Жастар «жынданып» барады
Жастар «жынданып» барады
198
оқылды
Жастар жайлы жазылып та жатыр, айтылып та жатыр, бірақ бұзақы, тәрбие көрмеген жасөспі­рімдер топталып алып, жалғызға жабылуды қояр емес! Шымкент маңында колледжде оқитын сту­дентті алты бала жабылып ұрып, өлімші етіп сабап, жиырма жері­нен пышақтап тастаған. Ақы­рында жасөспірім тілге келмей, жантәсілім етті. Мұндай «шоу» Павлодар қа­ла­сында да «керемет» өтті. Ке­ре­мет деп керісінше жазып жат­қанымыз, топталған жастар тап бір концертке келгендей, қол ша­палақтап тұрды. Сосын, қара торы келген бұзақы жігіт жалғыз жапырақтай, жалбырап тұрған қарсыласына жақындады. – Не? – деп сұрады ол. – Ештеңе, – деді анау. – Не? – Ештеңе. – Кеше менің сыртымнан әңгіме айтып, біраз қуыпсың? – Қуған жоқпын. – «Сындырып» тастайын ба? – Сынбаймын. – Шайнап тастайын ба? – Тісің өтпейді. – Немене, немене? – Не естісең, сол. – Кончай, а? – Кончай етпеймін. – Деловой, что ли? – Жоқ. – Өйй, мұрынбоқ! – деген бұзақы оның тұмсығынан бір ұрып құлатты. Сол екен, үстіне шығып алып, басына ұрып жа­тыр, ұрып жатыр. Анау байғұс екі қолымен басын жауып алып, бүк түскен. Ал, төңірегіндегі мейі­рім­нен жұрдай, адамгершіліктен тырдай, желөкпелер желдей есіп, естері шыға айқай салды. – Өлтір! – Бетінен ұр, бетінен! – Құйрығынан тепсеңші! – Жақсы ұрады екенсің! – Тура, мен сияқты. – Бір ұрғаннан құлатты, еркек! – Супер! Осындай ойсыз сөз­дерге ма­саттанған бұзақы сотқар орнынан ұшып тұрып, ендеі құлап жатқан­ның басына қос аяқтап секірді дейсің! Бар күшімен. Дәл осы жер­де өзінен күшті біреу өзін ұс­тап алып, басына секірсе қалай сезінер еді? Басқа секіру деген не өзі? Осы да ерлік пе? «Шоуды» шаршамай бейнеге түсіріп тұрған жасөспірімнің қатыгездігінде шек жоқ. Аяушылық лимиті таусылып қалғандай. Оқиға өткен күннен кейін бұзақыларды құқық қорғау органының қызметкерлері түгел ұстады. Сотқа дейінгі тергеу Қа­зақстан Республикасы Қылмыс­тық кодексінің 24-3, 99-2 бөлі­гінің «Бұзақылық ниеті бар адам­дар тобымен кісі өлтіруге оқталу» бабы бойынша жүргізілуде. Кө­ресіз әлі, сол төбелеске қатыс­қандардың біразы «Мен әшейін қарап тұрдым, ернімді былай жалап тұрдым...», «Мен де теріс қарап тұрдым, қашан бітеді екен төбелес деп, минуттарды санап тұрдым» деген сияқты сылтау­ларды сырғанатады дейсің! Ата- аналары да бұзақы балаларын қорғаштап, таныс-тамыр іздей бастады. Бұл – бұрынннан жазы­лып қойылған сценарий ғой...  

Жаныстың ЖАТЫПАТАРЫ