«Бүкіл әлемде пандемия өршіп тұр. Ол Қазақстанды да айналып өтпеді. Індет жүздеген еңбеккер мен зейнеткерді, қарттар мен жастарды, атақты азаматтарымыз бен қарапайым адамдарды арамыздан алып кетіп жатыр. Даңқты палуан, қоғам қайраткері Ж.Үшкемпіровтің қазасы туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдадым. Осы дерттен қайтыс болған азаматтардың қазасы қабырғама батты. Коронавирус пен өкпе қабынуы салдарынан қайтыс болғандардың саны әлі де жоғары», – деп жазды Президент. Мемлекет басшысы Денсаулық сақтау министрлігі мен барлық медициналық мекемелердің басты міндеті – өлім-жітім деңгейін ең төменгі шекке дейін түсіру екендігін атап өтті. «Үкімет азаматтардың карантин режимін сақтау жөніндегі шараларды күшейтуге міндетті. Онсыз пандемияға қарсы күресте жеңіске жету мүмкін емес», – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.