Әбішев жетекшілік еткен саладан жік шықты
Әбішев жетекшілік еткен саладан жік шықты
©Жұмабек Айқынұлы
Денсаулық сақтау министрінің бұрынғы орынбасары Олжас Әбішев «бюджеттік қаржыны ұрлады» деген күдікпен ұсталды. Бұл ақпаратты қаржы министрлігінің қаржылық мониторинг комитеті растады. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі тергеу жұмыстарына қатысты әзірге ешқандай ақпарат жарияланбайтынын айтты. «Бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен ұсталған Олжас Әбішев шілде айында жұмыстан босатылды», − деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов. Олжас Әбішев 2018 жылы Денсаулық сақтау вице-министрі болып тағайындалды. Оның жетекшілік еткен саласы цифрландыру және ақпараттық қауіпсіздік мәселелеріне қатысты. Вице-министрлікке дейін цифрландыру саласына қатысты мынадай қызметтерді атақарған:
  • «Медициналық технологиялар және ақпараттық технологиялар орталығы» АҚ ақпараттық технологиялар бойынша кеңесшісі;
  • «Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы» АҚ алдыңғы қатарлы технологиялар және инновациялар департаментінің директоры;
  • ҚР ДСМ «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы» ШЖҚ РМК бас директорының орынбасары;
  • ҚР ДСМ «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы» ШЖҚ РМК бас директорының міндетін атқарушы;
  • 2017 жылғы 11 қыркүйектен ҚР ДСМ «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы» ШЖҚ РМК бас директоры.
  Айта кетерлігі, бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі басшысы Алик Шпекбаев Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, сондай-ақ Білім және ғылым министрлігінің жоғары лауазымды шенеуніктеріне қатысты екі қылмыстық іс қозғалғаны туралы мәлімдеген болатын. Агенттік басшысы мемлекеттік басқаруды жеделдету және пандемия кезінде тиімді тәсілдер қолдану үшін цифрландыру саласының маңызды екенін, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда бюджет қаражатын жымқыруға жол бермеу керегін айтты. Жоғарыда аталған екі министрлікпен қатар, Денсаулық сақтау министрлігінің де цифрландыру саласына жетекшілік жасаған Олжас Әбішев ұсталып отыр. Бұған қоса, 20 шілдеде Мемлекет басшысының Жарлығымен Асқар Жұмағалиев Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметінен босатылған болатын.   Емханалардағы кезек жайында... – Мен жақында №6 емханаға қаралуға барарда алдын ала таңертеңгі сағат 08:00-ге жазылдым. Бірақ дәрігерге 08:30-да кірдім. Себебі менің алдымда тікелей келген үлкен кісілер кезекте тұрды. Сондықтан бұл әр адамның мәдениеті мен түсінігіне байланысты. Егер ол жерде мен алдын ала жазылғанымды айтып, кезекті бермей қойсам, айғай-шу шығады. Сондықтан да әр медициналық емхана өз деңгейінде халық арасында түсіндіру шараларын күшейтуі қажет, – деді О.Әбішев бұған дейін берген сұхбаттарының бірінде.   Электронды денсаулық паспорты жайында... – Қазақстанда 18,6 млн электронды денсаулық паспорты жасалған. Бірақ оның іші толық па, әлде бос па, белгісіз. Себебі егер азамат медициналық көмекке жүгінбесе, ол паспорт бос болып тұра береді. Одан бөлек, мемлекетттік медициналық мекемелерге жүгінбейтін жеке секторларға баратын адамдар бар. Қазақстанда электронды денсаулық паспорты 2015 жылдан бастап қолға алынды. Яғни, сол жылдан бастап барлық мәлімет паспортқа тіркеледі. Жыл санап электронды паспорт медициналық мәліметтермен толыға береді. Қазірдің өзінде оның ішінде 14 терабайт мәлімет бар. Оны тұрғындарға шақсақ, 1 адамға 600 парақ мәлімет шығаруға болады. Оның ішінде кімнің емдегені, қайда емделгені және де қандай дәрі-дәрмектер берілгендігі жөніндегі ақпараттар бар. Шалғай аудандар мен елдімекендерге интернет жетіп, барлық мәлімет енгізілгенде оның көлемі 200-300 терабайт болады деп жоспарлап отырмыз, – дейді О.Әбішев.   Шалғай аудандар қиналып отыр – Бізде барлығына бірдей интернет қолжетімді емес. Әсіресе, шалғай аудандар қиналып отыр. Бұл проблема 2025 жылға дейін шешіледі. Егер смартфон болмаған жағдайда, байланыс орталығына хабарласып, қабылдауға жазылуға болады. Сонымен қатар, тікелей ауруханаға келіп, жеке куәлігін көрсетіп, бұрын соңды қандай аурумен ауырғанын көре алады. Көптеген адамдар үшін мұндай тәжірибе қауіпті болып көрінеді, бірақ біз OTP (One Time Password) жүйесін жасап жатырмыз, − дейді экс вице-министр.   Коронавирустың таралуын болжайды – Қазір бізге шетелдік компаниялар өз өнімдерін сатып алуды ұсынып отыр. Біз оған келіспейміз. Дайын өнім алғанша оның жасалу жолдарын меңгеру керек. Жақында біз XLabs-пен жасанды интеллект жүйелерімен айналысатын АҚШ компаниясымен келісімге қол қойдық. АИ коронавирустың таралуын болжауға көмектеседі. Екі апталық келіссөзден кейін білім беру трансферін өткізуге келістік және осылайша 1 200 000 доллар үнемдедік. Дайын өнім қамбат тұрады. Мемлекет үшін бұл аз сома, бірақ бұл ақшаны жергілікті IT саласына құюға болар еді, − дейді істі болған Денсаулық сақтау министрінің бұрынғы орынбасары Олжас Әбішев.

Еркежан АЙТҚАЗЫ