Байрағынан байқалар әскерімнің айбары
Байрағынан байқалар әскерімнің айбары
Қазақстан Қарулы Күштерінің Туы (жаңа нұсқа жобасы)
Біраздан қалыптасқан демократиялық қалып бойынша бұл жоба да қабылданбас бұрын қоғамдық талқылауға шығарылды. Қорғаныс министрлігінің түсіндіруінше, құжат Қарулы Күштердің қолданыстағы әс­кери нышан-символдарын біріктіріп, бірегейлендіруге және жетілдіруге бағыт­талған. Нәтижесінде, олардың сапасы жә­не сыртқы түрінің эстетикасы жақсаруы тиіс. Әйтпесе, 1996 жылғы 18 шілдеде қа­был­данған қолданыстағы әскери ны­шан­дар туралы Жарлық содан бергі армия құ­рылы­мында болған өзгерістерді ескер­мей­ді, құжаттың кейбір ережелері мүлдем ескірген.  

Өзгерістер мәні неде?

Сонымен, егер Жарлыққа ел Пре­зиден­ті қол қойса, әскери салада қандай елеулі жаңалықтар жолдама алмақ? Біріншіден, Қарулы Күштердің бұрын болмаған, жаңадан дайындалып отырған әскери нышандары, олардың сипаттамасы, түсі және схемалық бейнесі және олар туралы ережелер бекітілмек. Екіншіден, ұлттық армиямыздың жаңа, қайта қаралған эмблемасы пайда бо­лады деп жоспарлануда. Үшіншіден, Қазақстан әскерінің символдарынан кириллица жаппай кетіп, әскери нышандардағы барлық жазуда қа­зақ тілінің латын әліпбиі қолданыла бас­тауы керек. Төртіншіден, Қазақстан Қарулы Күш­тері құрылымдық бөлімшелерінің, атап айтқанда Қарулы Күштердің 4 түрінің – Құрлық әскерлерінің, Әскери-әуе күш­тері­нің, Әуеге қарсы қорғаныс әскерлері­нің және Әскери-теңіз күштерінің тулары жойылуы мүмкін. Себебі олардың екеуі қай­та ұйымдастырылған. Нақтылай кет­сек, Әскери-әуе күштері бүгінде Қарулы Күштеріміздің бір түрі саналмайды, ол тек Әуе қорғанысы күштерінің құрамына кіретін әскер түрі ғана. Бесіншіден, «әрбір әскери бөлімнің Жауын­герлік туы» (яғни, Боевое знамя воинской части) деген нышандар да тарих еншісіне кетпек. Алтыншыдан, Қорғаныс министрінің құзыры күшейтіледі: ол ҚК құрылымдық бөлімшелерінің әскери нышандарын және оларды әзірлеу, орналастыру, жөндеу, ауыстыру және жою қағидаларын бекітеді. «Бұл Қарулы Күштердің ұйымдық-штаттық құрылымын үздіксіз реформалау, жетілдіру және оңтайландыру жағдайында қажетті өзгерістер мен толықтырулардың уақытылы енгізілуін қамтамасыз етеді», – дейді Премьер-Министр Асқар Мамин Президент Жарлығы жобасына түсіндірме жаз­басында. Сонымен қатар бұл құжат ай­налымын едәуір азайтады, әрі әскери рәміздерді әзірлеуге жауапты лауазымды тұл­ғалардың жұмыс тиімділігін арттырады. Тұтастай алғанда, бұл жоба ұлттық Қарулы Күштеріміздің имиджін арттыруға, жауынгерлер мен өскелең ұрпақ арасында тәрбиелік-идеологиялық жұмысты же­тіл­діруге, армия бейнесін жақсартуға және оны сапалы жаңа деңгейге көтеруге, қол­да­ныстағы нормативтік-құқықтық құжат­тарда кездесетін қайшылықтарды жоюға мүмкіндік береді. «Жобаны іске асыру теріс әлеуметтік-эко­номикалық, саяси, құқықтық, өзге де сал­дарға соқтырмайды. Қосымша қаржы бөлуді талап етпейді. Әскери нышандар рес­публикалық бюджетте көзделген қара­жаттар аясында кезең-кезеңмен сатып алынады», – дейді Үкімет басшысы. Күн астында қалықтаған алтын бүркіт Қолданыстағы тәжірибе бойынша Қазақстанның Қарулы Күштерінің әскери нышандарына келесілер жатады: біріншісі – Қарулы Күштер түрлерінің тулары, соның ішінде Құрлық әскерлерінің, Әс­кери-әуе күштерінің, Әуеге қарсы қор­ғаныс әскерлерінің және Әскери-теңіз күштерінің тулары. Екіншісі – Қарулы Күштер әскери бөлімдерінің жауынгерлік тулары. Үшіншісі – Қарулы күштер ны­шаны (символы). Жарлықтың жаңа редакциясы қабыл­данса, бұлардың орнына не келеді? Қарулы Күштердің әскери нышандары ретінде мыналар танылмақ: 1) Қарулы Күштер Эмблемасы; 2) Қарулы Күштердің Жалауы (Знамя ВС РК); 3) Қарулы Күштердің Туы (Флаг ВС РК); 4) Қорғаныс министрінің Эмблемасы; 5) Қорғаныс министрінің Байрағы (Штандарт министра обороны); 6) Қарулы Күштер Жоғарғы Бас қолбасшысының Туы (кемеде қойылады); 7) Қорғаныс министрінің Туы (кемеде тұрады); 8) Қарулы Күштер әскери-теңіз туы. Қорғаныс министрлігінің түсіндіруін­ше, қолданыстағы «Қарулы Күштер ны­ша­ны (символы)» «Қарулы Күштер Эмб­лемасымен» ауыстырылады. «Өйткені символ деген ұғым неғұрлым кең мағынаға ие. Мысалы, нышандарға эмблема-тулар, елтаңбалар, жалаулар, жалаушалар, брейд-жалаушалар, гюйстер, байрақтар және тағы басқасы жатады», – дейді Қорғаныс ведомствосы. Жаңа Жарлық жобасы қолданыста­ғысының бірқатар қайшылықтарын жоюы керек. Мысалы, қазіргі редакциядағы эмб­лема сипаттамасында «күн мен сәу­ле­лер контуры бар» деп жазылған. Ал шы­нын­да онда күннің тек контуры емес, то­лық бейнесі түсірілген. Бұған қоса, жаңа құ­жатта эмблеманың қандай құрамдас бө­ліктері қандай түске боялатыны нақ­тыланады. Бұл оны жасау кезінде қай­шы­лық­тар және жөнсіздіктер болмауы үшін қажет. «Қазақстанның Қарулы Күштерінің Эмблемасы – жиектері алтын түсті кон­тур­мен көмкерілген қызыл күрең түсті бес бұрышты жұлдыздың бейнесі түрінде болып келеді. Жұлдыздың ортасында ал­тын түстес сәулелі күн, төменгі бөлігінде қалықтап ұшқан алтын бүркіт бейне­ленген», – делінген жаңа құжатта. Ал қолданыстағы Жарлықта: «ҚР Қарулы Күштерінің Нышаны – ортасында күн мен сәулелер контуры бар бес бұрыш­ты жұлдыз. Оның астында – қалық­тап ұшқан бүркіт бейнесі. Түрлі-түсті бейнеде ҚР ҚК нышаны екі түсті: қызыл-күрең және алтын түсті», – деп қана берілген. Қолданыстағы тәжірибеге сай әскери кеме ішінде Мемлекет басшысы, Жоғарғы Бас қолбасшы барлығын білдіру үшін Қа­зақ­стан Президентінің Штандарты пай­даланылады. Яғни, кемеде президенттік байрақ желбіреп тұратын. Жаңа Жарлық жобасында Мемлекет басшысының әске­ри-теңіз саласының символына бейімдел­ген арнайы туын енгізу ұсынылады. KK tu Онда не бейнеленген? «ҚР Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының Туы (кемеде) тікбұрышты мата түрінде бо­лып келеді, ол тігінен екі бөлікке бөлін­ген: көгілдір түсті жартысы (шкаторинаның жанында) және ақ жартысы (еркін бөлігі) бар. Тудың көгілдір жартысының орта­сында – Мемлекеттік Елтаңба, тудың ақ жар­тысының ортасында – алтын түстес жиегі бар қызыл жұлдыз орналасқан». Ұсынылып отырған құжатта Қарулы Күш­тердің құрылымдық бөлімшелерінің әскери нышандары жойылды: олардың қатарында ҚК Бас штабы бастығының туы, Әскери-теңіз күштері бас қолбасшы­сы­ның туы, Әскери-теңіз күштері Бас шта­бы бастығының туы, кемелер құрама ко­мандирінің брейд-жалаушасы, кемелер то­бы командирінің брейд-жалаушасы, рейдтегі ағаның (старший) брейд-жа­лау­шасы бар.  

Жалау мен Ту

Әскери жәдігер ретінде Қазақстан Қарулы Күштерінің Жалауы ұсынылды. Ол біздің жауынгерлердің бір-біріне деген құрметін, қазақ халқына тән ерлікті, даңқ пен жауынгерлік дәстүрді білдіреді. Жалау әрбір әскери қызметшіге оның Отанға адал қызмет ету, Қазақстанды өз өмірін ая­май, қасық қаны қалғанша батылдықпен және шеберлікпен қорғау бойынша қа­сиетті борышын еске түсіріп тұрады. Әрбір сар­дар мен сарбаздың бойына парыз, ар-намыс, батылдық сияқты қасиеттерді дарытады. Жалау тек бір данада жасалады. Ол екі жақты матадан, шашақ-үшта­масы бар сабынан, қапсырмадан және тұтқадан, алтын түсті тоқымалы баудан тұрады. Матасы төрт бұрышты, көгілдір түсті. 3 жағынан алтын түсті шашақпен әдіп­телген. Беткі жағының ортасында  ал­тын түсті Мемлекеттік елтаңба орналасқан. Жоғарғы жағында: QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY, төменгі жағында – OTAN ÚSHIN деген алтын түсті жазулар бар. Жалаудың сырт жағының ортасында – Қарулы Күштер Эмблемасы тұр. Жоғарғы жағында MINDET, ABYROI, ERLIK, астыңғы бөлігінде  QARÝLY KÚSHTER  де­ген алтын түсті жазулар жазылған. Осы орай­да, мұның жоба екенін еске сала кет­кен жөн. Демек, алда қазақ тілінің латын­ша жаңа алфавиті бекітілсе, осы жазбалар жаңа графикаға сәйкес жазылатын болады. Жалауды Қарулы Күштерге ел Прези­ден­ті салтанатты жағдайда табыс етеді. Жалауды тапсырған кезде оған Пре­зи­денттің Грамотасы қоса беріледі деп қарас­тырылып отыр. Ал Қазақстан Қарулы Күштерінің Туы – ұлттық армиямыз құрамына кіретін департаменттердің, бас басқармалардың, орталықтардың және басқа құрылым­дар­дың, Қарулы Күштерді әскери басқару ор­гандарының, сондай-ақ әскери бөлімдердің барлығына қойылмақ. Ту көгілдір түсті матадан жасалған, ортасында ҚК Эмблемасы, ал тудың сабында алтын түсті ұлттық ою-өрнек бейнеленген. ҚК Туы қажеттілігіне қарай көп көлемде шы­ғары­лады.  

Символика бойға сенім құяды

Қарулы Күштердің Тыл бас басқар­масы­ның заттай қамтамасыз етуге жауапты бағытының аға офицері Ж.Шаймұратов әскери нышандар жобасы бойынша өз қо­рытындысын берді. – Жалпы, әскери символиканы қол­дану – жауынгерлерде армияға қатысы бар болғаны үшін мақтаныш сезімін тудырады, ол офицерлер мен сарбаздардың жауын­герлік даңқ сабақтастығының рәмізі сана­лады. Әскери нышандар тарихи тәжі­ри­беден, әскери жылнаманың батырлық бет­терінен, ата-бабалардың дәстүрінен та­мыр тартады. Бұлар ел қорғанындағы азаматтардың патриоттық санасы мен моральдық рухын нығайтуға, әскери ұжымдардың бірлігі мен қайсарлығын шыңдауға ықпал етеді. Бұл ретте ұсынылып отырған жаңа әскери символиканың тәрбиелік, ақпараттық және идеологиялық маңызы зор. Ол біздің Қарулы Күштердің сипаты мен ерекшелігін паш ететін әрі нақты мәнге ие символдар жиынтығынан құралған, – дейді подполковник. Сонымен бірге бұл армияны физика­лық және моральдық қасиеттерін ұштауға, Отанға деген сүйіспеншілікке, өз халқына адал болуға, қойылған міндеттерді орын­дауға және жеңіске қол жеткізуге баулиды. «5 бұрышты жұлдыз бейнесін пай­да­ланудың себебі бар: біріншіден, пентаг­рам­ма – ежелден тұмардың, қорғаныстың, күзет пен қауіпсіздіктің символы. Яғни, оның байырғы символикалық мағынасы Қарулы Күштеріміздің негізгі мұратына толық сәйкес келеді. Екіншіден, жұлдыз – Ұлы Отан соғысы жылдарында Жеңіс туын тіккен айбарлы қазақстандық жауын­герлердің иығы мен жағасындағы айырым белгісінің негізгі геральдикалық элементі болды. Сол сұрапыл майданда елді қорға­ған әскери бөлімдеріміздің жауынгерлік туларында да жұлдыз бейнеленді. Осы дәстүр сақталып, тәуелсіз Қазақстан офи­цер­лерінің погондарында да алтын жұл­дыз­дар пайдаланылады», – деді Ж.Шай­муратов. Әскери нышандар жобасын Тұңғыш Президент – Елбасы атындағы Ұлттық қор­ғаныс университеті де зерттеген екен. ЖОО бастығының орынбасары – штаб бас­тығы, генерал-майор Лут Әлшекеннің пі­кірінше, әскери символдарымыз бір­шама жетілдірілді: жұлдыз аясында нақ­тыланған сәулелері бар алтын күн және оның астында қалықтап ұшқан бүркіт пайда болды. Бұл мемлекеттік және аумақ­тық геральдика қағидаты бойынша армия­ның Қазақстанға қатыстылығын білдіреді. Сөйтіп, әскери символдар мемлекеттік символдармен қабысуда. Өйткені әскери геральдикалық белгілер қазіргі заманда әртүрлі функционалдық мақсатта қолда­нылады. Тиісінше, мысалы шетелде әске­ріміздің төл белгісіне қарап, кез келген жан оның Қазақстанға тиесілі екенін анық байқағаны абзал. Бұдан бөлек, жаңадан әзірленген сим­воликаға мағыналық жүктемесі бар ұран­дар жазылып отыр. Бұл – дамыған елдердің үлгісі.  

Елдос СЕНБАЙ