«Біртүрлі кісі»
«Біртүрлі кісі»
254
оқылды
 

«Шиті мақта деген не?»

Өтежан Нұрғалиевтің сөйле­ген сөздері де, іс-әрекеті де қы­зық. Әрбір сөзіне мән беріп отыр­масаң, әбден алжасасың. Тіпті қай сөзі қалжың, қай сөзі шын екенін ажыратып алу да мүмкін емес жағдайлар болады. Ол жетпісінші жылдардың басынан сексенінші жылдарға дейін ұзақ уақыт жұмыссыз жүріп, ақыры «Жалын» баспасына ре­дак­тор болып қызметке келді. Сол кезде аздап аралас-құралас болдық. Баспада онымен бір кабинетте отырып қызмет істеген жазушы Нұрқасым Қазыбеков кейінірек «Біртүрлі кісі» деген хикаят жаз­ды. Ол осы шығармасының не­гізгі кейіпкеріне Өтежан Нұрға­лиевті прототип етіп алған-ды. Хикаяттың «Жұлдыз» журна­лын­да жарияланғаны есімде. Баспа басшылығы Өтағаңды шығармашылық жастармен жұ­мыс істеу редакциясына орна­лас­тырды. Жас кезіміз болғандықтан тақырыптық жоспарға өзіміз қарайлас кейінгі буын өкілдерінің қайсысының кітабы еніп отыр, әдебиетке қандай жаңа есім келіп жатыр деген мәселе бізді қатты қызықтырады. Сондықтан бұл редакцияға жиі бас сұғатынбыз. Әрі Өтағаңның әңгімелерін тың­дағымыз келеді. Жұмыс уақытында Өтағаң қы­зық әңгімелер айтып отырады. Ақын әңгімесін аяқтамай орны­мыздан тұрып кете алмайтын кезіміз де болады. Бір күні осы редакцияға бас сұқсам, Өтағаң телефон тұтқасын ұстап отыр екен. Төрегелді Тұяқ­баевтың қасына келіп жайғастым. Өтағаңның үзік-үзік әңгіме­сіне қарағанда, телефон тұтқасы­ның арғы жағындағы кісі Оңтүстік Қазақстаннан хабарласып жатқан секілді. Баспа авторларының бірі екені анық. Мақта шаруашы­лы­ғына байланысты әңгіме қозға­лады. – Мақтаның терімі қашан аяқталады? – деп сұрады Өтағаң. – Келіп әуре болмай-ақ қой, мұн­дағы шаруаны өзім реттеймін, – деді сәлден соң.– Посылка салып тұрсаң болғаны... Иә, иә... Сол шиті мақтадан бір посылка салып жібер... Оны өзім білемін ғой... Не істейтінімді өзім білемін ғой... Әңгіменің ауанын аңғарған бөлмедегі біз – Төрегелді Тұяқ­баев, Күләш Ахметова және мен – мырс-мырс күле бастадық. Өтағаң телефон тұтқасын орнына қойып жатып: – Шиті мақта деген не?– деп бізге бұрылды. Булығып отырған біздің күлкіміз үдей түсіп басылды.  

Су жаңа былғары папкі

Біз оқуға түскен жылдары ақын Зейнолла Тілеужановтың «Лебіз» деп аталатын өлеңдер жинағы жарық көрді. Жинақты студенттер қауымы жылы қа­былдады. Пышақтың қырындай жұп-жұқа кітапты бірімізден біріміз сұрап алып оқыдық. Бірақ, өкінішке орай, ақын шығармашылығының жеткен биігі сол деңгейден ешқашан да биік көтеріле алмады. Бұл, әрине, менің жеке пайымдауым бо­йынша айтылып отырған пікір. Жетпісінші жылдардың аяғында, сексенінші жылдардың басында «Жалын» баспасында осы ақынның бір қолжазбасы үлкен дау туғызды. Ұмытпасам, қолжазба «Толағай тау» деп ата­латын болса керек. Жазылған жабық рецензия­лардың бәрі де «Толағай таудың» қыруар кемшіліктерін көрсетіп, қолжазбаның жариялауға жа­рамсыз екенін айтыпты. Бірнеше редактор өзінің қорытынды пі­кірлерінде бұл қолжазбаны та­қырыптық жоспарға енгізуге болмайтынын, автордың қол­жаз­бамен қайта жұмыс жасауы керек екенін ескертіпті. Автордың жоғарғы жаққа шағымданатынын естіген баспа басшылары Зейнолла Тілеу­жа­новтың бұл қолжазбасымен тағы да бірнеше редактордың танысып шыққанын дұрыс деп тапты. «Жалын» баспасының директоры Қалдарбек Найманбаев пен бас­паның бас редакторы Бексұлтан Нұржекеев мені де шақырып алып, қолжазбаға объективті пікір білдіруімді сұрады. Мен де «Толағай таудың»  сапасының өте төмен деңгейде екенін дәйекті мысалдармен көрсетіп, редак­торлық қорытынды пікір жаздым. Кейіннен білгенімдей, менің пі­кірім Серікбай Оспанов, Төре­гелді Тұяқбаев секілді редактор­лардың пікірімен үндесіп шы­ғыпты. Зейнолла Тілеужановтың бұл қолжазбасы енді Өтежан Нұр­ға­лиевтің қолына ауысты. Өтағаң­ның да жазбаша пікірі өзге ре­дакторлардың қорытынды пікір­лерімен сәйкес екенін естіген қолжазба авторы онымен ауызба-ауыз сөйлесуге баспаға келіпті. Өтағаң Зейнолла Тілеужа­новқа осынша пікірдің бір жерде тоқайласып жатқаны шындықтан адастырмайтынын айтып түсін­діргісі келді. Бірақ ақын өзінің денсаулығының нашар екенін, қолжазбамен бұдан әрмен қарай жұмыс жасай алмайтынын, бірақ қалайда қолжазбасының кітап болып шыққанын қалайтынын айтып біраз уақыт алды. – Кітапты шығарып бере салу қиын емес. Ол менің қолымда, – деді Өтежан Нұрғалиев.– Бірақ ешқандай өзгеріс енгізілмейді. Сен қалай ұсынып отырсаң, сол қалпында жарияланады. Қалай­сың ба? Өкініште қалам деп ойламайсың ба? Зейнолла Тілеужанов қатты қуанып кетті. «Мен де қарыздар болып қалмаймын» деген сыңай­да бірдеңе айтып, алғысын жау­дырып жатыр. Өтағаң одан не дәметсін?! Кенет Зейнолла Тілеужановтың қолындағы былғары папкісіне көз тікті. Су жаңа папкі екен. Оны да қатты ұнатып отырғаны ша­малы болса керек. Бірақ: – Мына папкің өте әдемі екен,– деп мақтап қойды. Зей­нол­ла Тілеужанов апалақтап қалды. – Өтаға, ұнатып отырсаңыз, осы папкіні сізге сыйлайын. Сіз алыңыз,– деп ішіндегі қағаздарын суырып, папкіні босата бастады. – Жо-жоқ, өзің игілігіңе ұста,– деп Өтағаң да азар-безер. – Өтаға, сізден аяйын деп отырған ештеңем жоқ. Өзім сыйлап отырмын ғой. Алыңыз,– деп Зейнолла Тілеужанов шын жүректен ақтарылып жатыр. – Шынымен сыйлап отырсың ба?– деді Өтағаң көзі күлімдеп. Ойына бір қитұрқылық келгенін бәріміз де байқап қалдық. Редак­циядағылар еңсесін көтеріп, екеуіне көз тікті. – Шынымен, Өтаға! – Су жаңа папкі екен. Өкініп қалмайсың ба? – Өкінгені несі, Өтаға. Бұл енді сіздің папкіңіз болады. – Дауың жоқ қой... Менің папкім болады ғой... Солай ма?– деп Өтағаң әбден пысықтап алып жатыр. – Дауыңыз не, Өтаға?! Мен сізге шын жүректен сыйлап отырмын ғой. – Басы бүтін беріп отырсың ба? – Иә, Өтаға. Бұл сіздің пап­кі­ңіз! Қызық екенсіз ғой өзіңіз... Өтағаң папкіні қолына алып, әрі-бері аударыстырып қарады. Зейнолла Тілеужановтың қуаны­шында шек жоқ. Кенет Өтағаң үстелінің суыр­масынан ұстараның өткір алма­сын алып, су жаңа былғары пап­кінің бір бұрышын ойып кесе бастады. Жұрт аңтарылып қалды. – Маған бұл папкінің түгел керегі жоқ. Мына бір пұшпағын ескерткішке алсам жарайды. Басқа жағы сенде бола берсін,– деп Зейнолла Тілеужановтың алдына ысырып қойды. – Өтаға, мұныңыз не? Жап-жаңа папкі еді ғой,– деді Зейнолла Тілеужанов жыларман болып. – Папкіде ешкімнің дауы жоқ. «Бұл сіздің папкіңіз» демеп пе едің жаңа ғана,– деді Өтағаң да саспастан.  

«Ақша ешқашан жетпейді...»

Баспада редакторлардың ай­лығы мардымсыз. 140-145 сом­ның көлемінде. Ал аға редактор болу үшін кемінде төрт-бес жыл қызмет атқаруың керек. Онда да басшылардың көңілін таппасаң, жуық арада дәрежең өспейді. Аға редактор болғаннан соң айлығың 160 сомға көтеріледі. Сондықтан тоқсан сайын бір рет берілетін сыйақы үшін жан алысып, жан берісіп жұмыс жасаймыз. «Жалын» баспасына қызметке келген соң редакторлардың жағ­дайы аса мәз емес екеніне Өта­ғаңның да көзі жетті. Басымыз қосылған бірде осы айлық пен сыйақы жөнінде әңгіме бола қалды. Әркім өз жағдайының ауыр екенінен хабар беріп, ішсең асқа, кисең киімге жарымай­ты­нымызды айтып жаттық. – Ақша ешқашан жетпейді,– деді Өтағаң бір ұзақ әңгімеге кірісетін сыңай танытып. Біз енді оның аузына қарадық. Өтағаң көзі күлімсіреп, өзі «бастан кешкен» бір жағдайды баяндай бастады. – Алматыға келген соң менің де ел қатарлы өмір сүргім келді,– деді ол.– Біздің қатарымыз үйлі-жайлы болған. Көбісінің саяжайы бар. Жеңіл машина мініп жүр­ген­дері қаншама. Ең бастысы, бір­қа­тар ақын-жазушылардың жинақ кассасында ақшасы бар. Бәрі де ақша жинаған ғой. Ішпей-жемей жинады ма, пара алды ма, кітап шығарып қаламақысын жинақ кассасына салып отырды ма, қалай жинады, оны өздері біледі. Айлықтары осы өзіміздің айлы­ғымыздай ғой бәрінің де. 140 сом! Ал Алматыда ақшаң болмаса ешкім сәлем бермейді екен. Мұны Күләш (әйелін айтып тұр – Б.С.Қ.-Н.) та байқап қалды. Ең болмаса адам қатарына ілігіп, әйелімді қуантайын дедім. «Қой, бұл жүрісім жарамас, ақша жи­найын»,– деп ойладым мен. Кас­сада он мың сом ақшаң болмаса, адам қатарына саналмайды екен­сің. Ішпедім. Жемедім. Қолыма түскен ақшаны жинақ кассасына сала бердім, сала бердім. Бір күні жинақ кітапшасын қолыма алып қарасам, ақшамның басы құралып қалыпты. Тоғыз мың тоғыз жүз тоқсан бес сом! Он мыңға бес-ақ сом ғана жетпей тұр. Енді бір бес сом болса, мен де Алматыда адам қатарына қосылайын деп тұрмын. Апыр-ай, ә! Ақшаны жинай берсең, он мыңға жеткізуге болады екен ғой! Ойыма сап етіп Қадыр Мыр­залиев түсе кетті. Ол Алматыдағы ақшасы ең көп ақын ғой. Ақшасы көп болған соң жұрттың бәрі оған сәлем береді. Қызметіңе қара­май­ды жұрт. Талантыңа тем более... Кассадағы ақшаң он мың­нан аспаса, қызметіңді, талантыңды не қылсын! Қадырдан бір бес сом қарыз сұрайын деп ойладым. Кассадағы тоғыз мың тоғыз жүз тоқсан бес сомға қосып, он мыңға толтырып қояйын дедім. Кассада он мың сом ақшам болса, мен ханға сәлем берем бе?! Керісінше жұрт маған сәлем береді ғой. Тура Қадырға тарттым ғой. Тауып алдым. «Осындай да осындай, қарызға бес сом бере тұр, «Ер адамның мойнында қыл арқан шірімес», мен де адам қатарына ілігіп кеткелі тұрмын. Сенен бес сом алсам, кассадағы тоғыз мың тоғыз жүз тоқсан бес сомға қосып, он мыңға толтырып қоямын ғой ақшамды» деп жа­тыр­мын. Қадыр ақшаның бетіне қарасын ба, он сом берді. Мені адам қатарына қосылып кетсін деп тұр ғой. Он сом аз ақша емес. Кассада он мың сомым болайын деп тұр ғой! Үйге екі өкпемді қолыма алып, қуанып жеттім. Есіктен ене бере: – Күләш! Күләш!– деппін.– Біз де адам қатарына қосылып кететін болдық, Күләш! Әйелім аң-таң. – Не болып қалды?– дейді түкке де түсінбей. Қалтамнан он сомды суырып алдым. Қадырдан қарызға сұрап алғанымды айттым. – Осыны апарып салсам, кассада он мың сомым болады ғой! – деп айтып үлгергенімше, әйелім «А-а-а!» деп шалқасынан құлап түсті. Тура сервантқа со­ғы­лыпты. Бір қимайтын әдемі хрус­талі бар еді. Жерге құлап түсіп, быт-шыт болды. Соның орнын толтырмақ болып, кассадан ақша алуға мен кеттім. Сөйтіп әне-міне он мыңға толайын деп тұрған ақшам қайта бұзылды. Бұл ақша дегенің ешқа­шан жетпейді екен ғой. Менің кассадағы ақшам әлі он мыңға толған жоқ. Жұрт та сәлем бермей өте шығады, – деп аяқтады ол әңгімесін. Бұл оқиға шын мәнінде болды ма, болмады ма – мен оған бас қа­тырған емеспін. Бірақ фило­со­фиялық астары бар сөз еді...  

«Көп оқылған кітап...» 

Кім екені есімде қалмапты, әйтеуір бір жас ақын болатын. «Жалын» баспасынан жұп-жұқа 3 баспа табақ өлеңдер жинағын шы­ғарыпты. Қолжазбасының ре­дак­торы Өтежан Нұрғалиев екен. Жаңа кітап жарық көріп, сүйінші данасы келіпті. Авторға тиесілі 10 данасын қолына алған бетінде ол бір кітабын редакторы Өтағаңа қолтаңба қалдырып ұсы­нып жатыр екен. Өтағаң кітаптың баспахана бояуының иісі кетпеген әдемі мұқабасын мыжғылап-мыжғылап, төс қалтасына салып алды. – Өтаға, бұ не қылғаныңыз?– деп ренжіді жас ақын. – Мені қорлап тұрсыз ғой!.. – Жоқ, – деді Өтағаң оған. – Көрген адам қолдан қолға өтіп көп оқылған кітап екен деп ойлайды. Сөйтсек, әлгі жас жігіт кітабы шыққанша талай жерге арыз жа­зып, Өтағаңды әбден мезі еткен екен...  

Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ