Саммари: өзгенің кітабына қарап, кітап жазу
Саммари: өзгенің кітабына қарап, кітап жазу
572
оқылды
Негізі, нон-фикшн кітаптарға саммари жасау жаңа кәсіп емес. Осы бағытта жұмыс жүргізуді 1978 жылы АҚШ-та Soundview компаниясы қолға алған. 40 жылдан астам уақыттан бері бар бизнес бүгінде тіпті өзекті бола түсті. Сынаптай сырғыған уақыт пен жарық жылдамдығымен өзгеретін заман талабына сай келу үшін саммари форматын қолайлы көретіндер көбейді. Алдымен саммаримен та­ныс емес оқырманға аз-маз ақ­парат берсек, бұл — көркем шығармалардан басқа кітаптардың қысқаша мазмұны. Мұны Smart Reading, яғни ақылмен оқу деп те атайды. Әдетте, көркем әдебиетке жатпайтын кітаптарда бет санын көбейту үшін «сылдыр су» көп қосылады. Кейде артық ауыз ақпараттың көптігі сонша, соңына жеткенше асық боласың. Яғни, саммари деген — сығып, нағыз сөлін беру. Бүгінде саммари жасайтын халық­аралық компания аз емес. Олар жергілікті халықтың тілінде ғана емес, бірнеше тілде қызметін ұсынады. Мысалы, швейцариялық GetAbstract компаниясының өнімдері халықаралық тілдерде саммари шығарады. 2014 жылы нарыққа келген Blinkist неміс компаниясы қазір алдыңғы қа­тарда. Ағылшын тіліндегі сам­марилерді көптеп табуға бола­ды. Орыс тілінде қызмет көр­­сететіндер де бар. Ал қазақша контент жеткілікті деуге келмейді. «Мазмұндама» қоғамдық қоры әлемдік нон-фикшн кітаптардың саммариін жасап жатыр. Бүгіннің өзінде платформада отызға тарта мазмұндама тұр. Оның ішінде көшбасшылық пен тұлғалық дамуға арналған әлемнің үздік шығармалары жинақталған. Сонымен бірге саммари түрінде мазмұндап, оқырманға ұсынып жүрген авторлардың бірі — Марфуға Шапиян. «Сүйікті әйел болудың құпиясы», «Вавилондағы ең бай адам», «Таңғы уақыттың берекесі», «Сезіміңіз суымасын десеңіз» және тағы басқа шығар­малардың саммари нұсқасын жасаған.   RaisaРаиса Сайран Қадыр,  Steppe & World баспа­сының негізін қалау­шы:  

Автордың рұқсатынсыз жазуға болмайды

Қазақ тілінде қандай кітап шықса да, қуанып отырамын. Тек кітап шығару индустриясының белгілі ережелері барын айтқым келеді. Соны көпшілік онша білмейтіндей көрінеді. Саммари дегеніміз — шығарманың қысқартылған түрі. Оны кейде адаптация деп те атайды. Енді бірі мазмұндау, пішіндеу, жетілдіру дейді. Бірақ қалай десек те, түп-төркіні — кітапты қысқартып, ондағы ойды оқырманға жылдам жеткізу. Біз мәселен әлемнің ең мықт­ы авторларымен жұмыс істейміз. Олардың рұқсатынсыз ешбір кітап та, саммари да басылмайды. Өйткені шығарманы жазған адамның құқығы болады. Шетелде көбіне саммарилерді тегін жасайды. Ал коммерциялық жоба ретінде шығарып, сатып, пайда табатын болса, автордың рұқсатын алмастан саммари жазуға болмайды. Жазып, оны тегін таратамын десе, әңгіме бөлек. Өйткені мұнда мақсат — пайда табу емес. «Кітапта осы жайы айтылады» деп қысқа ғана талдауға болатын шығар. Бірақ көлемі шығарманың он пайызынан асып кетсе, онда автордан рұқсат алу қажет. Мысалы, саммари шығаратын Blinkist компаниясы бар. Онда мәтін түрінде де, аудио форматта да бар. Ол жақта 10-30 бет аралығында ғана қысқаша мазмұндалады. Бірақ соңғы кездері компанияны сотқа сүйреген жағдайлар көп болып жатыр. Соған байланысты өткен жылдан бері авторға табыстың он пайызы көлемінде ақы төлей бастады. Ал қандай жағдайда еш рұқсат алмастан жазуға болады десеңіз, public domain, яғни жалпыхалықтың игілігіне өткен болса. Бұл дегеніміз —  автордың өмірден өткеніне 70 жыл толса деген сөз. Мәселен, Шекспир, Оруэлл кітаптарын шығарып, аударып, сату үшін рұқсат алудың қажеті жоқ. Ал көзі тірі авторлардың еңбегін пайдалану жөн емес. Көпшілігі саммариді құптағанда қысқаша мазмұндамасын оқып, түп­нұсқасын іздейді дейді. Бәлкім, бір жағынан маркетинг тәсілі ретінде қарауға болатын шығар. Дегенмен автормен келіскен дұрыс деп есептеймін. Олай етпеген жағдайда копирайтинг заңы бұзылады. Репутация өте маңызды екенін ұмытпау керек. Тіпті, автормен келісу үшін бізден көмек сұраса, қол ұшын беруге дайынбыз. Бастысы, автордың құқығын бұзбаса болды.   armanАрман Әлмен­бет, бас­па­гер:  

Нәзирагөйлік дәстүрге ұқсайды

2015 жылдары «Сығын­ды» деген атаумен журнал шығарсам деп ойлағам. Сол жаққа оқыған дүниелерімнің қысқар­тылған нұсқасын жазсам дейтінмін. Ондағы ойым — жақсы кітап­тардың негізгі ойын беру. Себебі біріншіден, кітаптың бәрін аударып шығаруға үлгермейміз. Екіншіден, ол кезде авторлық құқық үшін төленетін соманы беруге нарықтың күші жет­пейтін. Одан бері салыстырмалы түрде нарық алға жылжыды. Әрі өзімізде де мазмұндама, саммари деп шығарыла бастады. Қазақта «нәзирагөйлік» деген дәстүр бар. Яғни,  шығыс, араб, парсы тілдеріндегі жырларды өзінше жеткізген. Осы тұрғыдан алғанда, халыққа керек деген мақсатпен істеліп жатқан дүниені құптаймын. Яғни, көркем шығарма емес, нон-фикшн кітаптарға саммари жасалғанында тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын.   ShingisШыңғыс Мұқан, «Мазмұндама» қоғам­дық қорының негізін қалаушы:   

Америкада авторлық құқық алу міндетті емес

Америкада жүргенде саммари форматы туралы көп іздендім. Ол жақта кітапты оқымас бұрын көбіне қысқа нұсқасын оқып шығады екен. Содан кейін барып өзіне нақты қажет болса ғана толық оқиды. Америка заңында саммари үшін авторлық алу шарт емес екен.  Бұл кітаптарды насихаттаудың бір жолы деп саналады. Осыдан соң біздегі заң қалай екенін қарадым. Қазақстанда «Авторлық құқық туралы» заң бар. Ол жерде шолу үшін авторлық құқық міндеттелмеген. Саммариді қолға алған тағы бір себебім — қазақшаға аударылмай қалған қанша әдебиет бар. Қазақ оқырмандарына жаным ашиды. Өзім ағылшынша оқыдым. Дегенмен екінің бірінде ондай мүмкіндік бола бермейді. Сол мақсатта мазмұндауды қолға алуды ұйғарған едім. Бүгінде авторлық құқығын алып, саммариге түскен кітаптарды аударумен айналысып жатырмыз. Әрі жасаған дүние­лерімізді баспасөз беттерінде тегін жариялауға болады. Ком­мерциялық бағытта қолдануға қатысты айтсақ, біздің заңда бұл жағы анық көрсетілмеген. Біздің «Мазмұндаманың» мақсаты — ақша табу емес, біздікі қоғамдық ұйым. Дегенмен тегін тарататын қорымыз жоқ. Сондықтан кітап шығаруға қанша кетсе, бүкіл шығынын есептеп, өз бағасына сатамыз. Меніңше, қазақ оқыр­мандары әлем кітаптарымен танысуы керек, білуі керек. Өз басым саммариді осы жолдағы көпір көремін. «Тәрбие» деген кітабымызда Масару Ибуканың саммариін бердік. Ол үшін авторлық құқық алған баспадан рұқсат алып, кіріспесінде оның толық нұсқасы аударылып жатқанын айтып, оқуға кеңес беретінімізді білдіріп жаздық. Сондықтан құқық бұзу не саммари шығарумен айналысу деп қарастырғаннан гөрі мұны кітап оқуға деген құлшыныс арттырудың жолы деген жөн секілді. Әу басында біртіндеп аударғымыз келді. Дегенмен ол үшін өте көп уақыт керек екен. Содан бірінші дәм татып көрсін деген оймен саммари жасауға кірістік. Егер мазмұндалған кітаптардың қазақшасы болғанда, мен тіпті қолға алмас едім.     Түйін:

Байқасақ, саммариге қатысты сын да, пікір де көп. Кітапсүйер қауымның ойы осы тұста екіге бөлінген. Бірі уақыт үнемдеуге, кітапты толық оқуға итермелейтін тәсіл десе, енді бірі автордың еңбегіне жасалған «ұрлық» санайды. Сіздің ойыңыз қандай, оқырман? 

 

Жадыра АҚҚАЙЫР