Таразда электронды билет талайдың бас ауруына айналды
Таразда электронды билет талайдың бас ауруына айналды
фото: ашық дереккөз
192
оқылды
Осыдан біраз уақыт бұрын  Тараз қаласында қоғамдық көліктер электронды билет арқылы қозғалатындығы айтылып, талайдың таңданысын тудырған болатын. Жаңа жүйені бірлер жатсынса, енді екіншілер ертеңінен мол үміт күткен. Алайда жоба  жанданбай  жатып, тығырыққа тірелуде. Олай дейтініміз 1 тамыздан бастап іске қосылуы  керек бастаманың бауы мен байлауы қайда қалғаны белгісіз. Бұл  облыс әкімдігінде өткен жиында аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың ашуын шақырып, өңір басшысы Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаевқа шүйлікті. "Тараз қаласының әкімдігі де, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы да қолма-қол ақшасыз төлем жүйесін енгізуге тиісті деңгейде көңіл бөлмеген. Әуел бастан басқа өңірлердің тәжірибесін зерделеп, барлық қателіктерді ескеру қажет еді. Бірақ, бұл туралы ешкім ойлағысы да келмейді", - деді облыс әкімі. Ал өз кезегінде  Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев  карантинге байланысты техниканы жеткізуде қиындықтар туындағанын,  қажетті жабдықтар тамыз айының басында Қытайдан жеткізілетіндігіне сендірді. Сондай-ақ,электронды карталар жоспарланған мерзімнен сәл кешірек Ресей мемлекетінен келетіндігін айтты. Осыған орай, қала басшысы облыс әкімінен электронды билеттер жүйесін енгізуді 15 тамызға ауыстыруды сұрады. Бұл жалғыз мәселе емес. Бұған дейін қоғамдық көліктерде «SAPARCARD» электронды билеті арқылы тұрғындар қатынайтындығы айтылса, енді оның атауы «Tulparcard»-қа ауыстырылып отыр. Бұл да картаны шығарушы компанияда қажетті картаның болмауына байланысты орын алуда. Енді картаның атауын ауыстырып, оған арналған дүнгершектерді қайта жасақтаймыз дегенше тағы қанша уақыт өтетіндігі белгісіз. Сондықтан бұл мәселе жергілікті биліктің әлі талай күнгі бас ауруына айналатын секілді. Айтпақшы, бұрын «SAPARCARD» электронды билеті жоқтар жолақысына 130 теңге төлейтіндігі айтылған еді. Бірақ, аймақ басшысы сол кезде бұл мәселені құптамай, әлемдік пандемия кезінде жолақасын қымбаттатуға жол берілмейтінін жеткізген. Бердібек Машбекұлының осы табанды тапсырмасы тиянақты орындалады деп сенеміз.  

Саятхан Сатылған,

Жамбыл облысы