Жыр болған «Астанафильм» немесе жоба неге тоқтатылды?
Жыр болған «Астанафильм» немесе жоба неге тоқтатылды?
174
оқылды

Бұдан бір жыл бұрын Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында сол кездегі Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Астанафильм» жаңа киностудиясы құрылады деп жалпақ жұртқа жар салған болатын.

«Астанафильм» киностудия­сын құруға қатысты Мемлекет басшысының тиісті тапсырмасы бар екендігін жеткізген ол: «Қа­зір­гі кезде техникалық-эконо­ми­калық негіздемені әзірлеумен айналысып жатырмыз. Бізге осындай киностудияны құру қажет­тілігі байқалып отыр. Мәсе­лен, Венгрия, Чехия секілді аумағы жағынан шағын елдердің өзінде бірнеше ресми киностудия бар», – деді.

Оның айтуынша, Қазақстан­дағы киноиндустрияда қарқынды даму процесі жүріп жатыр, сон­дық­тан алдағы уақытта «Қазақ­фильм» ауқымды жұмыс­тарды игере алмауы мүмкін екен.

Экс министр: «Менің ойым­ша, жаңа студия EXPO-қалашық маңында орналасады. Қазіргі кезде сәулет мәселесі маңызды болып тұр. Себебі, әлемдік киностудияларға туристер көп баратыны белгілі, яғни кино­өндіріс бизнеспен қатар жүргізілуі тиіс. Егерде биыл жобалық-сметалық құжаттаманы аяқтасақ, онда алдағы жылы құрылыстың бас­талуына өтінім жібере ала­мыз», – деп нақты жері мен құры­лыстың биыл басталатынын да жеткізген болатын.

Алайда жыл өтті, құрылыс жоқ, «Астанафильм» туралы сы­быс та тоқтағандай болып қалған еді. Өйткені Арыстанбек Мұха­ме­ди­ұлы кетіп орнына Мәдениет және спорт министрі болып Ақтоты Райымқұлова келген болатын.

Жоқ, «жабулы қазан» сол күйінде қалмайды екен. Келе сала терминдермен алысқан су жаңа министр Ақтоты Райым­құлова «Астана» киностудиясы жобасы жайында сөз қозғады. Бұл мәселе туралы: «Жұмыс шынында да, уақытша тоқтатылды. Себебі, бұл – өте салмақты жоба. Біздің еліміз үшін керемет әрі қоғам үшін маңызды жоба шынайы іске асу үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылып, есептеліп жатыр. Меніңше, жуық арада сіздерге бәрін есептеп, жауап береміз. «Астана» киностудиясының жо­ба­сы объективті себеп бойын­ша уақытша тоқтатылды», – деді Ақтоты Райымқұлова Үкімет отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында.

Министр айтқандай, еліміз үшін керемет, әрі қоғам үшін маңызды жоба болса, оны тоқта­тып қоюға не себеп? Жауап қашан беріледі? Бұл сұрақтар көкіректе сайрап тұр. Елбасының тапсыр­ма­сы қашан орындалады деп біз жүрміз. Мүмкін «Астана­фильм­ді» қолға алмаса да болар, кейін басталып, жарты жолға жетіп тоқтап жатқан жобаның бірі болып қалмасына кім кепіл?


Әділ БЕК