Үлескерлер мәселесі шешіледі
Үлескерлер мәселесі шешіледі

Нұр-Сұлтан қаласында бүгінгі күні проблемалы 51 үлескерлік құрылыс нысаны бар. Негізгі түйткіл – құрылыс жұмыстары мерзімінің сақталмауы, пәтер құжаттарының жоқтығы, екі-үш қайтара сатылуы, құрылыс сапасының, инженерлік тораптардың тиісінше тартылмаған­дығы, материалдардың қолды болуы, тұрғындар­дың күнделікті тұрмысын­да қажетті паркинг, балалар алаңы және спорт алаңқайларының ескерілмеуі болып келеді.

Үлескерлердің жанайқайына құлақ түрген қала әкімі Алтай Көлгінов бір жарым ай ішінде олардың бәрін аралап, жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысып шықты. Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің ведомстволық бақы­лауына алынған 51 түйткілді ны­санда 15 мыңға тарта үлескер бар. 22 нысанның (4 156 үлескер) жұмыс жоспары бекітіліп, үлес­керлер жергілікті атқарушы биліктің көмегімен құрылысты өздері жалғастырып жатыр. Ал аса проблемалы 29 нысанның
(10 660 үлескер) құрылысын аяқтау үшін «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС (ЕҚК) «Нұр­лы жер» бағдарламасы бо­йынша жалпы сомасы 40 млрд теңге қаржы аударатын болды.

Қазіргі күні әкімдік пробле­малы үйлердің жобалық-смета­лық құжаттарын әзірлеумен және өзектілендірумен айналысып жа­тыр. Бұл жұмыстарға жеке ин­весторлар тартылуда. BI Group, «Орда Инвест», «Базис А», «Элит Строй» сынды ірі құрылыс компанияларымен елордадағы «сақалды құрылыстарды» аяқтау жөнінде келіссөздер жүргізілуде. Тиімсіз нысандардың эконо­микалық ахуалын жақсарту үшін қосымша жер телімдері беріледі. «Жол картасы» әзірленіп, үлес­керлердің мәселесін түбегейлі шешу үшін әр нысан бойынша іс-шаралар кешені белгіленді.

Алтай Көлгінов «Комсо­моль­ский» тұрғын үй кешенінде бол­ғанда қаладағы барлық үлестік нысандарының құрылысын қарқындату жөнінде айтқан болатын. Аталған үй 2015 жылы проблемалы деп танылған. Оның үлескерлерінің саны 600 адам­нан асады. Ал «Айсанам De Luxe» ТК-нің жобалық-сметалық құжаттамасын түзетуді қажет етеді. Бұл кешен 4 жыл бұ­рын проблемалы деп танылған, үлескерлердің саны 465 адамды құрайды.

Сондай-ақ 170 үлескері бар «Көктал-2» тұрғын үй кешені орталық жылуға қосылмаған. Үй пайдалануға берілмесе де, тұр­ғындар былтырдан бері тұрып келеді. Тұрғындар паркингтегі орындарды сатып алған, бірақ паркинг жобада қарастырылмаған болып шықты. «Жаңа Отан» нысаны 2015 жылы проблемалы деп танылса, мұндағы үлескерлер саны – 35 адам.

«Оберег» және «Берекет» тұр­ғын үй кешендерінің сыртқы инженерлік желілерге сараптама жасалмаған, құжаттарды жинау бойынша жұмыстар жүргізілуде. «Хазрет» тұрғын үйінде 64 үлес­кер бар. Жоба бойынша тұрғын үйде 500 пәтер орналасқан. Құ­рылыс жұмыстары әлі бастал­ма­ған, қазір үй құжаттары бойынша жұмыстар жүріп жатыр. «Алтын Раид» тұрғын үйінде бірнеше жылдан бері тұрғындар тұрып келеді, бірақ кешен ресми түрде пайдалануға берілмеген. Қазір үй құжаттары бойынша жұмыстар жүргізілуде. Проблемалы деп танылған «Мирный дом» үлестік тұрғын үй кешенінің құрылысын бастау үшін 5 учаскедегі құры­лыстарды бұзу қажет. Тұрғын­дардың жалпы саны 279 адамды құрайды. Үйдің жобалық-сме­талық құжаттамасы әзірленуде. «Лея Уют» тұрғын үй кешенінде 44 үлескер бар. Үй тұрғындарының қатарына басқа тұрғын үйдің 20 үлескерін қосқан болатын. Пәтер саны – 110. «Талисман» тұрғын үй кешенінде 2017 жылдан бастап жұмыс жүргізілмеген. Жоба бойынша тұрғын үй 170 пәтерге есептелген. Тұрғындардың ай­туынша, нысаннан трансфор­матор мен кабельдерді ұрлап кет­кен. «Аниса-1» кешенінде 26 пә­тер бірнеше адамға сатылған. Тұрғындар 2015 жылдан бері өз пәтерлерінде тұрады, алайда сол уақыттан бастап үй құжаттарын ала алмай жүр. Үлескерлердің айтуынша, оларда қазір екі негізгі проблема бар. Біріншісі – үйді пайдалануға беру, екіншісі – орталық жылу жүйесіне қосу.

«Алтын Бұлақ» тұрғын үй кешені 2017 жылы проблемалы деп танылған. 401 пәтерден тұ­ратын үлескерлер саны – 385 адам. Пәтер иелерінің айтуынша, нысан аумағындағы мүлік үлкес­кер­лерге өтпеген. Бірінші блок­тың құжаттары бар, ал үйдің екін­ші блогының жобалық-сме­т­алық құжаттамасы әзірленіп жатыр.

«Медина» тұрғын үй кешені құрылысы 2014 жылы басталған. Үлескерлердің жалпы саны – 500 адам, алайда олар екі тұрғын үй құрылыс кооперативтеріне (ТҚК) бөлініп кеткен.Үй әлі пай­далануға берілмегеніне қара­мастан, тұрғындар өз пәтерлеріне көшіп алған.

«Зере-1» тұрғын үй кешені 2016 жылы проблемалы болып танылған. Үлескерлердің саны – 191 адам. Ал үйдегі пәтерлер са­ны – 176. Мұнда бір пәтерді екі, үш рет сату фактілері кез­деседі. Тіпті бір пәтерге 4 адам үміткер болып тұрған пәтерлер де бар. Олардың барлығы бір пәтерге ақы төлеген.

«Мұнар-2» ТК нысанында 87 үлескер бар. Жобалық-смета­лық құжаттама электронды түрде бар, инженерлік желілер үшін жобалық-сметалық құжаттама жоқ. Сонымен, үйді техникалық тексеріп, қаржылық тексеруден өткізіп, тұрғын үй кешенінің аумағына арналған гараждарды сатып алу қажет.

Қала әкімі А.Көлгіновтің айтуынша, құрылысы 15 жылға со­­зылып кеткен «Территория ком­­форта-1» ТК сырылып, ор­ны­на жаңа үй салынатын болады.

Айта кету керек бүгінде жосықсыз құрылыс салушы сегіз адам 8 жылдан 12 жылға дейін сотты болған. Олар пәтер иеле­ріне 1,2 млрд теңге қарыз. Бірақ осы қарызды айыпкерлерден қайтып өндіріп алудың механизмі жасалмаған. Қазіргі кезде ең өзектісі осы мәселе.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі проблемалы ұзаққа созылған құрылыстарды сырып тастауды жоспарлап отыр. Ол үшін «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасына өзгертулер енгізуге мүдделі. Проб­лемалық нысандарды аяқ­тау үшін «Бәйтерек девелопмент» АҚ әкімдіктің өкілетті ұйым­да­рына кредит береді.


Әділ БЕК