Жайпап барады!

Жайпап барады!

Биологиялық тұр­ғыдан, адамдар кеміргіш­тер отрядына жатпайды, бауырмен жорғалаушылар тобына да жатпайды. Ал, жемқорлар кеміргіштер сияқты десек ше? Олар бізден жүз есе үлкен, тістер ойдақ, сойдақ! Қарындары қампиған, ұрттары томпиған, құлақтары қалқиған дәәәу жемқоорлар келе жатыр дейікші? Ауылдағылар тұра қашты. Бірі айғырына атып мініп, шаба жөнелді, бірі есегіне мінемін деп, етпетінен түсті, бірі бет алды қашып барады. Иттер ғана үріп, шабаланып, алып жемқорлардың аяғынан тістелейді. Иттің тістегендерін маса шаққан құрлы көрген де жоқ, шабаланғанын шаттан бір тепкенде, қыңсылаған байғұс отыз шақырымдағы келесі ауылда айран ішін тұрған апаның жанына топ ете түсіп, сеспей қатты. Апамыз «ойбай, көтек, аспанннан ит жауды!» деп үйіне кіріп кетті. – Жемқорлар келеді! – Алып жемқорлар тас-талқанымызды шығаратын болды! – Қашыңдар! – Өй, иттің ұясына кіріп кеткенің не? – Қорқамын! – Қорықпа, олар тек мектеп жейді екен! – Мектептерді кеміріп, сосын шайнап жейді дейді! Кешіріңіз, мұндай алып жемқорлар өмірде болмайды, болған да емес! Олар да біз сияқты адам. Олар мектептерді кемірмейді. Жәй, қиялдап кеткенім ғой, олар жеген ақшаға елімізде 37 мектеп салуға болады еккен. Соңғы екі жылда мемлекетке жемқорлар жемсауынан 74,6 миллиард теңге қайтарылыпты! Мысал үшін бұл қаражатқа 70 балабақша немесе 37 мектеп салынып, көсегеміз көгерер еді! Сұмдық қой! Көз алдыңызға елестетіп көрсеңіз, жемқорлар шынында алып адамдарға ұқсайды. Ауыздары алпыс метр сияқты. Жолындағының бәрін жайпап, кеміріп, еліріп, ентігіп, ештеңе қалдырмай қылғыта беретін сияқты! Жайпап, жапырып барады! Құдай сақтасын!  

Жебе САДАҚҰЛЫ