Бұрын өсектің тақырыбы сан алуан болатын. Бүгінде өрттей қаулаған өсектің жалаңдаған жалыны тек коронавирус, пневманияға бағытталып отыр. Еркектер де әйелдерден қалыспай өсек айта бастады. О баста: – Коронавирус деген өтірік! – десті. – Не, сенбейсің бе? – Жоқ сенбеймін! – Дүние жүзінде адамдар қырылып жатыр ғой? – Сене алмаймын! Біздің қазақтарға жұқпайды. – Неге олай ойлайсың? – Ауыруға тойдан қолымыз тимейді! – Қазір әзілдесетін уақыт емес, досым! Короновирус жайыла бастағанда: – Сенбеймін! – десті. – Неге? – Бұл саясат. – Саясатпен халықты қыру дегенің.. – Ия, ия бұл саясат! Кейінірек Шоқан Шұхрат деген әншісымақ: – Сенбеймін! – деп салды. – Неге? – Ұшақтармен вирус сеуіп жүр, көрдім. – Ол су ғой? – Судың ішінде у бар... Адамдар ауырып, өлім-жітім көбейген тұста, Шымкентте, Астанада тойшыл әншісымақтар наразылық танытып, көшеге шықты: – Тойханалар ашылсын! – Ішіміз пысып кетті! – Билегіміз келіп кетті! – Асабалар аштан қатайын деп жатыр! – Әншілер шегіртке емес! – Той, той, той! Адамдар індеттен көз жұмып жатқанда, біреулер шетелге демалуға шығып жатты. Бұл жөнінде белгілі кәсіпкер әлеуметтік желіде былай жазды: «Құрметті қазақ елі! Қазір індеттің салдарын көріп отырсыздар! Адамдар жаппай ауырып, қайтыс болып жатыр. Емханаларда орын жоқ. Дәріханаларда дәрі жоқ! Осының бәрін көре тұра, жасырын той жасап, беташарлар өткізіп, адамдарды асқа шақырып жүрген халайыққа "Доғарыңдар!" дегім келеді. Бұл қаншалықты опасыз екендігін тек жақындарыңыз ауырғанда (Аллах сақтасын!) ғана сезінесіз, бірақ онда кеш болар! Кейбіреулер басқа елге демалуға аттанып жатыр. Дәл қазір, соның керегі не? Бүгін барлық каналдардан Түркия мемлекетіне демалуға кеткен 4 қазақстандық коронавируспен ауырғынын анықтады. Оларды емханаға әкетті, қалғандарды карантинге тықты. Бұндай демалыстың не қажеті бар еді?» Енді өсек мәселесіне келейік. Өсек-өрт. Жанып тұр. Әлеуметтік желі штабтары болды. Сонда ойларына келгендерін жазып болар емес. Бірінен бірі іліп әкетеді. Рас, еліміз есеңгіреп тұр. Індет іркіліссіз, адамдарды жайпап барады. Ол – ақиқат. Үкімет те, президент те жарқақ құлақтары жастыққа тиместен, қолдан келген мүмкіндіктердің бәрін жасауда. Алайда, ауыздары автомат ағайындар өсекті оқша боратуларын қоймай келеді. Бірақ, індетке бұрын сенбей жүргендер, енді сене бастағандай. Сөйтіп, тәубелеріне келе бастағандай. Керісінше, ақыл айтқыш данышпандар көбейді. «Өйту керек, бүйту керек» деп халықты адастыра бастады. Не деген немқұрайдылық дейміз? Жұрт жасырын беташарлар өткізе бастады. Ал, карантин ашылғаннан кейін, бәрі бетімен кетті. Бұл жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ашына айтты: «Өкінішке қарай, Төтенше жағдай режимі тоқтатылғаннан кейін барлық карантин шаралары босаңсып, вирустың таралуы 7 есе өсті» деді. Президент бұл көп жағдайда бірқатар мемлекеттік органдардың жұмысындағы кемшіліктерге байланысты екенін ескертті. Тіпті, мемлекеттік басқару жүйесінің орталық және жергілікті органдары Төтенше жағдай режимі тоқтағаннан кейінгі кезеңде тиімді жұмыс істеуге дайын болмағанын да атап өтті. "Ведомствоаралық комиссия өзіне жүктелген міндетті атқаруға шамасы жетпеді. Мұны ашық мойындау керек. Денсаулық сақтау министрлігі орталық және жергілікті билік органдарының жұмысын үйлестіре алмады", – деді мемлекет басшысы. Ол рас қой, еңбек ұжымдарында, ірі өндіріс орындарында жаппай вирус жұқтыру ошақтары пайда болды. Мәселен, "Атырау облысындағы Теңіз кен орны індет жұқтырудың орталығына айналды. Онда дертке шалдыққан 1222 адам тіркелді. Бүгінде елімізді үрей елесі кезіп жүр. Әсіресе, Шымкентте өлім деректері жиіледі. Ауруханаларда орын жоқ, дәріханаларда дәрі тапшы. «Бетті бастым, қатты састым, тұра қаштым жалма-жан!» дейміз бе? Қайда қашады, ауырғандардың алдынан Ажал «Ассалаумағалейкум!» деп арсыз ақсиып тұрса... Аман болайық, ағайын, өсекті өршітпей, өз денсаулығымызды ойлайық, бұл кесапатты бірігіп жеңейік!
Ратқұм МІРЕШ