Әлібек ӘЛДЕНЕЙ, «Nur Otan» партиясының хатшысы: Пандемия жағдайындағы «Nur Otan» праймеризі: қауіпсіздік пен ашықтық
Коронавирус пандемиясы бүгінде адамзат өмірінің барлық саласына ықпал етті. Ол өмір салтын күрт өзгертіп, келешекке деген жоспарларға түзету енгізуге мәжбүрлеп отыр. COVID-19 аса ауқымды қиындықтар тудырып, экономикадағы дағдарыс процестерінің, саяси үрдістердің полярлануының триггеріне айналды.
Дегенмен бұдан бұрын «Nur Otan» партиясы жариялап, өткізуді жоспарлаған ел тарихындағы бастапқы партиялық сайлау – праймериздің басталатын уақыты, тамыз айы да келіп жетті. Әлбетте, бізді кез келген көпшілік шараларға амалсыз шектеу салынған қазіргі кезде партияның жоспарлары қызықтырды.
«Nur Otan» партиясының хатшысы Әлібек Әлденей Aiqyn-ға берген сұхбатында COVID-19 тудырған сын-қатерлер, тәуекелдерге байланысты партияның жоспары өзгерді ме, коронавирус партияның басты саяси жобасының жүзеге асу барысына тосқауыл болды ма деген бірқатар сұраққа жауап берді.
– Коронавирус пандемиясы жаһандағы барлық жоспарға әсер еткені сонша, көпшіліктің қатысуымен өтетін іс-шаралар түгелдей кейінге шегерілді немесе мүлдем өткізілмейтін болды. Тіпті, жақында АҚШ президенті биыл қараша айында өтуі тиіс президенттік сайлауды кейінге шегеру қажет екенін айтты. Мұның бәрі Қазақстанның саяси тарихында алғаш рет ұйымдастырылғалы отырған «Nur Otan»-ның партиялық праймеризіне қалай әсер етуі мүмкін?
– Егер қысқаша айтар болсақ, өкінішке қарай COVID-19 пандемиясы біздің праймериз бойынша жұмысымызға да айтарлықтай өзгеріс енгізгені рас. Біздің барлық шешімдеріміз ең алдымен адамдардың денсаулығына қауіп төндірмеуге бағытталған. Бұл біз үшін бірінші орындағы мәселе. Бірақ пандемия азаматтарды сайлау, елдің саяси өміріне араласу құқынан айырмауы тиіс.
Қоғам барлық деңгейде жаңа талаптарға бейімделіп, икемді және алға оза жүріп жұмыс істеуі тиіс. Сондықтан партия Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша, тамыз-қазан айларында праймериз барысында партияішілік сайлауда онлайн форматта дауыс беру механизмін пайдаланамыз. Праймериз өткізу ережесіне тиісті толықтырулар енгізуді Саяси кеңес мүшелері сырттай дауыс беру арқылы қолдады.
Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек өзінің Facebook-тегі парақшасында атап өткендей, партия жұмысын цифрландыру 2014 жылы басталған болатын. «Nur Otan» елімізде бірінші болып ауқымды «Электронды партия» жобасын жүзеге асыруға кірісті. Атап айтқанда, деректердің орталық базасы, онлайын қоғамдық қабылдау, веб-портал, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы коммуникацияның жаңа арналары жасақталды. Төтенше жағдай режимінде, қозғалысқа жаппай шектеу салынған кезде біздің онлайн қоғамдық қабылдау қызметіміз аса мұқтаж азаматтарға арналған әлеуметтік қолдаудың толық пакетін халыққа түсіндіруде орасан зор салмақты көтергенін айта кетуіміз керек. Олар қоғамдық көңіл күйдің, Қазақстан азаматтарының қажеттіліктері мен тілектерінің нақты барометріне айналды.
«Электронды партия» электронды партияішілік сайлауды өткізудің негізгі құралы – «Праймериз» ақпараттық жүйесіне негіз болды. Осы тұста біз үшін адамдардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету негізгі басымдық екенін атап өткім келеді. Егер толық қорғанысты қамтамасыз ету мүмкіндігі болмаса, онда жобаларды жүзеге асыру мерзімін кейінге шегеру және қажет болса, мүлдем тоқтату қажет. Праймеризге келсек, біздің азаматтардың денсаулығын қорғауға мүмкіндігіміз бар, мұндай мүмкіндік – оны онлайн режимде өткізу.
Процестің шешуші һәм қорытынды бөлімі саналатын дауыс беру онлайн режимде өтетіні даусыз. Ал оған дейінгі өзге бөлімдеріне келсек, олардың жүзеге асырылуы эпидемиялық жағдайға байланысты болмақ. Қалай болғанда да, біз барлық нұсқаны қарастырып жатырмыз.
– Жақсы, дегенмен мұндай амалдар шараның сапасы мен нәтижесіне қалай әсер етуі мүмкін?
– Біз велосипед ойлап табайын деп отырған жоқпыз ғой. Қазіргі таңда көптеген елде қоғамның іскерлік белсенділігі интернетте өтіп жатыр: адамдар онлайн форматта топтық кездесулер өткізуде, білім алуда, құқықтық құжаттар мен қаржылық келісімдер түзуде, тіпті сайлауда дауыс та беріп жатыр. Оған қоса, коронавирус пандемиясы және соған орай енгізілген шектеулерге байланысты бірқатар елде праймеризді де онлайн форматта өткізу жоспарланған. Біз, әрине қашық режиміндегі праймериздің ең оңтайлы қазақстандық моделін жасақтау үшін олардың тәжірибесін пайдаланамыз.
– Ол қай елдер, тәжірибелері қандай?
– Мәселен, АҚШ праймериздің отаны саналады, ол елдің партия құруда, тұтас сайлау мен бастапқы партияішілік сайлау өткізуде тәжірибесі мол. Сонау 2000 жылы Демократиялық партия votation.com жекеменшік компаниясының қызметін пайдалана отырып, Аризонада президенттік праймеризде дауыс беру өткізді.
2002 жылы онда «Американың дауыс беруіне көмектес» заңы қабылданды, ол сайлау жүйесіне жаңа технологияларды орталықтандыра отырып, енгізуді қарастырады.
Әрине, олардың барлық әрекеті сәтті болды деуге келмес. Колумбия штатында АҚШ тың шетелдерде жүрген азаматтарының дауыс беруін қамтамасыз етуі тиіс Digital Vote by Mail жүйесін енгізуге тырысты. Алайда бұл технология тоқтатылды. Себебі оның негізінде ашық коды бар бағдарламалық қамтамасыз ету қолданылған белгілі болды. Мамандар жүйенің бірқатар элеметтерінің осал тұстары және сақталған бюллетеньге фальсификация жасау мүмкіндігі бар екенін айтып, ескертті.
Бірақ қателіктің өзі тәжірибе. Біз дәл сондай кемшіліктерді жойып, жүйені мейлінше қауіпсіз және кез келген мәліметтің құпия болуын қамтамасыз еткіміз келеді. Партияның әрбір мүшесі алдын ала авторизациядан өтіп, әрбір дауыс арнайы алгоритм арқылы шифрланады.
Ал жақын шетелдер тәжірибесіне оралсақ, Украинаны мысал етуге болады. Жақында аталған елдің билігіндегі «Слуга народа» партиясы Херсон қаласының мэрі қызметіне үміткер праймеризін арнайы онлайн-платформада өткізеді.
– Ал мұндай шаралар Қазақстанда қалай өтеді?
– «Праймериз» ақпараттық жүйесі партияішілік сайлауды өткізуді, соның ішінде дауыс беру, дауыс санау, қорытынды шығару процестерін автоматтандырады. Жүйені жасақтау барысында E-gov сервистерін қолдануды қажет етпейтін бірқатар принцип ескерілді. Бұл нақты уақытта дауысты санау, сырттан араласудан қорғау, сайлаушыны ЖСН арқылы тіркеу және SMS-верификация, барлығы праймериз өткізу ережелеріне сай болу деген сөз.
Айтпақшы, ақпараттық жүйені отандық ІТ компания жасады. Ақпараттық жүйеге кірген кезде қолданушы өзінің ЖСН-ін енгізіп, SMS код арқылы мақұлдаудан өте отырып, авторизация жасауы керек болады.
Әрі қарай қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін мобильді қосымшалар арқылы қайтадан авторизация жасау кезінде қосымша құралдар (немесе опциялар) ұсынылады, атап айтқанда 4 белгілік сан (PIN), камера арқылы келбетті идентификация жасау (Face ID) немесе саусақ іздері арқылы идентификация (Touch ID) жасау тәсілдері қолданылады.
– Мұның өзі басы болса, әрі қарай қиын-ау...
– Енді біз топтық чатқа қосылу туралы әңгіме айтып отырған жоқпыз ғой. «Nur Otan» партиясы еліміздің тарихында алғаш рет ұйымдастырылатын партиялық праймеризге мұқият дайындалып жатыр. Біз мұны жалпыұлттық жоба деп бағалаймыз және қателіктерге жол бермеуіміз қажет. Онлайн праймериз өткізу тәжірибесі бар кез келген елде процедураны өткізудің қауіпсіздік деңгейі әдетте өте жоғары болады. Сөз басында айтқанымдай, жеке деректер мен дауыс беру процедурасының құпиялылығы пен қорғалатынына кепілдік беріледі.
Одан кейін, яғни авторизация жасалғаннан соң әрбір қолданушы үшін автоматты түрде «Жеке кабинет» құрылады және онда оның жеке мәліметтері көрсетілген «партиялық тұлғаның электронды профилі» жасалады. Қолданушының ақпараттық жүйеде жеке құқығы мен рөлдерінің жиынтығы қалыптасады. Ол бірінші кезекте үміткер, яғни праймеризге қатысушы болады. Сонымен қатар дауыс беретін партия мүшесі. Одан соң, әлбетте әкімшілер мен модераторлар, ұйымдастыру комитетінің, есеп комиссиясының мүшелерінен құралған ұйымдастырушылар тобы болады.
Ақпараттық жүйеде үміткерлердің ортақ базасын қалыптастыру жазбаша және онлайн өтініштер негізінде жасалады. Үміткерлер құжат тапсырудың тәртібі жайлы мәліметті партия сайтынан таба алады. Сонымен қатар CallCenter-ге телефон шалып немесе партия филиалдары базасында жұмыс істеп тұрған жергілікті ұйымдастыру комитеттеріне хабарласып, ақпарат алуға болады.
– Авторизация жасау, өзін ұсыну, дауыс беру, мұның бәрі түсінікті болды. Бірақ праймериз үміткердің дауыс берушімен тікелей байланыс жасауын, үгіт-насихатты, пікірсайысты да қамтиды ғой. Бұлардың барлығы онлайн режимде қалай өтеді?
– Ақпараттық жүйенің құрамында «Үгіт-насихат материалдары» және «Дебаттар» деген бөлімдер бар. Үгіт-насихат материалдары жайлы мәселе түсінікті деп ойлаймын, үміткер барлық материалын жүйеге жүктейді. Үміткер видеоматериалдарды алдымен YouTube сервисіне немесе өзге де әлеуметтік желілерге жүктеуі керек.
Үміткердің видеоматериалдарының санына, көлеміне және Қазақстан Республикасы заңдары талаптарының орындалуы тұрғысынан мазмұнына қатысты талаптар қойылатынын атап өткім келеді. Мәселен әрбір үміткер қалағанынша видеоматерил дайындап, оны жүктеуіне болады. Алайда әр видеоның ұзақтығы 5 минуттан аспауы керек. Роликтерде әлеуметтік, діни және ұлтаралық кикілжің тудыруға, сондай-ақ конституциялық құрылымды, әкімшілік-аумақтық тұтастықты, мемлекет пен партияның бірінші тұлғаларын сынауға бағытталған ақпараттар болмауы керек.
Ал дебаттар өткізуге келсек, қазақстандықтар, өкінішке қарай карантин режимінде бірнеше ай бойы жұмыс істеп келеді. Әртүрлі жиындар, семинарлар мен конференциялар формасындағы онлайн пікір алмасу тәжірибеміз бар. Демек, пікірталастар партияның аудандық, қалалық, облыстық филиалдарының әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында тікелей эфирде өтеді. Сондай-ақ өткен дебаттардың жазбалары да қолжетімді болады.
Өз кезегінде аймақтық ұйымдастыру комитеттері көпшілік дебаттарды өткізудің графигін жариялайды. Онда дебат тақырыбы, трансляция сілтемесі, дебатты өткізу күні мен уақыты көрсетіледі.
– Ақпараттық жүйеге партия мүшелері жаппай кіріп, дауыс бергенде оның қызметі бұзылып, жүйе «құлап» қалмай ма?
– Жүйе сынақтан өтті. Ол бір мезгілде партия мүшелерінің қазіргі санынан әлдеқайда көп қолданушының кіруіне есептелген. Яғни, сіз айтқан мәселе туындамауы тиіс.
– Ендеше негізгі мәселеге, дауыс беру мен дауыс санауға көшейік. Мұндағы регламент қандай?
– Сөз басында атап өткенімдей, праймеризде онлайн дауыс беру – пандемия кезінде адамдардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейтін біздің ең негізгі басымдығымыз. Сонымен қатар сайлауда дауыс беру кезінде партия мүшесіне дауыс берудің бірнеше форматы ұсынылады. Атап айтқанда, мобильді қосымша, веб-портал арқылы да, тікелей учаскеге келіп, онда онлайн дауыс беруге де болады. Дегенмен интернет арқылы дауыс беруде қиындықтар туындайтын учаскелерде эпидемиялық жағдай қалыпқа түсіп, партия мүшелері қағаз бюллетень арқылы да дауыс бере алатын шығар деп үміттенеміз.
Партияның келесі маңызды міндеті бастапқы партия сайлауын өткізудің барлық форматында дауыс беру мен қорытынды шығару кезінде ашықтығымен ерекшеленгенінде болып тұр.
Біздің ақпараттық жүйемізде «Дауыс беру нәтижесі» деп аталатын бөлім бар. Сайлау күні осы бөлімде дауыс беру жайлы деректер нақты режимде көрсетіліп тұрады. Яғни, дауыс беруге қанша партия мүшесі қатысып жатыр, қаншасы дауыс берді, соңғы мәліметтердің жаңартылуы тәрізді барлық мәліметтер «Дауыс беру нәтижесі» бөлімінде көрінеді.
Одан бөлек, ақпараттық жүйеде партия мүшелерінің дауыс беруге қатысуын есептеу, дауыс беру нәтижелерін учаскелер мен форматтар бойынша көрсету мүмкіндігі де қарастырылған. Онлайн дауыс берген партия мүшелері таңдауының нәтижелері ақпараттық жүйеде сақталып тұрады. Нұротандықтардың учаскеге келіп дауыс беруін және нәтижелерін жергілікті есеп комиссиялары мен ұйымдастыру комитеттері қадағалайды. Тікелей дауыс беру нәтижелері шығарылып, хаттамалар толтырылған соң нәтижелері ақпараттық жүйеге енгізіледі де, автоматты режимде партия мүшелерінің қатысуы, онлайн және тікелей дауыс беру нәтижелері жайлы деректер жинақталады.
Көріп отырғандарыңыздай, бұл ақпараттық жүйенің мүмкіндігі дауыс беру барысы жайлы ақпаратты жинақтауға және оны праймериз қортындысына трансформациялауға мүмкіндік береді. Дауыс беру қорытындысы бойынша ақпараттық жүйеде ұйымдастыру комитеттері мүшелері мен төрағаларының ЭЦҚ арқылы қолдары қойыла отырып өткізілген праймериздің қорытындысы туралы хаттама қалыптасады.
Дауыс беру қорытындысы шығарылған соң ақпараттық жүйеде түрлі аймақтардың, қалалар мен аудандар көрсетіле отырып, үміткерлердің рейтингі бар тізім қалыптасады. Рейтингі бар үміткерлер тізімін партия бекітілген ережеге сәйкес, қазан айында жариялайды.
– Сіз сипаттаған праймериз регламенті партия өзі әзірлеген дүние ме, әлде халықаралық тәжірибеден алынды ма?
– Ашығын айтқанда, Қазақстанда праймериз өткізу идеясынан бастап пандемия кезінде қалыптасқан талаптарға бейімдеу қажеттілігі арқылы қиындай түскен ұйымдастыру жұмыстарын пысықтау негізінде халықаралық тәжірибе жатыр. Біз ең тиімді моделді анықтауға басымдық бердік. Өзіңіз білесіз, түрлі нұсқалар мен нюанстар болады. Мәселен, І-дауыс беру деп аталатын, үйде отырып компьютерден немесе ұялы телефоннан интернет арқылы қашықтан электронды дауыс беру нұсқасы бар.
Ұлыбританияда сонау 2002 жылы бірқатар ауданда үйдегі компьютерден және SMS хабарлама арқылы дауыс беруге рұқсат етілді. Осы елде 14 муниципалды сайлау аталған схемамен өтті. Ең танымал дауыс беру тәжірибесі Ливерпульдағы муниципиалды сайлауларда өтті. Онда интернет арқылы ұялы телефонмен дауыс беруге рұқсат етілді.
Ал сіз әлемде қай ел интернет арқылы жалпыұлттық дауыс беру жүйесін жасағанын білесіз бе? Ол – Эстония. Оларда мұндай идея 2001 жылы пайда болды, ал 2005 жылы жергілікті сайлауда олар мұны сынап көрді.
Қазір Эстонияда кез келген компьютерден дауыс беру үшін азаматтың чипі бар жеке куәлігі (ондағы барлық азаматта осныдай куәлік бар) немесе Mobiil-ID виртуалды цифрлық жеке куәлігі, сондай-ақ мемлекеттік сайттан жүктеп алуға болатын бағдарлама болса жеткілікті.
Швейцарияда онлайн-сайлау үшін Blockchain e-ID-System деп аталатын сайлаушының персоналды электронды идентификация жүйесі әзірленді. Сарапшыларының айтуынша, аталған жүйеде «басқарушы орталық», бірыңғай сервер жоқ екен. Яғни, хакерлер ешнәрсені бұза алмайды, дауыс беру нәтижесі мен сайлау, референдум, сауалнама қорытындыларын қолдан өзгерте алмайды.
Америка Құрама Штаттарындағы кейбір сайлау учаскелерінде электронды тәсілді алғаш рет 2000 жылы сынап көрді. Канадада алғашқы жергілікті сипаттағы интернет-сайлау 2003 жылы өтті.
Қысқасы, онлайн дауыс беруді тәжірибеден өткізген елдер туралы тізбектеп айта беруге болады. Мәселен, Австралия 2007 жылы, Үндістан 2010, Испания, Тайланд, Оңтүстік Корея 2018 жылы, Финляндия 2016 жылы осындай тәсілді сынақтан өткізді. Электронды дауыс беру мен праймериз бойынша ең жақын (географиялық және уақыт тұрғысынан) тәжірибе деп биыл сәуір айында Ресейде өткен бастауыш партиялық сайлауды айтуға болады.
– Жақсы, ал көрерменсіз дебат өткізу тәжірибесі ше, ол қалай болады?
– Бұл мәселе бойынша ең жаңа тәжірибе ретінде АҚШ-та өткен президенттік праймеризді айтуға болады. Наурыз айында демократтардың үміткерлері Джо Байден мен Берни Сандерс көрерменсіз пікірталас өткізді. Соған сәйкес, дебатты Аризон штатына өткізу қажеттілігі жойылды, бәрі Вашингтонда ұйымдастырылды.
Әрине, пандемия Байден мен Сандерстің сайлауалды компаниясына айтарлықтай өзгерістер енгізіп, америкалықтар үйренгеннен өзге сипат алғаны рас. Үміткерлер көлемді митингтерден және сайлаушылармен кездесуден бас тартып, бар ықыласын БАҚ пен қатардағы америкалықтардың назарын аударатын өзге тәсілдерге, мәселен видео-чат, видео кездесулер арқылы жасалатын онлайн үгіт-насихатқа және басқа тәсілдерге аударды.
Ал «Единая Россия» партиясындағы алдын ала сайлауға қатысушылардың пікірсайысы видео таныстырылым форматында әлеуметтік желілерде ұйымдастырылды. Украинада тікелей дебаттарға, ұсыныстар мен үміткерлерді қоғамдық тұрғыда талқылау үшін «онлайн-праймериздің» ұлттық платформасы әзірленді.
Сіздің келесі сұрағыңыздың қандай боларын тұспалдай отырып, бірден айтайын, әлемде онлайн дауыс берудің қорытындысын шығару тәжірибесі жетіп артылады. Олардың барлығы біздің «Праймериз» ақпараттық жүйемізге ұқсас электронды дауыс беру жүйелеріне байланған.
Сонымен қатар біріншіден Қазақстанда өтетін праймериздің «Nur Otan» партиясының кезекті жобасы деңгейінен әлдеқайда үлкен, ауқымды екенін атап өткім келеді. Бәлкім, бұл елдің бүкіл партиялық жүйесінің жаңғыруына түрткі болар. Екінші жағынан бастапқы сайлау ең алдымен «Nur Otan» партиясының өзі үшін маңызды, өйткені біздің Көшбасшымыз жариялаған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партияның жүйелік жаңғыру процесінің бір бөлшегі.
Осы айда партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында праймериз механизмін пайдалану керегі туралы мәлімдегеніне бір жыл толады. Нақты айтқанда, Төраға халықаралық тәжірибе белсенді партия мүшелері мен көшбасшыларды іріктеудің тиімді механизмі преймериз деп атап өткен болатын. Өз сөзінде Елбасы партияішілік ашық таңдау «Nur Otan» атынан мәселелерді шешуді мақсат тұтқан ең белсенді және білікті партия мүшелерін анықтауға мүмкіндік беретін заманауи тәсіл екенін тілге тиек еткен еді. Сәйкесінше, бұл адамдар халық арасында беделді, құрметті, партиялық-саяси алаңда жұмыс істей алатын, жауапкершілігі мол, бұқараға танымал болуы тиіс.
«Праймериз» ақпараттық жүйесін қолдану халықпен кері байланысты жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді. Ол онлайн режимде түрлі бастамалар мен заң жобаларын кеңінен талқылауға мүмкіндік береді. Жаңа ақпараттық жүйені бір ғана праймериз үшін қолданумен шектелмейміз.
Сөз жоқ, партия басшылығы да, партия мүшелері де алдағы праймериздерді ойдағыдай ұйымдастырып, өткізуге мүдделі. Басымдық ашықтық пен нәтижеге беріліп отыр. Әрине, баршамыз үшін осынау ауқымды жобаның іс жүзіндегі ұзақмерзімді кейінгі нәтижелері маңызды. Сондықтан техникалық тұрғыда праймериз қандай форматта өтетіні маңызды, бірақ принципиалды емес. Ең бастысы – тиімділік пен нәтиже.
Сұхбаттасқан
Амангелді Құрмет