Қазақстанда қанша секта бар?
Қазақстанда қанша секта бар?
Фото: Интернеттен алынды
262
оқылды
2020 жылы ішкі істер органдары діни қызмет саласында 64 заңбұзушылықты анықтады. Ақ жолдан адасып, радикалды идеология жетегінде кеткендерді, тіпті Сирия, Ирак секілді елдерде соғысқа қатысып қайтқандарды реабилитациялау және қоғамға бейімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Іnbusiness.kz жазуынша, Осы мақсатта «Ақниет» қоры мол мемлекеттік әлеуметтік грант қаржыны игеріп жатыр. Ол экстремизм және терроризм бойынша сотталғандар, тергеуде жүргендер және олардың отбасылары арасында сауықтыру және дерадикалдандыру шараларын жүргізуге тиіс. Дегенмен мұның нәтижесі көңіл көншітпей отыр: Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметінше, ол реабилитациялық шаралармен қылмыстық-түзеу жүйесі мекемесіндегі 138 адамды қамти алыпты. Теолог мамандар бағалауынша, 9-ы ғана реабилитацияланған. Яғни, теріс райынан толық қайтты. Тағы 91-і ұстамды позиция ұстануға көнген. Ал 38 адам сол бойы өзгермеген. «Жастардың діни білім алу үшін шетелге ағылуын азайту үшін отандық жоғары оқу орындарында олардың оқуына қажетті жағдайлар жасалды: Білім және ғылым министрлігі, жергілікті әкімдіктер жыл сайын «исламтану», «дінтану» және «теология» мамандықтарына білім гранттарын бөледі. 2019–2020 оқу жылына бұған 430 білім гранты бөлінді», – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі. Елімізде Иегова куәгерлерінің – 60, Новоапостоль шіркеуінің – 24, Кришна санасы қоғамының – 11, Бахаилардың – 6, Муниттердің – 1 бірлестігі бар. Тіпті, Қазақстанда мормондардың 2 бірлестігі тіркелген. Олар «Иса Мәсіхтің Соңғы күндегі әулиелер шіркеуі» (Церковь Иисуса Христа Святых последних дней) деп аталады. Оны ХІХ ғасырда Нью-Йорк штатында америкалық уағызшы әрі масон Джозеф Смит құрған. Елімізде барлығы 3 мың 585 ғибадат ғимараты жұмыс істейді. Нақтылай кетсек, қазіргі кезде Қазақстанда мешіттер саны 2 мың 678-ге жетіпті. Бұдан өзге, 301 православ храмы, 108 католик шіркеуі, 406 протестант құлшылық үйі, Иегова куәгерлерінің 57 құлшылық үйі, Новоапостоль шіркеуінің 24 құлшылық үйі, 6 синагога, Бахаидың 2 құлшылық үйі, кришнаидтердің 2 құлшылық үйі және 1 будда храмы бар. Ресми түрде мемлекетімізде 581 миссионер тіркелген. Оның 438-і – шетел азаматтары. Қалған 143-інің Қазақстан азаматтығы бар. Ақпарат министрлігі «Қазақстанның дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі 2021–2023 жылдарға арналған кешенді жоспарды» бекітетін Үкімет қаулысының жобасын жариялады. Онда «2021 маусымда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезін дайындау және өткізу» деген бап бар. Оны ұйымдастыруға Ақпарат және қоғамдық даму, Сыртқы істер, Ішкі істер министрліктері, Нұр-Сұлтан және Алматы әкімдіктері жұмылдырылады деп жоспарлануда.