Атыраудың әкімі 5 миллиардқа жуық теңгені қалай үнемдегенін айтты
Атыраудың әкімі 5 миллиардқа жуық теңгені қалай үнемдегенін айтты
Фото: Интернеттен алынды
231
оқылды
Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің айтуынша, пандемияға байланысты форумдар мен семинарлар, бұқаралық сипаты басым бағдарламалар қысқартылған. Өтуі тиіс іс-шаралардың форматы өзгертілген, – деп жазады «Қазақпарат».
«Біз адам көп шоғырланатын шаралардың бәрінен бас тарттық. Бұдан бюджеттің 4,8 миллиард теңгесі үнемделді. Енді жыл соңына дейін тағы да 900 млн теңгені қысқартуды көздеп отырмыз», – деді жергілікті БАҚ-қа берген сұхбатында облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.
Ал үнемделген қаржы пандемиямен күрес шараларына жұмсалады.
«Бұл мақсатқа 2,3 млрд теңге бөлінді. Соның ішінде 777 млн теңге «Атырау ӘКК» АҚ арқылы азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорын құруға жұмсалды. Бұдан басқа 1 млрд теңге мектептерді дәретханалармен, бейнебақылау жүйесімен жабдықтауға бағытталды. Үнемделген қаржыға медициналық жабдықтар сатып алынды. Стационарларға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қаржының бір бөлігіне өкпені жасанды желдету аппараттарын сатып алуды жоспарлап отырмыз», – деді әкім.