Партияның Қарғалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сапарбек Аманжоловтың айтуынша, «Меропенем» антибиотигі Ресейдің Орск қаласынан жеткізілген. Бұл дәрі аурухананың бас дәрігермен ақылдасып алыныпты.
– Індетке шалдыққан науқастарды емдеу үшін өз отбасыларынан оқшауланып, күні-түні қызмет жасап жүрген ақ халатты абзал жандарға қолдау білдіргіміз келді. Дегенмен мұнда дәрігерлердің керек-жарағы мен азық-түлік қоры жеткілікті екен. Сондықтан да қажетті дәріні алып беруді ұйғардық. Өйткені ауа арқылы тез тарайтын бұл аурудың қайтадан өршімесіне ешкім кепілдік бере алмайды. Ендеше дәрі де артық етпейді. Бұл іс-шараны ұйымдастыруда мәслихат хатшысы Надежда Заглядованың еңбегі зор, – деді ол.Қазір ауруханада 50 керуеттік провизорлық және 10 керуеттік инфекциялық стационар жұмыс істеп тұр. Бұл бөлімшелерде 4 дәрігер, 13 медбике және 13 санитар қызмет жасайды. Осы күнге дейін аудан бойынша 198 адамнан пневмония, 22 адам коронавирус індеті анықталған болатын. Қазір науқастардың саны екі есеге дейін азайған.