Көл жағасындағы халық ауызсуға жарымай отыр
Көл жағасындағы халық ауызсуға жарымай отыр
212
оқылды
 

Екі жыл бұрын тартылған судың қызығын екі күн де көрмеді

Тарбағатай бойынша Ақсуат пен Ақ­жардан кейінгі үшінші ірі елді мекен са­налатын Тұғыл ауылындағы тұрғын­дар­дың айтуынша, су ауыл­дың жартысына сыз­дықтап, тамшылап қа­на ағады, жартысында мүлдем жоқ. Елдің бақ­шалары қурап жа­тыр. Қазір бес мыңға тар­та тұрғыны бар ауыл­да әкім де жоқ. Шама­сы жағдай тым ушы­ғып бара жатқан соң, өз ер­кімен арыз жа­з­ып, жұмыстан кетіп қалғанға ұқсайды. Ауыл әкімінің міндетін уақытша ат­қарып жүр­ген маман ауылға тартылған су­дың не­ліктен сыздықтап, тамшылап тұрғанын түсін­діріп бере алмайды. Ал Тұғылдың жа­сы мен кә­рісі өмір сүру үшін шіліңгір шіл­денің ыс­ты­ғында сағаттап су кезегіне тұруға мәжбүр. Екі жыл бұрын ауылға жаңа су құбыры тар­­тылғанда балаша қуанған тұғылдықтар жапа-тармағай үйлеріне су тартқызған. Бірақ тір­шілік көзі болған сол су ақыры үйлеріне кір­меді. Биыл сәуір айынан бастап жағдай тіпті қиындай түскен. Мәселен, бір шелек су жинау үшін құбырдан тамшылап қана аққан суды сағаттап, ал флякті тол­тыру үшін тәу­лік­теп тосады екен тұрғындар. – Су тартып жатқанда мердігер бізге те­­зірек суды үйлеріңе кіргізіп алыңдар, кейін көшеде колонкалар болмайды деді. Содан үйге тарттық, 70 мың теңгедей қар­жы кетті. Келісімге отырып, есептеуіш құрал­дарын түгелін орнаттық. Алайда сол суға қолымыз жет­педі. Жоқ. Аудандағылар бізді ауызсуды шаруашылыққа қолданады, бақшасын, малын суарады, сондықтан жетпей жатыр деп кінә­лайтын көрінеді. Біз қанша пайдалансақ та, судың ақысын төлеп отырамыз ғой, қала­дағы­дай. Бірақ сол судың өзі жоқ қой, төрт айдан бері осындай қиыншылық, аулаға еккен гүл­деріміздің бәрі солып қалды, – деп ашынады ауыл тұрғыны, көпбалалы зейнеткер ана Нәзипа Кешубаева. Көшедегі колонкалар қазір жұмыс істе­мейді. Жаны қысылған халық су құбыры ко­лонкаларының жанындағы құдықтардың қақ­пағын ашып, сондағы суды құбыршек­пен сорып алып күнелтуде. Халық қазір коронавирус індеті өршіп тұр­ған уақытта ауыл сыртындағы ұңғымадан су тасуға мәж­бүр. Бір барғанда ол жерге 20 адам­ға дейін жиналып қалады екен.  

Әу баста кемшілік кетіпті

– Құрылыс әу баста кем­ші­лікке толы болды. Тартылған тұрбалардың диаметрі, орна­тылған қондырғылардың бәрі тиісті нормативтерге сай емес. Құдықтардың бәрі ашық жатыр. Ереже бойынша олардың үсті мен асты бетондалып, ішіне түсетін темір басқыш орнатылуы керек. Тіпті, су жиналатын резервуардың төбесі ашық тұр, оған неше түрлі қоқыстар, құстар да түсіп кетуі мүмкін ғой. Су ұңғыманың ішіне қайта құйылып, лайланып жатыр. Қазір екі ұңғыма да жұмыс істемейді, біреуінде жарық пайда болған. Бұл кемшіліктер маман емес адамға да белгілі жағдай. Өткенде санамалап көрсем елуден астам кемшілік бар екен. Қорыта айтсақ, ауылға аудан, облыстан басшылар келсе суды қосады, бәрі жақсы дейді. Артынша су қайта жоғалады. Биыл 28 мамырда аудан әкімі мердігермен бірге келіп халықпен кездескен. Сонда маусымның 15-де су мәселесі шешіледі деген. Бірақ әлі күнге дейін су жоқ, – дейді тағы бір ауыл тұрғыны Ержан Ықыласов. Оқырманның есіне сала кетсек, ауылдағы су құбыры желісін қайта құру жобасы «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасының аясында 2017 жылы қолға алынған. Нысан қолданысқа 2018 жылы берілген. Өкінішке қарай, су құбырының құрылысы кезінде мердігер мекеме тарапынан жіберілген кемшіліктер ауылды толық сумен қамтуға мүмкіндік берер емес. Мұны ауылдың атқамінерлері де жасырмайды. – Мердігер мекеме тарапынан қалайда құрылыс сапасыз жүргізілді. Алдымен сорғыны ауыстырды, артынан ұңғымада проблема пайда болды. Аудан әкімі 6 млн теңге бөліп, қосымша тағы бір ұңғыма жасады. Жаңа жобада 5 киловаттан үш сорғы қаралған, барлығы – 15 киловатт. Жаз кезінде суару көп, сондықтан бұл сорғылар да жетіспеді. Сондықтан жаңа су құбырында тұрған екі өрт сөндіру сорғысының бірін қостық. Мұнда тағы жиілік қою қажет, ол бірақ конкурстық негізде болмақ. Енді бәрі қалпына келді ме деген кезде жаңа көлемді резервуар шыдас бермей, жарықшақ пайда болды. Қазір мердігер екі жылға арналған кепілді міндеттемесінің аясында қайтадан жөндеп жатыр. Бұл сапасыз жүргізілген құрылыстың нәтижесі екені анық, – дейді Тұғыл ауылы әкімінің міндетін атқарушы Қанат Свенов.     

Айналып келгенде, ауыл тұрғындары кінәлі бола ма?

Ауылдың қазіргі уақытша басшысының айтуынша, адамдар ауызсуды мақсатына сай жұмсамай отырған көрінеді. – Қыста жаңа су құбырындағы су артығымен жетеді. Ал жазда бәрі бақша суарады. Сол себепті резервуардағы су тез таусылып қалады. Жаңа су құбыры 900 үйді сумен қамти алады, ал ескі құбыр суы 400 үйге жетеді, – дейді Қанат Свенов. Тарбағатай ауданына қарасты Тұғыл ауылына су құбырын тарту жобасына мемлекет қазынасынан барлығы 804 708 224 теңге бөлінген. Бұл goszakup.gov.kz сайтында көрсетілген ресми мәлімет. 2017 жылы 481 миллион теңгеден астамы төленген. Негізгі келісім тапсырыс беруші – Тарбағатай аудандық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі мен жеткізуші – «ПМК ҚҰРЫЛЫС» ЖШС арасында 2017 жылдың маусым айында жасалған. Кейін келісімге бірнеше рет өзгерістер енгізілген, соңғы қосымша келісім 2018 жылдың 9 ақпанында жасалған. sy Оқырманға түсінікті болу үшін айта кетейік, 2017 жылы «ПМК ҚҰРЫЛЫС» ЖШС-ін Ақжар сайлау округі бойынша сайланған облыстық мәслихаттың депутаты Қайрат Нәбиев басқарған.Бүгінгі таңда кәсіпорынның бірінші басшысы Қанат Қалелов деген азамат болса, құрылтайшысы – Салтанат Қасымова деген ханым. Сол 2017 жылы аталмыш кәсіпорын осы Тарбағатай ауда­нындағы Жаңалық ауылына да су құбыры желісін тарту құрылысын тендерде жеңіп алған. Келісім  2017 жылдың 10 шілдесінде жасалған. Нысанды тапсыру мерзімі 2017 жылдың соңы болған. Келісім бойынша жобаның жалпы құны – 412 755 688 теңге. Ауылдағы ағайынның арыз-арманын мұқият тыңдап болған соң, Тұғыл ауылындағы су құбыры желілерінің жағдайы бойынша аудан әкімдігіне хабарластық. Ондағылар да құдды бір-бірі­мен келісіп алғандай, ауыл бас­шы­сының айтқандарын қайталап берді. Әкімдіктегілердің айтқан­дарынан ұққанымыз, бұл нысан 2018 жылы қолданысқа берілсе де, әлі күнге дейін аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің тең­геріміне алынбаған екен. Оған біткен нысаннан қайта-қайта кем­шіліктер шыға бергені басты себеп болуда, кемшіліктер түзелмей, теңгерімге алынбақ емес. Әзірге нысан аудандық құрылыс бөлімінің қарауында тұр.  – Тұғыл ауылындағы су құ­быры желілерін қайта құру ны­саны бойынша мердігер – «ПМК ҚҰРЫЛЫС» ЖШС, нысан 2018 жылдың 21 желтоқсанында қа­былданды. Қазір ауылда 1 090 аула болса, соның 841 тұрғын үйіне су кіргізіліп тұр. Су ауыл­ға толыққанды жету үшін ұң­ғыма, барлығы жеткілікті. Тұ­ғыл ауылының су құбыры желісі жоба бойынша тек таза ауызсу үшін пайдалануға арналған. Бірақ халықтың басым көпшілігі шаруашылық тұрмыста пайда­ланған соң судың қысымы жет­кіліксіз болып қалды. Тұғыл ауы­лында ескі трассалар да жұмыс істеп тұр, жаңа трассалар толық қосылған жағдайда ескісін өшіріп, суды толық көлемде беретін боламыз, – дейді аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Серік Сабырбаев.   P.S.

Міне, Тұғылдың ауызсуына қатысты аудандағы атқамінерлер осылай жауап берді. Олардың айтқандарына сенсең бәрі дұрыс, бәрі керемет. Суды бақшаға бей-берекет ағызған халықтың өзі кінәлі. Ал сусыраған  халықтың жан айқайы анау. Айтпақшы, Тұғылда ауызсу ғана проблема емес. Ауылды Зайсан көлінен қорғап тұрған үлкен бөгетті де толқын шайып, әбден тозығы жеткен. Ол жарылса, бүкіл ауылды су шаю қаупі тұр. Бұған ауылдың қоқыс полигонының да шешілмеген мәселесін қосыңыз. Бұларға алдағы уақытта жеке-жеке тоқталатын боламыз.

 

Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысы