Қарағанды облысында өтіп жатқан «Ұлытау – 2019» Халықаралық туристік форумында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жошы ханның есімін міндетті түрде ұлықтауды қолға алу қажеттігін айтты. Бұл туралы Ақорданың Twitter-дегі парақшасы жазады.
«Біз Алтын орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алуымыз қажет. Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру – өте маңызды міндет», - деді Қ.Тоқаев.
Бұдан өзге ел басшысы бүгінде жұртшылықтың басым көбі Шыңғыс ханның үлкен ұлы – Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын біле бермейтіндігін алға тартты. Президенттің сөзінше ата-баба аманатына адал болу – бізге сын.