Оқу ақысы өсе ме?
Оқу ақысы өсе ме?
199
оқылды
Осыған дейін айтылғандай, министрлік оқу орындарынан ақыны түсіруді талап ете алмайды. Өйткені бұл — студент пен белгілі бір университет арасындағы аза­маттық-құқықтық қатынас. Десе де, БҒМ жоғары оқу орындарынан барынша түсіністік танытуын сұраған. Яғни, оқу ақысын көтермей, ыңғайы келсе бөліп төлеуге мүмкіндік беру туралы ұсыныс айтыпты. «Біз мәжбүрлей алмаймыз. Өйткені құқық­тық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Ең алдымен, қарызы бар сту­денттерге бөліп тө­леуге мүмкіндік берген жөн. Жүргізген талдауымыздың нәти­жесінде осындай мәселелер анық­талды. Сондықтан бөліп төлеуге мүмкіндік қарас­тыруларыңызды сұраймын. Екінші­ден, біз алған ақпаратқа сәйкес, біраз ЖОО қазір оқу бағасын көтеруді жоспарлап отыр екен. Сондықтан бұл мәселе бойынша да сіздерге өтініш бар – осы ахуалды біле отырып, жоғары оқу орын­дарында бағаны өсірмеу. Бұл өте маңызды. Сондықтан бұл мәселені сіздер қарастырып, тиісті шешім қабылдайды деп сенемін» деген еді ми­нистр университет басшыларына. Деген­мен өткен оқу жы­лында бөліп төлеуге мүмкіндік берген уни­верситеттер студент­терінің тиісті төлем жасамағанын айтып отыр. Министр бұған қатысты «мұндай мәселені заң жүзінде шешу керек» деді. Еуразия гуманитарлық институтының 2-курс студенті, жалғызбасты ана Ақмарал Омар (кейіпкердің есімі өзгертілді – авт.) жылдық оқу ақысын төлеу үшін бір уақыт­та бірнеше жұмыс істеген. Қазір карантинге байланысты ол жұмыс орын­дары жабық. Тіпті, 42 500 теңге төлемін де оқуына төлепті. «2019 жылы осы оқу орнының ақылы бөліміне түстім. Оқу ақысы жылына – 335 мың теңге. Анамның тұрақ­ты жұмысы жоқ. Әрі туыстардан да ешкім көмектеспейді. Сол себепті оқу ақысын өзім төлеуге мәж­бүрмін. Бір жыл­дың ішінде түрлі жерде жұмыс істедім. Тұрақты жұмысқа тұруға мүмкіндік болма­ды. Себебі кесте сәйкес келмеді. Жер-жер­ден тір­нектеп тауып, ақыры биылғы оқу ақысына жеткіздім. Бірақ наурызда панде­мия жарияланған соң университет­термен бірге мен істеп жүрген жұмыс орын­дары да карантинге жабылды. Екі айға берілген 42 500 теңге жәрдемақыны да оқуыма төледім. Негізі, келесі оқу жылының ақы­сын биыл жазда үш ай толық жұмыс істеп, жинаймын деп жоспарлап отырғам. Оны­мен карантин созы­лып кетті. Бұлай жалға­са берсе, оқу жылының ба­сында 30 пайы­зын төлей алмай қала­мын», – дейді Ақма­рал. «Тұран» университетінің ректоры Рах­ман Алшанов баға көтерілмейтінін, қайта грант­тарды көбейтіп жатқанын айтып отыр. «Кейбір оқу орындары бағаны көтереміз депті. Бірақ біздің университет жоспарында ондай жоқ. Керісінше біраз студентке жеке грант­тары­мызды бере­міз», – дейді ректор. stydenti1 AlmaU университетінің ректоры Ербол Сүлейменов неліктен бағаны төмендете алмайтынын түсіндірді. «Біріншіден, біз оқу ақысын көтеруді жоспарлап отырма­ғаны­мызды айта кетейін. Былтырғы деңгейде қалдырдық. Яғни, бакалавриатта орташа баға – 1,1 млн теңге. Ал енді оқу ақысын азайтуға қатысты айтсам, кез келген тауар­дың құны болады. Ол құн түрлі шығындарға байланысты белгіленеді. Карантинге дейін күніне 5-6 сағат қана уақыт бөлсе, қазір он сағаттап жұмыс істейді. Осы тұрғыдан алғанда «үйден істеп отыр­ғандықтан аз жұмыс істейді» деу қи­сын­сыз. Кез келген оқытушыдан сабақ берудің қай форматы ұнайтынын сұрасаңыз, дәстүрлісі оңайырақ екенін айтады. Өйткені онлайн­да жүктеме көбірек. Тиісінше, оның ақысы да төленуі тиіс», – дейді оқу орын басшысы. Осы ретте оқытушылардың пікірін білдік. С.Демирел университеті, әлеуметтік ғылым­дар кафедрасы меңгерушісі, Мадияр Саудбаев расында, онлайн форматтың жүгі ауыр екенін айтып отыр. «Аудиториядағы сабаққа қара­ғанда онлайн дәріс студентке де, оқытушыға да қиындау. Бірінші кезекте жауапкершілік тұрғысынан. Тағы бір қиын тұсы – авторлық құқық жағы. Мысалы, біз сабақ өтіп жатқанда түрлі еңбектерді аударып, сілтеме беріп, түсіндіреміз. Сабақ видео­жазба түрінде сақталып, студенттерге жібері­леді. Сөйтіп, таралып кетуі де мүмкін. Одан кейін сту­денттерді бақылап отыру оңай емес. Былай қарағанда, оңай көрінгенімен, оқытушының уақытын алатын жайттар көп. Студенттерге не үшін қиын десеңіз, бұрын аудиторияда өткенде 70 пайызға жуығы ғана сабақ айтса, мынада үй тапсырмасын бәрі орындауы тиіс. Қалай десек те, онлайнның жүгі ауыр. Бірақ қашықтан оқу мүлдем басқа. Мұнда кері бай­ланыс жоқ», – дейді университет оқы­тушысы. Онлайн оқу кезінде оқытушылар дайын­дығына кей студенттер риза емес. Сонымен бірге сабақта уақыт алатын фактор көп болады екен. Тұран-Астана уни­верситетінің студенті Айдана Қадыр (кейіп­кердің есімі өзгертілді – авт.) оқу ақысын төмендетпесе, академиялық демалыс алуға бел буып отыр. «Онлайн оқу бізге тиімсіз екен. Оқытушылар дайын емес. Бәрі бір уақытта кіргенде бірде дауыс шықпай қалады, енді бірде интернет қатып қалады. Сөйтіп, «анау жоқ, мынау дұрыс емес» деп отырып сабақтың аяқ­талатын уақыты да болады. Мұндай оқу үшін ақы төлеуге қимаймыз, шыны керек. Төле­ген соң соған сай білім алғымыз келеді. Одан қала берді оқу ақысын төлеу де қиындады. Ата-ана болсын, студент болсын қосымша жұмыстан айырылды. Егер жылдық ақы азаймаса, академиялық де­малыс алуға тура келеді», –  дейді студент. Министр жаңа оқу жылында бака­лавриат студенттері қашықтан оқуды жал­ғас­­ты­ратынын айтқан. Зертханалық сабақ, өнді­рістік оқыту не тәжірибеден өту керек болғанда ғана жағдайға қарай өзгеруі мүмкін. Басқалары қашықтан оқиды. Аймағамбетов бұған қатыс­ты арнайы нұсқаулық әзір­ленгенін айтқа­нымен, нақ­тылай қоймайды. Сонымен бірге магис­транттар мен докто­ранттардың оқу тәртібі бекітілген жоқ. Оқу орындарының көбі оқу ақысын көтермесе де, түсірмейтін сияқты. Жұмыссыз қалған ата-ана, қосымша жұ­мысынан айырылған  студенттің күні не болары да белгісіз.  

Жадыра АҚҚАЙЫР