Жұмыс тобы облыс орталығындағы 20-ға жуық дәріхананың алдында әлеуметтік қашықтық пен маска тағу ережесінің қатаң сақталуын бақылады.
Тексеріс кезінде дәріханаларда әлеуметтік қашықтық сақталатынын, арнайы белгілер бар екенін, фармацевттер кезекті реттейтінін, сондай-ақ келушілерден маска тағуды талап ететіні анықталды. Одан бөлек, дәріхана иелері мен мамандар қажетті дәрі-дәрмек түрлерінің уақытылы жеткізіліп отырғанын атап өтті.
– Барлық жерде қажетті препараттар бар. Бірақ бірнеше дәріханада бір реттік маскалар болмады. Қалған дәріханаларда қажетті құралдар мен дәрі-дәрмекке байланысты проблемалар болған жоқ. Бағалар қазір барлық жерде бірдей, толық реттелген, – деді «Nur Otan» партиясының Петропавл қалалық филиалы төрағасы-ның бірінші орынбасары Кеңес Мұқышев.
Сонымен бірге дәріханаларда парацетамол, ингавирин және басқа да қызу түсіретін препараттар жеткілікті көлемде бар. Алайда антибиотиктерді сату кезінде проблемалар туындаған. Партия мүшелерінің пікірінше, бұл мәселеде фармацевттер, терапевтер мен тұрғындар арасында қалыптасқан байланыс маңызды болып тұр.
– Емханалар жабық болғандықтан, барлық азаматтардың белгілі бір дәрі-дәрмектерге арналған рецептері жоқ. Сондықтан фармацевттер учаскелік дәрігерлермен тікелей байланысады. Қажет болса, науқасты растап, антибиотиктерді сатуға рұқсат алады. Бірқатар дәріхана мұндай қадамға бара бермейді, – деп қоса айтты Кеңес Мұқышев.
Бүгінде дәрі-дәрмек мәселесіне қатысты мониторинг күн сайын облыс, қала әкімдіктері және Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті тарапынан да жүргізіліп жатыр.
Мадияр ТӨЛЕУ