Алайда кезінде шахтерлар қаласы болған аудан орталығы Ленгер қаласы көп жыл бойы елеусіз, ескерусіз қалып кеткен-ді. Бос тұрған көпқабатты үйлер, қараусыз қалған зауыттар көзге оғаш көрініп тұратын. Қаладағы мүлгіген тыныштықтың өн бойына соңғы 4-5 жылда ғана қан жүгірді. Біртіндеп құрылыс жүре бастаған. Ал енді қазір ауданда, тіпті құрылыс қарқынды. Көпқабатты үйлер салынып, аллеялар мен демалыс аймақтарының саны да көбейді. Былтырдан бері қалаға балалар ойын алаңшаларының түр-түрі орнатылып жатыр.
Елімізде болып жатқан пандемия жағдайына қарамастан, ауданда құрылыс бір күн де тоқтаған жоқ. Әсіресе, биыл Түркістан облысының біраз аймағы су тасқынынан зардап шеккенін білеміз. Оның ішінде Төлеби ауданы да бар. Алайда аудан басшылығының жедел іс-әрекеті аясында сол күні үйлерін су басып қалған адамдар тез арада қауіпсіз жерге көшірілді. Жалпы, 78 азамат эвакуацияланып, 40 шақты тұрғын ағайын-туыстарының үйіне жайғасқан болатын. «13 мамыр күні болған нөсер жаңбыр біздің ауданға да біраз шығын келтірді. Бірқатар көпірді су шайып, көптеген үйді басып қалды. Ертесіне оқиға орнына облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының өзі келіп, тұрғындарға басу айтып, олар үшін барлық жағдай жасалатынын жеткізді. Арнайы құрылған комиссияның шешімімен 42 үй жарамсыз деп танылып, оларға жаңа үй салынып берілетін болды. Республикалық төтенше жағдай қорынан осынау үйлердің құрылысы үшін 488 млн теңге бөлінді. Олардың барлығы да 100-80-60-50 шаршы метр болатын 4 түрлі үлгімен сел болмастан бұрынғы үйлерінің көлеміне қарай салынып жатыр. Ал қауіпті аумақта орналасқан деп танылған 9 үйдің орнын ауыстырып салып беріп жатырмыз. Ленгер қаласындағы жаңа ықшамауданнан әрқайсысына 10 сотықтан жер бөліп, бүгінде бірдей үлгіде тұрғызылып жатқан үйлердің құрылысы біткелі тұр», – дейді аудан әкімі Бауыржан Омарбеков.
Биыл елді мекендерді сапалы электр қуатымен қамту жобасы аясында республикалық бюджеттен қаралған қаржыға 6 жоба іске асып жатыр. Жоба аясында 21 елді мекендегі 49 көшенің электр бағаналары, трансформаторлары жаңаланбақ. «Яғни 4 421бағана ауысып, 110 шақырым жаңа желі орнатылып, 48 трансформатор қойылатын болады. Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде аудан бойынша 1 500 шақырым электр желілері болады. Осылайша, ауданда әлі тозығы жеткен электр бағаналарын тұтынып отырғандардың саны 9,7 пайызға дейін төмендейтін болады. Қалғаны кезең-кезеңмен 2022 жылға дейін барлық тұтынушы толық сапалы электр қуатымен қамтылмақ», – дейді аудан әкімі.
Назгүл НАЗАРБЕК