабақшадағы бір ғана топтың бұл жағдайына қарап, бүкіл отбасындағы ахуалды ­са­ра­лауға болмайды. Дегенмен, бұл – шындықтың бір ұшын көрсетіп тұр» дейді.


Дерек пен дәйек

Ажырасудан ТМД елдері арасында алғашқы ондықтамыз. Статистика комитеті жақында еліміздегі халықтың табиғи қозғалысын жариялады. 2018 жылы Қазақстанда 137 мыңнан астам жас шаңырақ көтеріпті. 2017 жылмен салыстырғанда 5 мыңға аз. Керісінше ажырасушылар көбейген. 2010 жылы 146 мыңдай неке тіркеліп, 41 мыңдай отбасы ажырасса, былтыр бұл көрсеткіш 137 мыңға бір-ақ түсіп, оның 55 мыңға жуығының шаңырағы шайқалған.

* * *

Некеге тұру дерегі бойынша Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары көш басында. Ал ажырасудан керісінше солтүстік облыстардың тұрғындары тұр. Енді қараңыз, 2018 жылы Қазақстанда 137 797 неке тіркелген. Бірақ олардың 55 мыңға жуығы, яғни 40 пайызы ажырасып кеткен. Қазақстанда ажырасу ең көп тіркелетін аймақтарды Павлодар облысы бастап тұр. Мәселен, былтыр мұнда 5 мыңдай отбасы шаңырақ көтерсе, 3 мың отбасы ажырасып үлгерген. Солтүстік Қазақстанда 3 жарым мың неке тіркеліп, 2 мың отбасы ажырасқан, Қостанай облысында да 5600 шаңырақтың 3100-і шайқалған. Ақмола, Шығыс Қазақстан облысының көрсеткіші де көштің басында. 


Қалай десек те, қазақ үшін отбасы құндылығының басында үйдің отағасы тұрған. Алайда ажырасудың салдарынан әкесіз өсіп жатқан ұрпақ көбейді. Бри­тандық Economist басылымының статистика мәліметтеріне сүйен­сек, ажырасу саны жағынан көр­ші қырғыз елі әлем бойынша – 48-орында, 1 миллиардтан астам халқы бар Қытайда мың адамға шаққанда ажырасу көрсеткіші 1,8 пайыз болса, ал 17 миллион ғана халқы бар Қазақстан алғашқы ондыққа кірген (мың адамға шаққанда ажырасу көрсеткіші – 2,8 пайыз). Сот тәжірибесіне жүгінсек, ажырасудың негізгі себептері ерлі-за­йып­тылардың тұрмыста бір-бірін түсінбеуі, біреуінің араққа салынуы немесе опасыздық жасауы, зорлық-зом­былық көрсетуі, сондай-ақ отба­сындағы материалдық қиын­дық­тар болып отыр. Алғашқы ондық­қа кіріп, отбасы құндылығы­мыз­дың салмағын азайтып отырған тұста әкесіз тәрбиеленіп жатқан ұрпақтың жайы айтпаса да түсінікті.

Ақылды аналар балаларын үнемі әкесін сыйлауға, құрмет­теуге баулиды. «Әкең келе жа­тыр…» деген бір ауыз сөзден әр бала өзіне керекті ала білген. Отбасындағы әкенің орнын бір ғана сөзбен айқындап берген қазақы тәрбиеміздің іргесі неге сөгілді? Отбасын сақтай алмай, ажырасып жүрген азаматтардың дені баласын бауырына басуға мұқтаж. Оған бір қателіктің со­ңынан туған баласының жүзін ту­ғанынан көрмей жүрген әке­лерді қосыңыз. Арасында баласы­ның барын біле тұра, бұрылып қарай қоймайтын әкелер де бар. Ажырасу мен некесіз туған бала­лардың жағдайы әртүрлі оқиға­лармен байланысты болғанымен, олардың өмір сүру тағдыры бір. Әке мейірімі, әке қамқорлығы, әке тәрбиесінің жеткіліксіздігі. Отбасында ер-азаматтың мысын­сыз береке де орнай қоюы екіта­лай екенін ескеретін естіліктің де ауылы алыстап кеткендей. Әкенің рөлі туралы әңгіме айтылмайды да. Тіпті қыз-келіншектер ара­сында «әкесіз де баланы тәрбие­леуге болады» деген қасаң қағида қалыптасып үлгерді. «Ажыра­су­дың дені 25-35 жастың аралы­ғын­да болады. Одан үлкен жас­тағы­ларды да көріп жатырмыз. Әр отбасының әртүрлі себептері бар. «Мұның себебі – осы» деп ешкім тап басып айта алмайды. Сосын некені бұзу туралы өтініш бере­тіндердің 83 пайызы – әйел­дер. Бұл санның астарынан да біраз жайды аңғаруға бола­ды», – дейді медиатор Салтанат Әбдіқадырова.

«Қазақстан әйелдері қауым­дастығы» қоғамдық бірлестігінің президенті Гүлнар Байымбетова: «Қазақстанда әрбір екінші неке ажырасумен аяқталады, оның 80 пайыздан астамының ортақ бала­лары бар. 400 000 ана балаларын жалғыз тәрбиелеп отырса, 60 000 жалғызбасты әке бала тәрбие­сі­мен айналысуға мәжбүр», – дейді.

Бұл жерде сарапшы мамандар негізгі мәселені жоқшылық пен жетіспеушілікке жаба салуға болмайтынын айтады. Ажырасу эпидемиясының себебін тым әрі­ден іздейтіндер бар. «Біздің бүгінгі мүшкіл халімізге 90 жыл­дардың аяғы мен 2000 жылдың басындағы дағдарыстың да әсері бар. Сол уақытта көп әке арақ ішіп кетті, жұмыссыз жүрді. Көп отбасы сол кезде ажырасты. Ал сондағы әке­сіз өскен балалар бүгінде әке бо­лып жатыр ғой. Мәселені көрдіңіз бе? Әкенің тәрбиесін көре алма­ғандар үшін баланы әкесіз қал­дырып кету де оңай. Бүгінгі күні өздерінің әке­лік міндетін толық орындамай жүргенінің себебі сол. Өйткені өзі әкенің махаббатын, әкенің барын сезе алмады. Менің қорқатыным, бүгінгі әкесіз жүрген балалар енді бір 15-20 жылда осы көрсеткішті тағы көбейтуі мүм­кін», – дейді «Әкелер қауымдас­ты­ғы» РҚБ төра­ғасының орын­басары Арыс­танғали Сансызбаев.

 

СӨЗ СОҢЫ

Ілкіде «ажырасамын» деп келген қызын ата-анасы өзінің құтты шаңырағына қайтадан апарып тастайтын болса, бүгінде «ішіме сыйған бала сыртыма да сыяды» деп сөзін сөйлейтін жағдайға жеттік. Ал еліміз бойынша орын алған ажырасу­лар­дың дені үйленген отбасылардың алғашқы бес жылында тіркелген. Қасіреті сол, бұзылған некедегі бала­лар­дың 90 пайызы анасының тәрбиесінде қалады.

Енді сұрақ: әке беделінің бәсі төмендеген мына қоғамда жаужүрек емес, сужүрек ұрпақ өсіп келе жатса, кімді кінәлаймыз?