Міне, майшелпек
Міне, майшелпек
Пендешілік періп кеп жі­бер­се, шалқаңыздан түсесіз... Екін­ші дүниежүзілік соғыста да, дүние қоңыздар өліп жатқан сарбаздың қалталарын тінтіп, сағатын, темекісін, әшекейлі заттарын алып жатты. Сол кезде өліп жатқан сарбаз кенеттен тірліп кетіп: – Әй, не істеп жатырсың-ей? – деп қолынан ұстай алса, шал­қасынан түсер еді деп ойлаймын. Ал, бүгінде, мына бейбіт заман­дағы дүние қоңыздар ше? Қазір соғыстан бетер болып кетті ғой, жасырын жау, індет іліп әкетіп жатыр. Өлім-жітім туралы күнде естисің. – Аспиринді қаншадан сата­сың? – деп сұрайды көршісі көршісінен. – Бір пәшкісі екі мың теңге. – Екі мың? – Немене, көзің атыздай бо­лып кетті? – Тиын тұратын еді ғой? – Дәріханаларда бұрын сон­дай тиын тұрған. Қазір олар да қымбаттатып жіберді. – Сен қалай алып жүрсің? – Солай алып жүрмін. – Айтсаңшы, біз де ақша істеп қалайық та? – Танысым бар. – Танысыңа таныстырып, таныстырып қана қоймай, жа­быстырып қойсаңшы? – Жабыстырсам, жейтінім­нен айрылып қаламын ғой. – Парацатомол ше? – Екі мың. – Сенікінің бәрі екі мыңнан екен де? – Ауыз өзімдікі. Қалай ай­там, солай сатам, сосын үйіме көңілді қайтам. – Құдайдан қорықпайды екенсің. – Үйбай, жаңа ғана танысыңа таныстыр деп тәлпіштеніп тұр едің ғой? – деп шап ете қалды көрші әйел. – Қайтер екен деп, әшейін айттым! Біреуге жан қайғы, бі­реуге мал қайғы деген осы екен де? Адамдар қиналып, қырылып жатқанда, алыпсатарлықпен айналысып, күріш арқасында күрмек су іщкендей, дүние қуып кеткенің қалай? – Сен маған ақыл айпай-ақ қойшы, енді бірдеңе десең, бе­тіңді тырнап алам! – Сендейлер онсыз да, қиналған халықтың бетін көк жосадай тырнап алдыңдар! Осындай алыпсатарлар елі­мізде әр тұсынан қылтия бас­тады. Дәріханашыларға ауыз­бас­тырық беріп қойып, тиын тұратын, бірақ короновирус індетіне ауадай қажетті дәрілерді дорбалап тасып, он есе бағасына сатып жүргендер қаншама? "Дәрі-дәрмекті шекті бағасынан қымбатқа сатқаны үшін айып­пұл түрінде әкімшілік жауапкер­шілік қарастырылған. Ал, екінші рет заңды бұзғандардың ли­цен­зиясы тоқтатылады," – деді ден­саулық сақтау министрі Цой баспасөз мәслихатында. Бұдан бөлек, ол дәрі-дәр­мек­ті рецептісіз сатқаны үшін де жауапкершілік барын атап өтті. "Қазақстанда лицензиясыз, интернет арқылы дәрі сату фак­тілері анықталды. Мұндай жағ­дайларға заңмен тыйым салы­нуы керек", – деді министр. Ми­нистрдің сөзіне миығынан күл­ген шымкенттік алыпса­тарлар «айды аспанға» бірақ шығарды. Қала әкімшілігі ұйымдас­тырған рейд барысында дәріні заңсыз саудалап жүрген 50 ден аса алыпсатар ұсталды. Олар ви­русқа қарсы дәрілерді ға­ламтор арқылы жарнамалап, екі, үш есе бағасына саудалаған. Міне, май­шелпек қайда жатыр десеңші? Егер, «осы коронови­рустан жа­зады» десеңіз, қойдың құмалағын да саудаға шығарып, әр данасын мың теңгеден сату­дан тайын­байды. Ұсталған­дардың қолынан «Левомак», «Левомир», «Диме­дрол» сияқ­ты дәрілер тәркіленді. Керек десеңіз,елімізде тіркел­меген, Ресейде сатылуы тиісті дәрілерді де бар болып шықты. Қайдан тауып алады десеңізші? Тоңа­зытқышта сақталуы тиісті дә­рілерді қолтықтарына қысып, омырауларына тығып алған... Беу, дүние-ай, біреуге жан, бі­реуге мал қайғы деген осы да!  

Жаныстың ЖАТЫПАТАРЫ