Фракция – аса қуатты партиялық құрал
Фракция – аса қуатты партиялық құрал
496
оқылды

Nur Otan партиясы ел өміріне етене араласып, талай түйткілді мәселелердің шешілуіне мұрындық болып келеді. Енді бас партияның белсенділігі бұрынғыдан да күшейе түспек. Ол үшін өңір-өңірлердегі партия өкілдіктері мен фракциялар белсенді қызмет етуі шарт.

21 тамыз күні елордада өткен Nur Otan партиясы саяси ке­ңесінің отырысында Елбасы ­Нұр­сұлтан Назарбаев алдағы уақытта өңірлік органдардағы партия фракциялары жұмысын жандандыра, серпілте түсу керек екенін баса айтқан болатын.

– Партия проблемалардың нақты шешу жолдарын ұсынып, жұмыс істеуі керек. Сонда ғана бедел болады, халық та қолдайды. Саяси және экономикалық тұр­ғыда үздік болып отырған мем­лекеттер тәжірибесінен үлгі алу керек. Сондай-ақ Мәжілістергі пар­тия фракциясының да жұмы­сын күшейткен жөн. Бұл партия тапсырмаларының жүзеге асуы­ның және оның атқарушы орган­дарға тигізер әсерінің басты ме­ханизмі, – деген Елбасы Nur Otan партиясының Мәжілістегі фрак­циясына жетекші етіп Нұрлан Нығматуллинді тағайындаған.

Фракцияның жаңа басшы­сының айтуынша, енді жұмыс тәсілдері біршама өзгеріп, тың идеялар бастау алмақ. «Партия фракциясының алғашқы оты­ры­сын өткіздік. Елбасы тапсырма­ларын орындау үшін әріптес­термен бірге жоспар да құрдық. Жаңа форматтар енгізетін бо­ламыз. Сай­лауалды бағдарла­маның орын­далуы, тұрғындардың нақты мәселелерінің шешілуі сияқты түйткілдерді заңдық тұрғыдан қарастырамыз» депті Нұрлан Нығматуллин.

Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуровтың айтуынша, өңірлік фракцияларды одан ары жетілдіру һәм жандандыру – өте өзекті шаруа.

– Саяси кеңес отырысында Мә­жіліс пен мәслихаттардағы фрак­ция жұмысына ерекше назар аударылды. Әсіресе, Алматы қа­ласындағы депутаттық фракция жұмысы атап өтілді. Жалпы, Nur Otan партиясының депу­тат­тық фракциялары негізінен мәс­лихат­тарда жұмыс істейтіндіктен, олардың күші әлеуметтік сұрақ­тардың шешілуі үшін аса маңыз­ды. Кез келген мәселені шешу үшін біз сайлаушылардың өті­ніш­терін жинап, қоғамдық қабылдау жасаймыз. Азаматтарды көбіне қандай шаруалар толғанды­раты­нын білу үшін біздің фракцияның депутаттары халықпен жиі кез­деседі. Ал фракция отырыста­рын­да біз сол түйіндерді қалай тарқату керек екенін ақылдасамыз, – дейді қалалық партия филиалы басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, осымен үшінші жыл қатарынан Алма­тыдағы депутаттар фракциясы аймақтар арасында көш бастап келе жатыр. Партияның Орталық аппаратының бағалауы арқылы жасалған 2016 және 2018 жылдар­дың қорытындысы бойынша Ал­маты депутаттар фракциясы – бірінші орында. Қалалық фрак­цияның тұрғындарды қинап жүр­ген проблемаларды дер кезінде тап басып танып, оны дәл уақы­тында кешіктірмей шешіп, ба­қы­лап отыруы – осы жетістіктің бас­ты кілтіне айналған.

– Мәселен, қала бюджетін анықтау бойынша мәселелер қа­ралды. Ол жерде үнемделген қара­жат әлеуметтік жағдайларға жұм­салды. Оның ішінде мектеп, жол құрылысы, жарықтандыру желісі, сумен жабдықтау жұмыстары бар. 2016 жылы депутаттар фракциясы бюджет есебінен балабақша құнын екі есе төмендету туралы шешімді қабылдады. Бұл халық­тың бізге деген оң көзқарасын тудырды. Жалпы, фракцияны – аса қуатты партиялық құрал деп айтсақ қателеспейміз. Фракция тек бюджет қаржысының жұм­салуын ғана қадағалап қоймайды, сонымен қатар қажет кезінде ау­дан және қала әкімдерінің жұмы­сына да баға бере алуы тиіс, – дейді Станислав Канкуров.

Расында, Алматыда мәслихат депутаттары әлеуметтік әртүрлі топ өкілдерімен тығыз байла­ныс­та. Жақында ғана «Баланы мек­тепке дайындаймыз» акциясына барлық депутаттар қатысқан. Нә­тижесінде, аз қамтылған отба­с­ынан шыққан 3000 балаға елеулі көмек көрсетілген. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін арнайы ашылған «Бақытты отбасы – Алматы» қоғамдық қоры ашылған сәтте жергілікті депу­таттар өз қаржыларынан 30 млн теңге жинап берген. Одан бөлек маңызды мандатты иеленген аза­маттар жыл сайын ардагерлерге, қарт адамдарға, мүгедектер мен балаларға көмек беруден еш аян­ған емес. Әрине, осының бәрі жер­гілікті фракцияның жұмы­сына жан бітіріп, партия беделін биіктетеді.

– Әрине, фракция жұмысы қайырымдылықпен шектелмейді. Партиялық қадағалау жасау – басты міндет. Елбасы бастама­сы­мен «Құтты мекен» ұлттық жо­басы іске қосылған. Қазір қалада 60-тан астам нысан партия ба­қылауында тұр. Әр ауданда түрлі мониторингтік топтар құрылған. Ән нысанға жауапты ретінде фракция мүшелері бекітіліп, партиялық бақылауды білдіретін ақпараттық баннерлер ілінген, – дейді Станислав Канкуров.

Сондай-ақ Елбасының 5 әлеу­меттік бастамасы аясында «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдар­ламаларының да орындалуы қатаң бақылауға алынған. Енді фракция жұмысы бұрынғыдан да күшейіп, бұрынғыдан да биік бола түспек. Бұл туралы Елбасының өзі баса айтты. «Әлі ескіше жұмыс істеп келеміз. Фракция ұғымын әлі дұрыс түсінбей жүрміз» деген болатын.

Енді бұдан былай фракция шенділер жұмысын қадағалауға шындап кірісіп, тіпті шаруасынан шикілік шыққан министрді қызметінен алу туралы ұсыныс жасап жатса да таңғалмаймыз. Бұның бәрі – ат шығарып, абырой асыру емес, елдің бірлігі, халық­тың тұрақтылығы, әлеуметтік жағ­дайдың күш алуы жолында ат­қарылатын берік, мығым, бай­ламды бастама болмақ.


Абай ҚАЗБЕКҰЛЫ