Сәтбаевтағы тәртіпсіздік: Полиция күдіктіні наразы топтан құтқару үшін не істегені белгілі болды
Сәтбаевтағы тәртіпсіздік: Полиция күдіктіні наразы топтан құтқару үшін не істегені белгілі болды
131
оқылды
Ішкі істер министрлігі Сәтбаев қаласындағы 5 жасар қызды зорлады деп күдікке ілінген ер адамды наразы топтан қалай құтқарғанын айтып берді, - деп хабарлайды Polisia.kz.  Бұл туралы ішкі істер министрлігі түсірген видео сюжетте айтылған. Роликте Сәтбаев қаласындағы тәртіпсіздіктер туралы толық баяндалады.
Тәртіп сақшылары қалада жоғалған қызды табу үшін бар күшін салған. Нәтижесінде бейне-бақылау камераларының көмегімен бүлдіршін қаладағы үйлердің бірінен табылған. Видео камерадағы жазбаға сәйкес күдікті оны үйдегі подъездердің біріне алып кірген. Аяқ-қолы скотчпен байланған қызды полиция диванның астынан тапқан. Ол әлсіз болған әрі қатты қорқып қалыпты.
"Жоғалған бала пәтерден табылды. Оны бірінші тексеру жұмыстарын жүргізген кезде таптық. Әлеуметтік желідегі бұл пәтерде полиция екі рет болды деген ақпарат шындыққа жанаспайды", - дейді Қарағанды облысы полиция департаменті басшысының орынбасары Ернат Қалиақпаров.
Күдіктіні подъезден шығару өте қауіпті болған. Үйдің сыртындағы наразы топ оны өздері жазаламақ болған. Олар үйді қоршап, подъезді жауып тастаған. Наразы адамдардың саны өсіп жатты. Үйдің алдына шамамен жүзедеген адам жиналған. Күдікті тұратын пәтердің терезесіне адамдар тас лақтырған. Осы сәтте полиция күдіктіні 2 қабат жоғарыға көтерген. Кейін наразы топ күдіктінің үйіне күшпен кірген. Ашуға ерік берген Сәтбаев қаласының тұрғындары үйде ешкім жоқ екенін түсінген соң, пәтердің астан-кестеңін шығарған. Олар подъездегі үйлердің есігін қағып, ондағы дүние-мүлікті сындырған. Полиция ондағы наразы топты әрең сыртқа шығарыпты.
"Бұл оқиға болып жатқан кезде тәртіп сақшылары күдіктінің киімін ауыстырып үлгерген. Күдікті полицияның киімін киген. Осылайша, полиция күдіктіні үйден шығарып, Сатпаев қаласына алып кеткен. Мұны ешкім байқаған жоқ", - делінген сюжетте.
Мұны түсінген наразы топ полиция ғимаратына қарай бет алған. Салдарынан қалада тәртіпсіздік басталған.
"Адамдардың бір тобы  полиция бөліміне шабуыл жасай бастады. Соған қарамастан біз қару қолданған жоқпыз", - дейді полиция қызметкерлері.
Ішкі істер министірінің бұйрығымен жарық-дыбысты қол гранатасы пайдаланылған. Осыдан кейін полицияға шабуыл жасағандар кейін шегінген. Алайда қаладағы тәртіпсіздіктер тек таңғы сағат 7-де басылған. Айта кетейік, осыған дейін Қарағанды облысы Сәтбаев қаласында 5 жастағы қыздың жоғалғаны, тұрғындар күдіктіні өздері жазаламақшы болғаны әрі бірнеше көліктің өртенгені хабарланған еді. Сондай-ақ, ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Сәтбаевтағы тәртіпсіздіктерге байланысты бірнеше қылмыстық іс тіркелгенін мәлімдеген болатын. https://www.youtube.com/watch?v=hfQcTd7q7ok&feature=emb_logo