Екі сиыр – екі әлем
Екі сиыр – екі әлем
176
оқылды

Facebook әлеуметтік желісінде ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің баспасөз хатшысы Самат Нұртаза сиыр бағып, пұл табу төңірегіндегі талқыны саралап, ой бөлісті.

«Сиыр туралы жазбайын деп едім, бірақ ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы болғандықтан, сиырдың сіздерден гөрі бізге жақын болғандықтан, сиырдың адвокаты болуға бел будым.

Біріншіден, Елбасы сиырдың орнына екі ешкі, екі қой, екі түйе, екі жылқы деп айтуына болар еді. Сөзінің мағынасы еш өзгермес еді. Себебі сөздің түпкі мағынасы сиыр емес, сөздің мағынасы «диваннан тұрып, іс жаса!», «тіршілік жаса, аздан бастап байлыққа талпын» деген жолдау еді. Бірақ біздің бұқара қоғам сиырдан аспады. Мазақтады, келекетті, жақсы тілекті күлкі мен сайқы-мазаққа айналдырып жіберді.

Екіншіден, Қазақтың Фейсбугы ортағасырлық Европаның инквизициясынан кем емес. Соған көзім жетті. Өтірігі бар, шындығы бар, білгені бар, білмегені бар – кез келген адамды жапырып өтуге даяр виртуалды каннибалдар. Сөздің сілемін түсіну, екі жақтың да пікірін тыңдап барып ой жазу, ақылға салу, ақпараттың рас-өтірігін айқындау деген қадамдар атымен жоқ бізде. 5000 подписчігі бар біреу «Өлтіріңдер мынаны!» десе, сол 5000 подписчик сол ұранды ала жөнеледі.

Үшіншіден, біздің қоғам негатив режиміне бағытталып қойған техника сияқты. Біздің қоғам соғысқа арналған қару сияқты, бейбіт өмірге беймделмеген қару тәрізді. Позитивті байқамаймыз, жақсы жаңалыққа лайк баспаймыз, бөліспейміз, қуанбаймыз. Ал біреудің тұяғы сүрінді, жағы жаңылды, оқыс болды десе, ала жөнелеміз. Нағыз хайпожор ұлтқа айналдық.

Нәтижесінде біз екі әлемде өмір сүрудеміз. Біреулерге хайп пен күлкі керек, біреулерге байыппен өмір сүру керек.»