Жамбылда қызметтік пәтердің қызығын кім көріп жүр?
Жамбылда қызметтік пәтердің қызығын кім көріп жүр?
209
оқылды
Қызметтік үйдің қызығын кім көріп жүр? «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қызметкерлері осындай ұранмен Тараз қаласындағы ықшамаудандарға рейд жүргізді.  Зерделеу  барысында небір сұмдық пен қулықтың беті ашылды. Жалпы қызметтік көлік секілді қызметтік пәтер мемлекет тарапынан берілетіні белгілі. Алайда осы қызметтік үйді мақсатсыз пайдаланып, тіпті коммуналдық төлемдерді төлемейтіндер көп екен. Мәселен №13 ықшамаудандағы Ш. және Г. есімді қызметкерлерге берілген пәтер қаңырап бос тұр. Ал «Арай-2» алқабындағы қызметтік пәтерді  басқа  біреудің жалға алып тұрып жатқаны белгілі болды. «Астана» ықшамауданындағы қызметтік пәтерді болса, келісімшарты жоқ «ҚазАвтоЖол» мекемесінің директоры иемденіп алған. Бұл аз десеңіз, №13 ықшамауданындағы қызметтік пәтер  2009 жылы жекеменшікке аударылып кеткен. Тексеріс  нәтижесінде анықталғаны  2016 жылы пәтер уақыты аяқталғанымен әлі күнге «Тұрғын үй коммуналдық» мекемесінен тіркеуден алынбаған. Және коммуналдық төлем уақыты өтіп кетіп, пәтер есігіне  ескерту қағаздары мен төлем чектері жиналып қалған. «Бәйтерек»  ықшамауданындағы тағы бір қызметтік пәтер де  жалға беріліп кеткен. «Жамбыл - адалдық алаңы» жобалық офисінің жетекшісі Назима Дәрменқызының  айтуынша,  аталған фактілер бойынша  жауапты азаматтарға ескерту жасалған екен.
- Біз тек зерделеу жұмыстарын жүргізуге құқылымыз. Ал аталған фактілер бойынша жауаптыларды жазалау басқа мекеменің құзыретінде. Десе де, зерделеу қорытындысы Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа жолданатын болады, - дейді офис жетекшісі.
Әрине «жұмыртқадан жүн қырқып», бас пайдасын ойлаған мұндай мамандарды қатаң жазалау керек. Өзі тұрмағаны былай тұрсын, жалға беріп қойғанына не дейсің? Үйсіз-күйсіз қанша мұқтаж жан жетім бұрышты  жағалап жүргенде, бұлардікі енді барып тұрған басынушылық. Сондықтан аймақ басшысы Бердібек Машбекұлы барлық фактілер бойынша жіті тексеру жұмыстарын жүргізіп, «жүгенсіз» кеткендерді жөнге салады деп сенеміз.      

Саятхан Сатылған,

Жамбыл облысы