Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды елорда сотының баспасөз қызметі.
«3 тамыз күні Нұр-Сұлтан қаласының Мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Олжас Әбішевке қатысты екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады», - делінген хабарламада.Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитеті Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевтің қамауға алынғанын растады. Ол бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Олжас Әбішев 2018 жылы Денсаулық сақтау вице-министрі болып тағайындалған. Ол цифрландыру және ақпараттық қауіпсіздік мәселелеріне жауап берген болатын.