Павлодар облысы Nur Otan партиясы филиалының Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынды Nur Otan партиясы Павлодар облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Болат Бақауов жүргізді.
Талқылауды кіріспе сөзімен ашқан Болат Жұмабекұлы саяси кеңестің маңыздылығы туралы айта келе, партияны қайта жандандырудың негізгі бағыттары мен Nur Otan партиясы облыстық филиалының міндеттеріне тоқталды.
– Баршаңызға мәлім, жақында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өткен болатын. Онда партия бағдарламаларын жүзеге асыру барысы және алдағы кезеңдегі жұмыстың басым бағыттары қаралды. Кеңесте Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық өзгерістерге байланысты партия алдында жаңа әрі күрделі міндеттер тұрғанын баса айтты, – деді Болат Бақауов.
Жалпы айтқанда, партияның облыстық филиалы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында бірнеше маңызды мәселе қаралды. Облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов әлеуметтік салада мемлекеттік бағдарламалардың облыс көлемінде іске асырылуы туралы баяндама жасады. Өз кезегінде Ақсу ферроқорытпа зауытының балқытушысы, партияның саяси кеңесінің мүшесі Ардақ Аталықов бастауыш партия ұйымдарының рөлін жандандыру туралы баяндады.
– Кеңесте нақты міндеттер қойылып, партияның белсенді мүшелерін топтастыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, биліктің барлық деңгейлеріндегі партиялық жауапкершілікті арттыру, қоғамға деген сенімді нығайту және жан-жақты үнқатысудың нақты тетіктері туралы тапсырмалар берілді. Көп нәрсе төрағалардың жұмысына, олардың әр партия мүшелерімен диалогына, мәселелерді жергілікті жерде шешуге немесе ұсыныстар енгізуге ұмтылысы мен қабілетіне байланысты, – деді ол.
Отырыста парламенттік фракция жетекшісі Айман Оспанова Nur Otan партиясының облыстық мәслихаттағы парламенттік фракциясының жұмысына қысқаша тоқталды.
– Депутаттардың назары облыс халқын толғандыратын мәселелерге: сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге, ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалануға бағытталуы керек. Кәсіпкерлікті қолдау және дамыту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын іске асыру мәселелері де негізгі орында. Ассамблея отырыстарының нәтижелері бойынша құзыретті мемлекеттік органдарға нақты ұсыныстар жасалды, осылайша жұмыспен қамту мәселелерін талқылау кезінде көпбалалы аналарды және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналарды үйде жұмыспен қамту туралы ұсыныстар айтылды. Сөз соңында айтпағым, партияға деген көзқарас аймақтарда жергілікті жерлерде қалыптасады және біздің сайлау алдындағы уәделеріміздің сәтті орындалуы барлық деңгейдегі депутаттардың тиімді жұмысына байланысты, – деді Айман Қайыркенқызы.
Жиында аймақ басшысы мәслихаттың барлық деңгейдегі депутаттық фракциялардың рөлін күшейтуді тапсырды. Болат Жұмабекұлы партия Төрағасының «Фракция батыл болуы керек, сол кезде ол беделге ие болады» деген пікірін мысалға келтіріп, партиялықтарды батыл жұмыс атқаруға шақырды. Отырыс соңында Nur Otan партиясының облыстық филиалы бюросының және саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізілді.
Әбілмансұр ЖАСАН