Б.Сапарбаев: Екі сиырмен-ақ жанұяны асырауға болады
Б.Сапарбаев: Екі сиырмен-ақ жанұяны асырауға болады
124
оқылды

Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев екі сиыр ұстап, қалай жан бағуға болатыны туралы айтты.

Сапарбаевтың сөзінше, егер еңбектеңсең, екі сиырмен-ақ жанұяны асырауға болады.

«Біз бәріміз ауылда өстік қой. Бір, екі сиырмен де отбасын асырауға болады. Бастысы, бұл екі сиырға жағдай жасалғаны. Мәселен, оларды асырауға жем-шөп жоқ деп шағым айтып жатады. «Жоқ» десең, ештеңе де өнбейді», - деді Сапарбаев «Жанұя» отбасыны қолдау институтының салтанатты ашылу рәсімінде.

Үкімет басшысының орынбасарының айтуынша, егер азамат сиырға дұрыс қорегін беретін болса, ол 7-8 литрге дейін сүт береді екен.

«Айталық, 2-3 литр (сүт-ред) күнделікті қажеттілікке жұмсалса, қалған сүттен құрт, қаймақ жасауға болады», - дейді Сапарбаев. Ол Қазақстанның дамыған отыз елдің қатарына кіруге деген ұмтылысы барын, бұл үшін еңбекке деген құшарлық бала кезден бастау алғаны жөн екендігін алға тартады. Бұл үшін бірінші кезекте мемлекет жағдай жасайды. «Мәселе екі сиырда емес, мәселе еңбексүйгіштікте» деп сөзін түйіндеді Сапарбаев.

БАҚ ақпарына сәйкес елордада отбасыны қолдау бойынша «Жанұя» орталығы ашылды. Жаңа орталық мемлекеттік қызметті бір ортаға жинақтап, «бір терезе» принципі бойынша отбасылармен жеке жұмыстар жүргізеді.