Олар үшеу. «Үш ноян» сияқты. Ойбай, үш нояннан садаға кетсін, үш жемқор дейік те! Үш жалмауыз! Олар қашып келеді. Безіп келеді. – Қаштық! – Қайда? – Айға! – Жындысың ба? Қашайық деймін! – Жемқорлығымыз айдай әлемге әшкере болды! – Сотталатын болдық! – Құрыдық! – Қасқыр сияқты ұлыдық! Олар қатар тұрып алып, қаша жөнелді! Қауіпті қылмыстарынан, ар ождандарынан, құқық қорғау органдарынан қашты. Безіп келеді. Ең алдында Нұр-Сұлтан қаласы әкімі орынбасары болған Қанат Сұлтанбеков. – Өкпем түсіп қалды! – деді ол ентігіп келе жатып. – Жерге ме? – Басып кетпе! – Өкпем өшті! – деді одан қалыспай безіп келе жатқан, ЛРТ-ны басқарған Талғат Ардан. – Свет өшті демісің? – деп сұрады Қанат Сұлтанбеков. – Жоқ, өкпем өшті. – Демаламыз ба? – Болмайды! – деп ашуланды бір мердігер компанияның басшысы болған Дәурен Әбдіхамитов. – Қол ұстасып жүгіреміз бе? – деп қалды бұрынғы орынбасар. – Қол ұстасып? – Бірге жедік қой? – Ішім ауырып кетті... – Ұшақпен қашайық та? Ұят қой, жаяу қашқанымыз! – Ұшаққа отырарда ұстап алады! Олар безіп келеді. Бірінен-бірі қалыспайды. Сол қашқан күйі, олар шетелден бір-ақ шықты. – Масқара! – деді бұрынғы орынбасар, шетелге шығып кетіппіз ғой? – Жаяу? – Ия! – Қай жер екен бұл? – Айтуға болмайды! Құпия! – Бәсе, топырақтың исі басқаша, – деген орынбасар жерге еңкейіп алған бір уыс топырақты тұмсығына тақай иіскеді. – Тасташы, арасында осырақ қоңыз жүр ғой! – Енді қайттік? – Немене, енді қайттік? Арқамызда бір- бір қапшық доллар! Өлмейміз! – Ия, өлмейміз! Мұның бәрі бұрынғы қала әкімінің түсі болатын. Олар үшеу еді. Үш ноян. Үш нояннан садаға кетсін, үш жалмауыз ұшаққа отырып, артынып, тартынып, шетелге қашып кеткен еді! Бүгінде жыр болған жеңіл рельсті көлік жобасына қатысты қылмыстық іске үңілсек, 5 миллиард 700 миллион теңгені жалмауыздар жұтып қойған. Оннан астам қылмыскерлер айыпталса, оны үшеуі шетел асқан. Міне, көрдіңіз бе, біздің ел жемқорлықпен жарысып жатыр! Ал, «Нұр Отан» партиясы, құқық органдары әлдері келгенше, алысып жатыр! Құдай ақырын берсін!
Мұхтар ШЕРІМ