«Жаңа заманда хайуанаттар бағын ұстау ұят...»
Ашық дереккөзінен алынған мәлімет бойынша, Алматы хайуанаттар бағындағы аң-құстардың түрлері 2005-2016 жылдар аралығында 523-тен 345-ке дейін азайған. Бүгінде зообақта 355 аң-құстың түрі бар. Мамандардың мәліметіне сенсек, карантин кезінде адамдардың жоқтығынан жан-жануарлар еркін тыныстап, тіпті көбейе бастаған. Бірақ қандай жағдай жасалмасын ешбір зоологиялық орталық жануарға өзі мекен ететін табиғи ортасындай бола алмайды. Өткен жылы еліміз бойынша қоғам белсенділері хайуанаттар бағын жабу туралы петиция дайындап, оған бірнеше күн ішінде 25 000 адам қол қойған еді. Бірақ зообақтың жиі-жиі ауысатын басшылары белсенді желі қолданушыларымен диалогке шығудың орнына, табиғат жанашырларымен соттасқан кездері болған. Естеріңізде болса, өткен жылы Алматы хайуанаттар бағы қоғам белсенділерін «зообақтың беделіне нұқсан келтірді» деген желеумен сотқа берген еді. Ашық дереккөзге сенсек, соңғы 10 жылда шетелден әкелінген аң-құстардың біраз бөлігі қырылып қалған. Мәселен, Жапониядан әкелінген Майя мен Хан есімді, Польшадан – Артос, Қырғыз Республикасынан – Пират пен Лидер, Франция мен Чехиядан әкелінген – Снежана мен Арилан есімді екі-үш жасар ілбістер көп ұзамай өлген. Жалпы, ілбістердің өмір сүру ұзақтығы 13-20 жыл екен. Тіпті, ұрғашысы 28 жылға дейін өмір сүрген фактілер де болған. Ал Алматы хайуанаттар бағында екі-үш жасар барыстардың өлуі экологтердің дабыл қағып, күллі әлемнің жануарлар құқын қорғайтын ұйымдарын шулататын жайт емес пе еді? Тіпті, қырылған жануарлардың ішінде Қызыл кітапқа енген аң-құстың түрлері де бар. Өкінішке қарай, хайуанаттар бағындағы өлім фактілері жануарларды дұрыс баптап, тиісті күтім жасамаудың кесірінен болғаны анықталса да, ешкім жазаға тартылмаған. Қай басшы болмасын, «бұл маған дейін болған» деп мәселені жылы жауып қояды. Хайуанаттар бағы үшін ең даулы жағдай 2016 жылы болды. Қоғам белсенділері табиғатта сирек кездесетін аса бағалы хайуанаттардың қырылып жатқанын жарыса жазды. Оның ішінде Амур жолбарысы, Бенгаль жолбарысы, су сиыры, арқар, шимпанзе, арыстан, жираф пен ақ тұйғын, қаршыға да бар. Әрине, кейін зообақ өкілдері Франциядан әкелінген арыстанда қан ауруы болғанын жариялайды. Бірақ мамандар бұл зообақ басшылығын, ветеринарлық дәрігерлерді жауапкершіліктен босатпайды деген пікірде. «Байтақ Болашақ» экологиялық альянсының жетекшісі Азаматхан Әміртай былай дейді: – «Кеңес Одағынан қалған хайуанаттар бағындағы аңдарды кім, қалай бағып жатыр?» деген сауал аса өзекті. Зообақтардың директорлары жиі-жиі ауысады. Тіпті, басшылыққа экологтарды емес, басқа саланың мамандарын әкеліп қояды. Хайуанаттарға дұрыс ветеринарлық көмек көрсетіліп, санитарлық талаптар орындалмағандықтан, аң-құстың көбі қырылып жатыр. Өкінішке қарай, халыққа тек бір ғана арыстанның өлімі туралы ақпарат жетуі мүмкін, бірақ экологтар одан да көп аңның қырылғанын біледі. Бұл нені көрсетеді? Бұл қоғамның қатыгездігін көрсетеді. Хайуанаттар бағына жануарларды әкеліп, темір торда ұстап өлтіру – қоғамның қатыгездігі, тәртіптің жоқтығы. Жаңа заманда хайуанаттар бағын ұстау – ұят. Ұйым жетекшісінің айтуынша, елімізде хайуанаттар бағына балама ретінде Африканың сафари бағындай табиғи экологиялық туризмді дамытқан жөн. Жабайы аң-құстың өмір сүру ортасына, тіршілігіне араласпай, тек ұзақтан суретке түсіру мүмкіндігі жасалса, бұл экотуризмнің дамуына сеп болмақ. Осы орайда, Азаматхан Әміртай: «Соңғы жарты жылда хайуанаттар бағында 6 жануар өліп қалды. Зообақтарда қамалып отырған соң, жануарлардың иммунитеттері әлсірейді. Соның кесірінен жануарлар жұқпалы аурулармен ауырып өліп жатыр. Бұл жерде жануарға дұрыс қарамаудың себебі бар. Егер аңдарды таза ауаға шығарып, құстарды аспанға еркін ұшырса, иммунитетін көтеруге болар еді. Соңғы онжылдықта 600-ге жуық аң-құс өліп қалған. Бұл – ресми статистика. Ал бейресми статистиканы кім ойлап жатыр?» деп дабыл қағады.Шотландия зообағынан қандай үлгі аламыз?
Англиядағы Глазго университетінің докторанты Әсел Қамза Еуропадағы хайуанаттар бағының жайын жақсы біледі. – Мен барған жануарлар бағы Шотландияның астанасы Эдинбургта орналасқан. Аумағы 33 га-дан астам жерді қамтыған бақ 1913 жылы ашылып, содан бері 1 000-нан астам жануардың үйіне айналды. Жылына 600 мыңнан астам адам келіп кетеді, – деп бастайды әңгімесін Әсел Қамза. «Ең бірінші көзге көрінетін жайт – бұл жан-жануарлардың жағдайы. Бәлкім, Қазақстандағы зообақтардан көрі аң-құстардың дамыған елдердегі хайуанаттар бағында таза ауада, кең жерде, қарны тоқ болып өмір сүргені абзалырақ шығар деп ойлайсың. Бір ғана арыстан, жираф немесе жолбарыстың мекендейтін аумағы Алматы зообағының жартысындай жерді алып тұр десем, қателеспеймін. Әрине, олардың о бастан бостандықта өмір сүруге жаралғанымен, түрмедегідей тар қапаста өмір сүргенше, барынша табиғи ортасына бейімдеп жасаған джунгли іспеттес жерде емін-еркін жүргені әлдеқайда артық», – дейді Ә.Қамза. Зерттеушінің айтуынша, бақтың негізгі асыраушысы – туристер мен жергілікті тұрғындар. Ересектерге билет құны – £21,95 (11 000 теңге), студенттерге жеңілдікпен – £19,95 (10 000 теңге), ал 3-15 жас аралығындағы балаларға £12,80 (6 400 теңгені) құрайды екен. Билет құны қымбат болса да, 2020 жылға арналған бүкіл билеттер алдын ала сатылып кетіпті. Сәйкесінше, жануар құқығын адам құқығымен тең санайтын Шотландияның хайуанаттар бағында аң-құстың жағдайы дұрыс, қарны тоқ және 300-ден астам жұмысшының жалақысы да жоғары. Енді бір мысал, 2016 жылғы дау-дамайдан кейін Алматы хайуанаттар бағындағы қызметкерлерге жалақыны біршама көтерген еді. Атап айт сақ, зоологтың жалақысы 35 000-нан 75 000 теңгеге дейін, кіші қызметкердің жалақысы 48 000-нан 85 000 теңгеге дейін жоғарылаған. Бірақ одан кейін қанша уақыт өтті? Жұмыс іздеу сайттарында зообақ қызметкерлеріне ұсынылатын жалақы – 90 000-120 000 теңге аралығында. Ал хайуанаттар бағының ресми сайтында зообаққа кіру құны – 12 жасқа дейінгі балаларға 200 теңге, ересектерге – 700 теңге делінген. Әрине, мұндай билет құнымен гектар-гектар жерге созылған хайуанаттар бағын асырау мүмкін емес. Соңғы жылдары зообақ жұмысына меценаттардың тартылуы да содан шығар. Мамандардың айтуынша, әлемге әйгілі хайуанаттар бағында жануарлар арасында өлім-жітім жиі тіркелмейді. Танымал журналист Әсел Қамза: – Шотландиядағы хайуанаттар бағында өлім фактісі көп тіркелмеген. Тек бір жануар қартайып өлсе, екіншісі созылмалы аурудан өлген. Мысалы, былтырғы жылы Эдинбург зообағы 16 жыл өмір сүрген Суматра жолбарысының және 1 жасқа толмаған малай салпыернінің өлімі туралы хабарлаған. Ауруға шалдыққан жолбарыс қиналмас үшін оны ұйықтатып тастауға мәжбүр болған. Ол тапир ауруынан көз жұмған. Мұндай фактілер орын алса, міндетті түрде газет беттеріне шығады, – дейді. Эколог мамандар Қазақстанның түкпір-түкпірінде жұмыс істеп жатқан хайуанаттар бағын жабуға шақырса, дін өкілдері исламда адам баласы қызықтау үшін жабайы аң-құстарды темір торда қамап ұстаудың қатыгездік, жамандық болып саналатынын еске салады.Кәмшат ТАСБОЛАТ