Жатақхана неге жетіспейді?
Жатақхана неге жетіспейді?
289
оқылды
Ескі үкіметке жүк­телген негізгі міндеттің бірі – жатақхана жетіспеушілігін шешу еді... 2019 жылдың 21 ақпан күні Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметті отставкаға жіберді. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы оныншы Үкіметтің жұмысына біршама сын айтылды. Сарапшылардың айтуынша, елдің жалпы ішкі өнімі шикізат есебінен ғана өсіп, үкімет пен ұлттық банк тарапынан экономиканы сапалы түрде дамытуға нақты әрекеттер жасалмаған.

Ең алдымен, ескі үкіметке жүк­телген негізгі міндеттің бірі – жатақхана жетіспеушілігін шешу еді. Елбасы өзінің «Бес әлеуметтік бастама­сында» студент жастардың жатақ­хана жағдайын жақсартуды тап­сырған-ды. Аталған тапсырма бо­йынша Үкімет 2022 жылдың со­ңына дейін студенттерге арнал­ған 75 мың орынды жатақхана салуы керегі айтылған.

Расын айтқанда, жатақхана тапшылығы үлкен қалалардағы студенттерді тығырыққа тіреп отырғаны анық. Студенттерге орын тапшылығы жағынан алған­да 56 пайыз көрсеткіш Нұр-Сұл­тан қаласы мен Алматы қаласына тиесілі. Мәселен, елордамыздағы 32 жатақханада 14 мың студентке ғана орын бар. Ал бас шаһарда 88 мың жас білім алып жатқанын есепке алсақ, 66 мың шәкірт пә­тер жалдауға мәжбүр екенін бай­қау қиын емес.

Еліміздегі үлкен мего­полис Алматыда жатақха­надағы орын санын шәкірт басына шақ­қанда 3 студентке бір орыннан тие­ді екен. Білім және ғылым ми­нистрлігінің дерегінше, еліміз бойынша 2017/18 оқу жылында 462,2 мың студент білім алған болса, соның 40 пайызы – еліміз­дің әр өңірінен келгендер. Яғни, бір ғана оқу жылының өзінде 200 мыңның үстінде шәкірт жатақхана мұқтаждығын тартады деген сөз. Биыл студенттердің саны былтыр­ғы оқу жылындағы көрсеткішке қарағанда 9,3 па­йыз­ға көбейген.

Елімізде әр өңір­дегі филиалдарын қоса есептегенде 128 жоғары оқу орны жұмыс істеп тұр. Алайда жатақхана мәсе­лесін 100 пайыз шешіп, шәкірт­терін жатын орын­мен қамтамасыз ете алмай отыр. Көп оқу орындары 90-жылдары өз меншігіндегі ны­сандарынан айы­рылып қалды. Студенттер үйінің ғимараттары сатылып, кейбірі жекешелен­ді­ріліп коммерциялық нысандарға айналып кетті. Сон­дықтан ел үкі­меті алдағы он жыл ішінде Сту­денттер үйінің құры­лысына деп 118 млрд теңге қаржы бөлмек.

Бағдарламада көрсетіл­гендей, жатақхананың 1 шаршы метрінің құны 450-500 доллардың көле­мін­де болмақ. Орта есеппен алғанда 1 жатақхананың құры­лысына 1,3 млрд теңге жұмсалады деп жос­парланған. Дегенмен жатақ­хана құрылысын жүргізу оңай жұмыс емес. Жобалау-сме­талық құжаттама, оның сарап­тамасы, интерьер жұмыстарын қоса есеп­тегенде бір жатақханың құры­лысына кем дегенде 2 жылдай уақыт керек. Ендеше, енді үш жыл ішінде 75 мың орындық «сту­денттер үйін» салып үлгеру ісі де ­үкі­метке үлкен сын болғалы тұр­ға­ны анық. Дегенмен елімізде «7 – 20 – 25» бағдарламасы қолға алынып, жүзеге асырыла бастады. Тек 2017 жылдың өзінде бағдар­лама аясында 11 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл еліміздің құрылыс саласындағы рекордтық көрсеткіш болғанын айтуға тиіс­піз. «Нұрлы жер» бағдарламасы да жүзеге аса бастады.

Экс Премьер екі жа­рым жылда бірқатар ауқым­ды мем­лекеттік жобаларды қолға алғанымен жүзеге асыру бары­сында түрлі кедергілерге тап бола берді. Оған жоғарыда өзі айтқан уәдесінен шыға алмауы басты себеп болса керек. Ең алдымен, үкімет мемлекеттік бағдарлама­ларды тиімді жүзеге асырудың ор­нына, пайдасыз жиындармен шек­теліп қала берді. Мәселен, 2018 жылы Қазақстанда өткізілген халықаралық және республи­калық, облыстық форумдардың саны 70-тен асып кеткен. Бұл – ұсақ-түйек басқосулар, дөңгелек үстелдерді қоспағандағы тек фо­румдардың есебі. Бұрынғы Үкі­метке Қазақстанды шикізат экс­порттаушы елден, өндірістік елге айналдыратын қадамдар жасау міндеті жүктелді. Бірақ еліміздің ЖІӨ көрсеткіші шикізат экспор­тынан түсетін қаражатқа тәуелді болып қала берді. Жоспар бойын­ша өндірістік сектор ЖІӨ-нің 13 па­йызын құрауы тиіс болатын. Алайда іс жүзінде көрсеткіш 2017 жылы 12 пайызға әрең жетті. Дамыған елдердегідей инфляция мен ұлттық валютаның құнсыз­да­нуы экономиканың әртүрлі сек­­торының өнімділігінің артуы­нан немесе кемуінен емес, сол баяғы мұнай бағасына байланып қал­­ды. Елбасы мұның барлығын Үкіметтің тиімсіз экономикалық саясат жүргізгенінен болды деп қадап айт­қан болатын. Үкіметті таратуға тағы бір себеп – әлеумет­тік мәсе­ленің түбегейлі шешіл­меуі. Халық­тың әлеуметтік жағ­дайы төмен бө­лігін қолдауға ар­налған мемле­кет­тік бағдарламалар құжат жүзін­де бекітіліп, айқын­далғанымен оны орындауға кел­генде іс ақсай берді. Жоғарыдан бағытталған қаражат нақты адрес­ке жетпеді. Осының кесірінен елі­мізде көпба­лалы аналар мәсе­лесі ушыға түсті.

Таяуда өткен Nur Otan партия­сы Саяси ке­ңесінің кеңейтілген оты­ры­сын­да Қазақстанның ­Тұң­ғыш Пре­зиденті – Елбасы Нұрсұлтан На­зар­баев: «Бүгін біз Премьер-министр баяндама­сынан сай­лауалды уәденің 70 па­йызы орын­далғанын естідік. Тағы 30 пайызы қалып отыр. Оларды саралау қа­жет», – деп оны сарап­тауды пар­тияның Мәжілістегі фрак­ция­сына қадап тапсырды. Осы­дан-ақ жыл аяғына дейін Үкіметке жүк­телер міндеттің жүгі ауыр екенін бағамдай беріңіз.