Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Ақорда. Мемлекеттер басшылары бірін-бірі күллі мұсылманның мерекесі Құрбан айтпен құттықтап, Қазақстан мен Түркияның бауырлас халықтарына бақ-береке тіледі. Әңгімелесу барысында Президенттер екі елдегі қазіргі эпидемиологиялық ахуалды талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев Анкараның COVID-19 пандемиясына қарсы тиімді іс-қимылдарын жоғары бағалап, Р.Т.Ердоғанға гуманитарлық көмек көрсеткені үшін ризашылығын білдірді. Тараптар коронавирустың салдарын жою және дағдарыстан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарында күш-жігерлерін одан әрі жұмылдыра беруге уағдаласты. Екі елдің Президенттері Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық қатынастардың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын қарастырды. Екіжақты сауда-саттықтың оң қарқынын сақтаудың және бірлескен инвестициялық жобаларды, әсіресе, денсаулық сақтау, «жаңа экономика» және ауыл шаруашылығы салалары бойынша бастамаларды жүзеге асырудың маңызды екені атап өтілді. Әңгімелесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанды Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырғанын нақтылады.