Пендешілік періп кеп жіберсе, шалқаңыздан түсесіз... Екінші дүниежүзілік соғыста да, дүние қоңыздар өліп жатқан сарбаздың қалталарын тінтіп, сағатын, темекісін, әшекейлі заттарын алып жатты. Сол кезде өліп жатқан сарбаз кенеттен тірліп кетіп: – Әй, не істеп жатырсың-ей? – деп қолынан ұстай алса, шалқасынан түсер еді деп ойлаймын. Ал, бүгінде, мына бейбіт замандағы дүние қоңыздар ше? Қазір соғыстан бетер болып кетті ғой, жасырын жау, індет іліп әкетіп жатыр. Өлім-жітім туралы күнде естисің. – Аспиринді қаншадан сатасың? – деп сұрайды көршісі көршісінен. – Бір пәшкісі екі мың теңге. – Екі мың? – Немене, көзің атыздай болып кетті? – Тиын тұратын еді ғой? – Дәріханаларда бұрын сондай тиын тұрған. Қазір олар да қымбаттатып жіберді. – Сен қалай алып жүрсің? – Солай алып жүрмін. – Айтсаңшы, біз де ақша істеп қалайық та? – Танысым бар. – Танысыңа таныстырып, таныстырып қана қоймай, жабыстырып қойсаңшы? – Жабыстырсам, жейтінімнен айрылып қаламын ғой. – Парацатомол ше? – Екі мың. – Сенікінің бәрі екі мыңнан екен де? – Ауыз өзімдікі. Қалай айтам, солай сатам, сосын үйіме көңілді қайтам. – Құдайдан қорықпайды екенсің. – Үйбай, жаңа ғана танысыңа таныстыр деп тәлпіштеніп тұр едің ғой? – деп шап ете қалды көрші әйел. – Қайтер екен деп, әшейін айттым! Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы деген осы екен де? Адамдар қиналып, қырылып жатқанда, алыпсатарлықпен айналысып, күріш арқасында күрмек су іщкендей, дүние қуып кеткенің қалай? – Сен маған ақыл айпай-ақ қойшы, енді бірдеңе десең, бетіңді тырнап алам! – Сендейлер онсыз да, қиналған халықтың бетін көк жосадай тырнап алдыңдар! Осындай алыпсатарлар елімізде әр тұсынан қылтия бастады. Дәріханашыларға ауызбастырық беріп қойып, тиын тұратын, бірақ короновирус індетіне ауадай қажетті дәрілерді дорбалап тасып, он есе бағасына сатып жүргендер қаншама? "Дәрі-дәрмекті шекті бағасынан қымбатқа сатқаны үшін айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Ал, екінші рет заңды бұзғандардың лицензиясы тоқтатылады," – деді денсаулық сақтау министрі Цой баспасөз мәслихатында. Бұдан бөлек, ол дәрі-дәрмекті рецептісіз сатқаны үшін де жауапкершілік барын атап өтті. "Қазақстанда лицензиясыз, интернет арқылы дәрі сату фактілері анықталды. Мұндай жағдайларға заңмен тыйым салынуы керек", – деді министр. Министрдің сөзіне миығынан күлген шымкенттік алыпсатарлар «айды аспанға» бірақ шығарды. Қала әкімшілігі ұйымдастырған рейд барысында дәріні заңсыз саудалап жүрген 50 ден аса алыпсатар ұсталды. Олар вирусқа қарсы дәрілерді ғаламтор арқылы жарнамалап, екі, үш есе бағасына саудалаған. Міне, майшелпек қайда жатыр десеңші? Егер, «осы короновирустан жазады» десеңіз, қойдың құмалағын да саудаға шығарып, әр данасын мың теңгеден сатудан тайынбайды. Ұсталғандардың қолынан «Левомак», «Левомир», «Димедрол» сияқты дәрілер тәркіленді. Керек десеңіз,елімізде тіркелмеген, Ресейде сатылуы тиісті дәрілерді де бар болып шықты. Қайдан тауып алады десеңізші? Тоңазытқышта сақталуы тиісті дәрілерді қолтықтарына қысып, омырауларына тығып алған... Беу, дүние-ай, біреуге жан, біреуге мал қайғы деген осы да!
Жаныстың ЖАТЫПАТАРЫ