«Фотомды ұстаған екі полицей келе жатыр екен, зәрем ұшып кетті» – Айдос Бектеміров
«Фотомды ұстаған екі полицей келе жатыр екен, зәрем ұшып кетті»  – Айдос Бектеміров
315
оқылды
– Адамның тағдыры, өмір жолы бір сәтте қабылдаған шешімге байланысты мүлдем басқа бағытқа бұрылып кетуі мүмкін. Алматыға «Бандыны қуған Хамит» фильміне түсем деп келіп, Торғайға қайта кеткіңіз келмей, Мемлекеттік қауіп­сіздік комитетіне ауысып кетуді ойлап, жеме-жемге келгенде райыңыздан қайтқан екенсіз. Өмір сүру дағдыңызды түбегейлі өзгерте жаздаған сол ойыңыздың іске аспағанына кейін өкінген кезіңіз болды ма? – Кеңес Одағы кезінде тәр­тіп қатал болды. Оқу орнын бітіргеннен кейін өздері жіберген жаққа баруың керек болмаса басқа ешбір жер жұмысқа ал­майды. Мәскеуде оқып келгенге дейін де Алматыда жұмыс істеген соң да, шынын айтқанда, осында қалғым келді. Әуезов атындағы театрдың атағы жер жарып тұрған кез. Бірден бұл ұжымға баруға жүрексіндім. Жастар театрына барғанмен, министрлік рұқсат бермеді. Сол кезде «КГБ-ға актерлерді алады екен» дегенді естіп, расында да бардым. Майор жігіт отыр екен, «Мәскеудегі Щепкин атындағы училищені актер мамандығы бойынша бітірдім. Жұмысқа алмай тұр. Сіздерде жұмыс істесем деген оймен келдім» деп жағдайымды айттым. Ол кісі «Сені жедел бөлімге аламыз. Дегенмен жай азаматтық киіммен жүргенмен, бұл – әскери қызмет. Тәуліктің кез келген уақытында хабарласып, жұмысқа шақырғанда дайын болуың керек. Негізі, өте мазасыз жұмыс» деп ашығын айтып, ойлануға екі аптадай уақыт берді. Бұл талабы, шынын айтқанда маған ұнамай қалды. Жан-жағымдағылармен ақылдасып көріп едім, онша құп көрмеді. Тағдыр сол жолды бұйыртып тұрса, мүмкін әскери қызметкер болып, бүгінде жоғары шен алып отырар ма едім, кім білсін?! Ойлана келе, қайтадан Ғ.Мүсір­епов атындағы жастар театрына барып едім, директор Сақтаған Тұрдымұратов мені жұмысқа алды. Ағамыз «Әй, Айдос, сен үшін өмірімде бірінші рет сөгіс алдым. Бірақ сен соны ақтадың, жақсы актер болдың» деп әлі күнге дейін айтады. Аға­мызға рақметімді айтам. Жастар театрында 25 жыл жұмыс істедім. Әмина Өмірзақова, Мәкіл Құлан­баев, Байділда Қалтаев, Қасым Жәкібаев, Мұхтар Бақты­гереев сынды керемет актер­лердің мектебінен өттім. Рас, өнер жолы – қиын жол. Дегенмен жастайымнан өнерді жақсы көргеннен кейін осы жол­ды таңдағаныма өкінгем жоқ.  

Ұлыларымыз жайлы фильмдер керек

– Өзіңізді негізінен театр актері санап, киноға кештеу түстіңіз. Дегенмен кейінгі жыл­дары кино­туындыларда бағыңыз жанды. «Ағайын­дыдан» кейін «Біржан сал», «Құнан­бай» фильм­деріне, одан бері «Мезгіл­сіз махаббат» сериалына түсіп, бәрі де көрерменнің жүрегінен орын алды. Әсіресе, «Біржан сал», «Құнанбай» сияқты салмақты дүние­лердің орны бөлек. Алда қандай жоспар бар? – Асекең (Асанәлі Әшімов) 80 жасқа келгенде «Алдыңызда қандай жоспарыңыз бар? Қандай рөлді ойнағыңыз келеді?» деп сұрағанда «Менің ойнайтын рөлдерім әлі алда» деп жауап берген болатын. Өміріміздің ба­сым бөлігін өнер жолына бердік. Бірақ оған еш өкінген кезім болған жоқ. Адам өзі жақсы көрген ісімен айналысқанда бақытты. Мен бұл ойымды өз балаларыма да үнемі айтып отырам. Әйтпесе, актерлердің материалдық жағдайы сонша­лықты жоғары емес. Менде «Өзіме берілген рөлді абыроймен ойнап шықсам, көпшіліктің көңілінен орын алсам» деген ғана ой болды. Содан ләззат аламын. Өз кәсібіңді жақсы көрмесең – нағыз трагедия сол. Өмірден өз орныңды таба алмай, қиналып өтесің. Бұл жағынан мен өз жолымды жазбай тапқаныма қуанамын. Ең соңғы түскенім Нұрлан Әлімжанның «Қанатсыз құс» фильмі. Бірінші бөлімі 11 сериядан тұрды. Енді екінші бөлімін түсіру жұмыстары басталмақ. Алдағы жоспарда осы фильм тұр. Ұлттық киноларымызды шығарған дұрыс. Тарихымыз, эпостарымыз мұрты бұзылмаған күйі тұр. Қаншама ұлыларымыз бар. Солардың бәрін шетінен түсіретін болсақ, үлкен дүние болар еді. Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Мұқағали Мақатаевтар туралы бір-бір кино түсіруге болады. Әлихан туралы фильм түсірсе деп армандаймын. Біз ұлыларымызды, талант­тарымыз­ды жарқыратып көрсете білуіміз керек.  

Голливуд – кез келген актердің арманы

– Голливуд фильміне түсу – екінің біріне бұйырмаған бақ. Америкалық «Марко Поло» фильміндегі Шыңғысханның қанаттасы Арука рөліне таңда­лып, оған түскеніңіздің өзі бір хикая. Малайзияда түсірілім аяқталған соң, елге қайтқанда «Ұшақ трапынан бірден ағылшын тілі курсына барамын» деп шешкен екенсіз. Осы талабыңыз қаншалықты орын­далды? – Өнердің қиындығы сол, осы жолда бақ қашан келіп басыңа қонатынын білмейсің. Голливудтың фильміне түсуді барлық актер армандайды. Бұл 2014 жылы болатын. Режиссер ассистенті Наташа деген қыз хабарласып, «Сіз «Марко Поло» фильміне түсуге киносынамаға неге келмедіңіз?» деп сұрады. Сөйтсем, біздің театрдың да, басқа да актерлердің біразы барып бағын сынаған екен. «Үмітсіз шайтан» демекші, мен де бардым. Кастингтің режиссері ағылшын екен, аудармашы арқылы тілдесіп, фотосынама жасалды. Олардың фотографтарының суретке тартуы да ерекше екен. Сартылдатып олай да, былай да түсіріп жатты. Оның әрекетіне қарап, тіпті «Мынау өзі мені мазақ қып тұр ма?» деп ойдадым. Бір уақытта түйілген жұдырығын маған көр­сетті. Аудармашы қыз «Сізді ұнатып қалды» деп жатыр. Мен де жұдырығымды түйіп, екеуіміз жұдырықтарымызды түйістірдік. Сосын киносынама болды. Ағыл­шынша білмейміз. Бізге орыс­шаға аударылған мәтінін берді. «Бәрібір өтпеймін, жаттап не істеймін?» деп мойыным жар бермей, шақырған уақытында киносынамаға бардым. Олар актерлерді бүкіл Орта Азиядан таңдаған екен. Дәл сол күні При­балтикадан комиссия келіп, театр фестиваліне қойылатын спектакльге дайындалып жатқан­быз. Сағат 11-де оған баруым керек. Сөйтіп, «Марко Полоның» киносынамасына 9-ға жазылдым. Кино түсірушілер бүкіл коман­дасымен жиырмаға тарта адам келген екен, бәрі жамырап аман­дасып жатты. Өзім сасып қалдым. «Аттың үстіне отырған болып рөліңізді сомдап шығыңыз» деді. Мәтінді жаттамағанымды білген Наташаның зәресі ұшып кетті. Не керек, маған мәтінді оқып, айтып беруіме рұқсат берді. Бәрі қол соқты. Кеттім. Нәтижесін тағатсыздана күтіп жүрміз. Ақыры ол күн де келіп, кастингтен өткен­ім белгілі болды. Aidos1 Мамыр айының басында келісімшартқа отырып, қолыма сценарийді ұстатты. Тамыз айында түсірілім басталатынын айтты. Сол кездері аяқ астынан ауруханаға түстім. Асқазанымда жара пайда болыпты. Ауруханада жатқанымда Малайзияда фильм­ді түсіру басталатыны туралы хабар жетті. Дәрігерлер менің ол жаққа баруыма үзілді-кесілді қарсы болып, ақырында бар жауап­кершілікті өз мойныма алып, қолхат жазып шығуыма тура келді. Билеттер сатып алынған. Шегінерге жол жоқ. Картинаның продюсері Ахат Ибраев «Аға, сіз жалғыз өзіңіз ұшасыз. Өзіңізбен бірге бір зат беріп жібереміз» деді. Ол менің «Айналайын-ау, бұл қалай болғаны? Жалғыз өзім қалай ұшамын? Ағылшын тілін білмеймін, қорқам. Не зат беріп жібермекшісіңдер?» деген сұрағыма «Куала-Лумпурда жігіттер сізді күтіп алады» деп қысқа қайырып жауап берді. Іштей «Міне, саған Голливуд» дедім де қала бердім. Сондай үрейлі күйде Малайзияға ұшуға әуежайға келдім. Ұшатын уақыт таяғанда Ахат келді. Ол бұрынғысынан да жұмбақтау көрінді. Оның үстіне, «Сәл күте тұрыңыз, қазір затты алып келеді» деді. «Не әкеледі?» деген сұрағым жауапсыз қалды. Әлгі затты алып келгенде Ахат кеденшілермен сөйлесті де, олар бірден өткізіп жіберді. Мен тағы Ахатқа бас салдым: «Әй, онда не бар өзі?», ол «Ер-тоқым ғой» дегенмен, біртүрлі көңілім жайланбады. 8 сағат бойы ұшқанда көз алдыма қолыма кісен салып алып кетіп бара жатқаны елестеді. Ұшақ қонды. Бәрі сыртқа беттеді. Мен отырмын. Бір қазақ қызы көзіме жылы ұшырап кетіп «Айналайын, маған көмектесші. Мұнда ештеңе білмеймін» деп өтіндім. Ол келісімін бергенмен, күтіп тұрған жігітін көрген соң мені ұмытып кетті. Енді жалғыз өзім не істерімді білмей, ойланып тұр едім, бір жігіт келіп «Аға, мен сізді таныдым, «Ағайынды» фильмінде ойнадыңыз ғой» деп маған қарай ұмтылғаны. Құдды бір туысқанымды көр­гендей қуанғаным-ай. Сөйтсем, ол жігіттің бұл елде тұрып жат­қанына 8 жылдан асыпты. Екеуіміз жүгімізді алған соң қарасам, менің фотомды қолда­рына ұстаған екі полицей келе жатыр. «Біткен жерім осы бол­ды» деп зәрем қалмады. Әдейі байқамаған боп тұр едім, олар мені танып қалды да, қасыма келді. Сонша қорыққаным бекер екен, олар мені қонақ үйге апарып жайғастырып, сосын түсіру алаңына барып, іске кірістік. Сонша үрейімді ұшырған әлгі затымыз ер-тоқым мен қылыш болып шықты. Малайзияда түсірілім алаңында актерлерге мейлінше жағдай жасайды екен. 20 күн түс көргендей болып өте шықты. Мені қинағаны – ағылшын тілін білмегенім. Сол кезде «Осыдан елге барайын, ұшақтың трапынан бірден ағыл­шын тілі курсына барамын» деп ойладым. Десе де, елге келген соң босаңсып сала бергенім рас.  

Атақ-абыройды ақшаға сатып ала алмайсың

– Бір кездері Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жастар театрында режиссер ретінде «Пай-пай, жас жұбайлар-ай!» спектаклін қойып, ол ұзақ жылдар бойы аншлагпен өтті. Алдағы уақытта театр сахнасына алып шықсам деп армандаған пьесаңыз бар ма? Әлде қазіргі драматургияға көңіліңіз толмай ма? – «Пай-пай, жас жұбайлар-ай!»-дан кейін «Мұңым менің» спектаклін қойдым. Маған сондай мүмкіндік берген сол кезде жастар театрының директоры болған Талғат Теменовке рақмет! Содан соң студенттермен бірге Ілияс Жансүгіровтің «Күйші» спектаклін қойып, елімізде театрлар фестиваліне қатысып, кәсіби театрлардың ішінде үшінші орын алғанбыз. Театр сахнасына шығарсам деген спектакльдерім бар. Оған мен дайынмын. Оның ішінде классикалық та, жай драмалық қойылымдар да бар. Дегенмен соның әлі сәті түспей тұр. Одан бері де жиырма шақты жыл өтіп кетіпті. – Қазіргі таңда М.Әуезов атын­дағы академиялық драма теа­трындағы ақсақалдардың бірісіз. Осы ұжымда үлкенді сыйлау, кіші­ге ізет көрсету дәстүрі жақсы сақталғандай көрінеді. Кейінгі толқын­ның алдында қандай жауап­кершілікті сезінесіз? – Театрда біздің алдымызда үш тірегіміз бар. Олар – теа­трымыздың үш бағаны сияқты Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев және Есмұқан Обаевтар. Сол кісілердің жүріс-тұрысы, сөзі, қимыл-әрекетіне қарап біз әлі күнге дейін сабақ аламыз. Олар менің алдымдағы университет сияқты. «Қалай сөйлеу керек, қалай өзін-өзі ұстау керек, қандай жағдайда қалай жол табу керек?» деген сұрақтың жауабын өмір бойы іздеп келемін. Ұстазым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ефим Бродский «Адам өмір бойы оқып өтеді» дейтін. Жастарға айтарым, маман­дықты сүю керек. Егер өз маман­дығыңды жақсы көрмесең, кеш болмай тұрғанда басқа салаға кеткен жөн. Өмірдегі ең жаман нәрсе – адамның өзін-өзі тап­пауы. Бұл – трагедия! Актер болғаннан кейін, нағыз кәсіби маман болуың керек. Жан-жақты болып, көп оқу керек. Ән айту, билеу, бір сөзбен айтқанда актер ретінде бәріне дайын болуға тиіссің. Актер қарадан бастап, ханның рөліне дейін ойнайды. Сол берілген рөліңді ел сенетіндей алып шығуың үшін білімді болуға тиіссің. Сіз дұрыс байқағансыз, үлкен­ді сыйлау, оған құрмет көрсету – Әуезов театры ұжымының қағи­дасы. Үлкен болудың жауап­кершілігі де үлкен. Қазіргі таң­да ел құрметтеп берген атақ-дәре­жеміз бар. «Құнанбай» фильміндегі Барақ рөлім үшін Мемлекеттік сыйлық берілді. Қазақы тілмен айтқанда, жаман­ды-жақсылы Еңбек сіңірген әртіс, «Құрмет» орденінің иегері деген атақтарымыз бар. Атақ-абыройды ақшаға сатып ала алмайсың. Мұның бәрі еңбекпен келген дүние. Сенің сөзің де, іс-әрекетің де соған сай болуы керек. Жастар кең ауқымда ойланып, армандау керек. Оған қазір мүмкіндік көп. – Әңгімеңізге рақмет!  

Сұқбаттасқан Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ